« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Алыстап кеттім, өзіңде өстім,
Бұрыс демейді, сөзімді ешкім.
Ақмешіт, сенің төсіңде қалған.
Өшіре алмайды ізімді ешкім.
Ұмытылмайды бала кезім де,
Өткеннің бәрі қалады есімде.
Мұңайып менің сағынышым тұр,
Ақмешіттің әрбір терезесінде.
Қалмайыншы деп соңында көштің,
Сия алмай емес, қия алмай көштім.
Қағаздан атым сызылса-дағы,
Жүрегіңнен мені сыза алмайды ешкім.
Өзіңді әр кез тірегім дедім,
Жүрегімдесің, жүрегіңдемін.
Азаматың боп қаламын мәңгі,
О, қасиетті Сыр елім менің!
АҚМЕШІТТІҢ АЗАМАТЫ
Әлжіков Орынбасар ініме
Адамдар бар пейілі өзгермейтін,
Алып қашпа қисынсыз сөзге ермейтін.
Білмейді олар бұрышқа тығылуды,
Жүрмейді олар қуыста көз көрмейтін.
Санасы да, сөзі де биіктеген,
Ұяламас ойына күдік деген.
Бермейді олар достарын қиянатқа,
Жүрмейді олар бастарын иіп төмен.
Білетұғын қашанда өз бағасын,
Қуанышына өзгенің мәз болатын.
Жылу жинап аласың жаныңа мол,
Жүрсең егер жаныңда аз ғана күн.
Жібермейді ойларын тайғанатып,
Отырады әр сөзін ойлап айтып.
Елдің барлық абырой, намысын да,
Соған ғана, сияқты, қойған артып.
Басшы орынның біразын көрген жайлап,
Намысына талайдың болған қайрақ.
Қызықпаған билікке, байлыққа да,
Мағынасыз бір күндік жалғанды ойлап.
Ел ажарын азамат ашып тұрған,
Мінезіне талайды ғашық қылған.
Ақмешітте сондай бір Азамат бар,
Талайлардан ақылы асып туған.
Ауытқымайды жүретін кісіліктен,
Азаматты айтамын осы деп мен.
Сырты салқын сияқты боп тұрса да,
Осы жанның қашанда іші көктем.
Сөгілмеді іргеміз әлі күнге,
Көңілдегі, осы жан, көрігім де.
Туған жердің сияқты бәйтерегі,
Елді аңсасам, аңсаймын оны бірге.
Мақтау емес бұл сөзім, шыным менің,
Бұндай жанмен көрікті бүгінгі елім.
Ешкім сүріндірмесін деп тілеймін,
Ол сүрінсе-менің де сүрінгенім.
Жақсы жандар қашанда бағыңды ашар,
Солар үшін жаныңды жалынға сал.
Орнын басып кешегі саңлақтардың,
Болсын елде осындай Орынбасар!
НҮКТЕ
Көбеюде нүктесіз сөз, сөйлемдер,
Тыныс белгі қоя алмайды өлгендер.
Болды қазір үтір қоя салатын,
Бұған дейін нүкте қойып келгендер.
Үтірден соң «бірақ» пенен «сосын» бар,
«Мүмкін» менен «алайда»-ны қосыңдар.
Қай сөйлемге, қай уақытта, қай күні,
Қашан нүкте қойылады, тосыңдар.
Нүкте керек, бізге нүкте көп керек,
Ойларыңды кездестірер жекпе-жек.
Онда өмір не болады, бір күні,
Үтірлер де кетіп қалса өкпелеп.
Нүктесі жоқ сөйлемдерге шашалып,
Мағынасыз талай тірлік жасадық.
Өзінше ой айта алады қашанда,
Әр нүктеден кейін тұрған Бас әріп.
Ережені сақтамаудың кесірін,
Қандай екен, көріп жүрміз осы күн.
Қала-тұғын түріміз бар, нүктесіз,
Үтірлерге жасай берсек кешірім.
Арам шөптен тазартқандай жер бетін,
Өтеу үшін сөйлемдер өз міндетін.
Нүктелерді қою керек ойыңның
Келістіріп тұратұғын келбетін.
Бұл өмірде нүктесіз,
Ешқашанда көрген жоқпыз біткен іс.
Үтірменен аяқталар ойлардан,
Мағыналы ештеңе де күтпеңіз.
СӨЗ САЛМАҒЫ
«Алтынды көрсе періште жолдан таяр»-дейміз неге?
Айтады-ау біздің қазақ та, ойланбай кейде,
Жұмақты қолмен орнатып қойғандай жерге.
Періштені де жолынан тайдыра салар,
Өздері түзу жолынан тайғанда кейде.
Періште сонда періште болады қалай,
Алтынды көрсе жолынан таяды оңай.
Құныққандардың кейінгі айтқаны шығар,
Айтпаған шығар қазақтар баяғыда олай.
Еркек арбаған көргендей сайқалдың көзін,
Айналайын деп ұққандай айқайдың өзін,
Қасиетті сөз деп бүгінде қолданып жүрміз,
Періштемін деп оттаған сайтанның сөзін.
Өзімізді өзіміз кей-кейде алдау үшін де,
Тоймайтын терең құлқынды қорғау үшін де,
«Алтынды көрсе періште жолдан таяд» деп,
Жарық дүниенің өзгерттік тербелісін де.
Бұрмайтын жандар айтқан-ау құранға бетті,
Таба алмай қойдым ойланып бұған себепті.
Біз түсінетін адалдық-періште ғана,
Құдайдан қорқып, ойпырмай, ұялсақ етті!
ОЙ
Шындық үшін шырқырап, шырылдаған,
Бір ой келді басыма бүгін маған.
Ойда жоқта әйтеуір атып шықты,
Көңілімнің тесігін тығындаған.
Айтпасам ба, айтсам ба, деп ойланып,
Жүрді ішімде осы ой арайланып.
Тағы келді жанашыр досым сынды,
Тыныш жүрген басыма тағы айналып.
Бір ойыма бір ойым тамшы болды,
Бір ойыма бір ойым қамшы болды.
Келіп тұрып, халымды көріп тұрып,
Бір ойыма бір ойым қарсы келді.
Ой мұхиттың тұрғандай жағасында,
Ойдың не бір табасың жаңасын да.
Арпалысқан ойлардың арасында,
Өшіп қалып жатасың, жанасың да.
Келіспесін, келіссін оқырманым,
Ойларыңның шешпейді ақыл бәрін.
Әлі сәні келмеген ойларыңмен,
Әрі-сәрі боп сосын отырғаның.
Қиялыңды қияға сайрандатқан,
Ой қайтады қонақтай тойдан қайтқан.
Бал татитын ойларым дәмі қашып,
Көже ішкендей боламын айран қатқан.
Жаны ашитын туыстан, достан жеріп,
Өз-өзіңнен кей-кейде қашқың келіп...
Арпалысқан осынау ойларыңнан,
Арашалай алмайды ешкім келіп.
Ойым дұшпан екен деп уайымдама,
Саяз оймен саязда қайырлама.
Ойың сенің уақытың, базарың да,
Бақытың да, азабың – ойың ғана!
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |