ҚАЛАМГЕР ҚАРЫМЫ

Жуырда Бесарық ауылдық округінің кітапханасында көрнекті жазушы Сайын Мұратбековтің "Жусан иісі” және "Басында Үшқараның” атты повестері бойынша оқырмандар конференциясы өтті. Шара мақсаты, "Бір ел бір кітап акциясына” қатысу, үздік шығармаларды халыққа кеңінен танытып оқу мәдениетін дамыту, жастарды отаншылдыққа, өнегелікке тәрбиелеу, әдеби-көркем кітаптарды оқуға тарту болып табылады. Конференцияға ауыл әкімі Ә.Абдуллаев, әкімгершілік қызметкерлері, тұрғындар мен өнер мектебінің мұғалімдері, ұстаздар және оқушылар қатысты.

Оқу орталығында "Шеберліктің шыңына шыққан шебер” атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітапханашы Ш.Қайырбергенова жазушы кітаптарына шолу жасап, заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертті. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі А.Есенбекова "Жусан иісі” повесін оқырмандармен және оқушылармен бірге талқылады. Жазушының танымал "Жусан иісі” повесі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл балаларының бастан кешкен ауыр кезеңін, ел тұрмысын, қайғы-қасретін шынайы суреттейді. Шығармадағы бас­ты кейіпкер Аяның тағдыры конференцияға қатысқандарды бей-жай қалдырмады. Одан көп нәрсе үйренуге, яғни батылдық, жігерлік, адамгершілік қасиеттерді өздерінің бойынан көруге талпынды. "Жусан иісі” повесінен қойылған сахналық көріністе ойнаған оқушылар да өте шынайы да шебер ойнап шықты. Бұл көрініске өнер мектебінің мұғалімі С.Мұстафаев үлкен үлес қосты.

Шара соңында өнерлі оқушылар Отан, туған жер туралы бірнеше ән орындады. Белсенді оқырман М.Оразбеков конференцияның мазмұнды да қызықты өткенін айта келіп, ризашылығын білдірді.

Нұрбек Сағатұлы.


РУХАНИЯТ 24 шілде 2014 г. 853 0