« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасы Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Ерсайынқызы Картаеваның «Сыр өңірі қазақтары: тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы)» атты 2 томдық монографиясын ғылыми айналымға ендірді.
Монография авторы Т.Е.Қартаева тарих ғылымының этнология, мұражайтану салалары бойынша елімізге белгілі мамандардың бірі болып табылады. Және де оның кіндік қаны тамған жері – осы Сыр өңірі. 1990 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының тарих және француз тілі мамандығын үздік дипломмен бітіріп, жас маман ретінде қалдырылады да, оқытушы болып бірнеше жыл жұмыс істейді.
1994-1999 жж . — Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аспирантурасында оқып, 07.00.07 – этнография, этнология және антропология мамандығы бойынша «Туркестанские ведомости» газетінің (1870-1917 жж.) қазақтарға қатысты тарихи-этнографиялық деректілігі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бүгінгі күні Т.Е.Қартаева әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің доценті қызметін атқарып жүр. Ол 150-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. 2010 жылы Н.Оңдасынов атындағы арнайы стипендиямен, ҚР Тәуелсіздігінің 19 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы», 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медалі» мемлекеттік наградаларымен марапатталған.
Т.Е. Картаева «Қазақ халқының дәстүрлі мұраларын жинау, жүйелеу және жариялау» атты іргелі ғылыми жоба аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қызылорда» далалық этнографиялық экспедициясын (2012 – 2014) басқарып келеді. Автордың осы аймаққа қатысты этнографиялық зерттеулері ҚРБжҒМ Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитеті бекіткен басылымдарда, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Түркия мемлекеттерінің ғылыми басылымдарында, Халықаралақ және Республикалық конференциялар жинақтарында жарияланып жүр.
Монографияның 1-ші томында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі аралығында Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында орналасқан Перовск, Қазалы уездерінің саяси-әкімшілік бөлінісі, қазақ ауылдарының этнографиялық сипаты қарастырылған. Сыр өңірін мекендеген ру-тайпалардың этникалық тарихы, дәстүрлі мал шаруашылығын жүргізу әрекеттері, ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі көшпелі шаруашылықтан жартылай отырықшылыққа өту үдерісіндегі бетбұрыстардың бағыттары ғылыми тұрғыда сараланған.
Автор Сыр өңірі қазақтарының этникалық тарихын саралау барысында тарихи дәуірлерге шегініс жасаған. Ол ежелгі тайпалардың Сырдария аңғарына қоныстануы тас дәуірінен бастап бірнеше тарихи дәуірлер мен кезеңдерді қамтитындығына, Сырдария оазисі мен Арал ареалы ерте тұрғындардың, андроновтықтардың, байырғы сақ-массагеттердің, көне түркілердің мекені болғандығына, Сыр өңірлік түрік тайпаларының қазақ халқы этногенезінің қалыптасуына қатысқандығына ерекше назар аударып, Сыр өңіріндегі ру-тайпалық құрамның аса күрделі компонент болғанын атап көрсетеді. Автор Алтай өңірінен түрік тайпаларының батысқа қарай қоныс аударуы Жетісу мен Сыр өңірі арқылы өткен, одан кейінгі кезеңдерде қазақ жерінде болған шапқыншылықтар әсерінен Сыр өңірінде бірнеше миграциялық ағымдар болған, міне, осындай тарихи үдерістердің барысы нәтижесінде қазақтың үш жүзінің ру-тайпаларындағы бірқатар ру-тармақтар Сыр өңіріне шоғырланады да, Сыр өңірінің этникалық құрамын күрделендіреді деген тұжырымға келеді. Сонымен бірге автор Сыр өңірлік ру-тайпалардың ХІХ ғасырдағы қоныстану аймағы мен қазіргі қоныстану аймағындағы сәйкестікті анықтай отырып, Сыр өңіріндегі ру-тайпалар ХІХ ғасырдағы этногеографиясын сақтап қалған деген қорытынды жасайды. Бірінші томнан оқырман «Сыр – Алаштың анасы» деген тұжырымның сырын ұққандай болады.
Сыр өңірі қазақтарының шаруашылықты жүргізу әрекетіндегі іс-тәжірибелері де тарихи дәуірлерден қалыптасып жетілді. Мал жылдың төрт маусымында да табиғи жайылымдарда бағылды. Перовск уезі қазақтарының жайлауға көшуі Қарақұм, Ырғыз, Торғай, Қостанай, Сарысу, Ұлытау, Кішітау бағыттарын құрады. Қазалы уезі ауылдарының негізгі бөлігі Ырғыз уезінің жерлеріне жетіп, жазда Буратал, Ащыбұлақ, Үшқамты, Жарбұлақ және Қандай өзендеріне дейін, ал, шектілер көші бұдан да әрі Мұғалжар тауларын бойлай отырып, Ембі өзені жағасына дейін барған.
Әрбір ру-тайпаның өзіндік дәстүрлі көш жолдары қалыптасты. Қашыққа көшіп жүру Қазақстанның Батыс және Сырдарияның төменгі ағысын мекен еткен тайпаларға тән болған. Аралдың солтүстік шығыс беті, Сырдарияның орта және төменгі ағысы мен Қаратаудың баурайында орналасқан қыстаулардан бастау алатын көшу бағыттары Ұлытау жазығы, Торғай, Ырғыз, Тобыл өзендерінің аңғарларындағы жайлауларға дейінгі аумақты қамтитын. Автор «Сәтбай жолы», «Тау жолы», «Сарысу жолы», «Ұлытау жолы», «Ырғыз жолы», «Елек жолы» көш жолдарының бағыттарын ашып көрсеткен.
Монографияның 2-ші томында ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында орналасқан Перовск, Қазалы уезінде егіншілік пен бағбандықтың дамуы, қосалқы шаруашылықтардың дамуы қарастырылған. Сыр өңірі қазақтарының дәстүрлі материалдық және рухани мәдениеті кешенді тұрғыда зерттеліп, Сыр қазақтарының этнографиясына басқа өңір қазақтарының этнографиясымен салыстырмалы сараптау берілген.
Сыр өңірі байырғы егіншілік оазисі болғаны белгілі. Сыр өңіріндегі ежелгі қала-қоныстар орнындағы астық сақтайтын ұралар, суландыру жүйелерінің іздері тарихи дәуірлерде егіншіліктің дамығанын дәлелдейді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі көшпеліліктен жартылай отырықшылыққа өту кезеңі өлкеде егіншіліктің дамуын қарқындатады. Сырдарияның төменгі ағысы, Арал теңізі, Сыр өңіріндегі көлдер бойы балықшылық кәсібінің ерекше дамыған аймағы болды. Балық аулаудың түрлі әдіс-тәсілдері қалыптасты. Аңшылық жергілікті қазақтардың мал шаруашылығымен қатар айналысқан кәсібі болды. Жергілікті жердің ерекшелігіне орай кереге құру (жолбарыс аулауға), шатыр құру, қуалап аулау, тұзақ құру, тор жабу, тұзақ құру, қақпан құру, атып алу сияқты дәстүрлі әдіс-тәсілдерін қалыптастырды.
Сыр өңірінде сыртқы сауда-саттықтың дамуының тарихи тамырлары сақ-массагет, қаңлылар дәуірінен басталады. Тарихи дәуірлерде Ұлы жібек сауда жолының Сыр өңірі арқылы өтуі - Сыр өңірін шығыс және батыспен жалғап жатса, бұл тарихи дәстүр ХІХ ғасырда да жалғасын тауып, Сыр өңірінің үстінен өтетін Үргеніш, Хиуа, Бұқара, Хорезм өңірінен бастау алатын керуен жолдары Омбы, Орынборды, одан әрі батысты жалғап жатты. Сырдарияны кесіп өтетін бір керуен жолы Сарысу, Ұлытау, Кішітау арқылы Томскіге апарса, тағы бір керуен жолы Бетпақдала арқылы солтүстік-шығысты жалғап жатты. Сыр өңірінен бірнеше керуен жолдарының кесіп өтуі өңірде керуенбасы, кірекеш, ақшомшы, шапар кәсіптерін дамытқан, кеме, сал сияқты қатынас құралдарын жасау мен оның қолданыс аясы жетіле түскен.
Сыр өңірі қазақтарының дәстүрлі материалдық мәдениеті жергілікті жердің табиғатының ерекшелігіне қарай қалыптасты. Дәстүрлі баспана соғу ісінде бастырма, жертөле, жеркепе, қақыра, шым-үй, шошала, өлшек сияқты баспана түрлерін иемденген. Дәстүрлі киім түрлерін жергілікті жердің климатына қарай бейімдеген. Тұрмыстық және шаруашылық бұйымдарды саралағанда тек Сыр өңірлік аймақтағы ерекшелігі бар бұйымдар қамтылған. Дәстүрлі тағамдар жүйесіндегі айырмашылық осы өңірдегі қазақтардың дәстүрлі шаруашылығымен, тағы да экологиялық ортасымен байланысты қалыптасқандығы айғақталған.
Сыр қазақтарының рухани мәдениетінің айырмашылығын халықтық білімдер жүйесінен, отбасылық әдет-ғұрыптардан көрінеді. Сыр қазақтарының наным-сенімдер, ырым-тиымдар жүйесі байырғы архайкалық діни-нанымдардың күнделікті өмірге кірігуімен байланысты қалыптасқан. Сыр қазақтарының некелесу мен құда түсуі, өлікті жерлеу дәстүрлерінде байырғы көне дәстүрлер жиынтығының негізгі элементтері сақталып қалған. Сыр қазақтарының тіліндегі этнографиялық сөздер әр тақырып аясына топтастырылған. Сыр қазақтарының тілінде этнографиялық сөздердің мол болуы, оның тұрмыс-тіршіліктің барлық салаларынан көрініс табуы Сыр өңірінің шығыс пен батысты жалғап жатқан ареалда орналасуы және жергілікті халықтың негізгі денін қазақтар құрағандығымен байланысты болады.
Автор ру-тайпалардың қоныстануы, керуен жолдары, көш жолдары, суландыру жүйесінің карталарының, қыстау атауларының жүйесінің, дәстүрлі шаруашылықтың дамуын, Сыр өңірі қазақтарының этнографиялық келбетін айғақтайтын көне фотоқұжаттарды ұсына отырып, монографиясының ғылыми құндылығын одан әрі арттырады. Монографияда келтірілген әрбір фотоқұжаттың маңызы өте зор деуге болады.
Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясын біртұтас еңбек ретінде «аймақтық этнография» бағытында қарастырудың, сол арқылы қазақ жерінің басқа өңірі қазақтарымен айырмашылығын айқындаудың этнография ғылымы үшін маңызы зор. Осы монографияның ішкі мазмұнындағы мәліметтер Сыр өңірін «этнографиялық аймақ», «қазақы аймақ» ретінде тануға толық мүмкіншілік береді.
Берекет Кәрібаев,
ҚР ҰҒА корр.- мүшесі,
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |