ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ЕҢБЕГІ ЕРЕН БАСЫЛЫМ

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ЕҢБЕГІ ЕРЕН БАСЫЛЫМ

Сонау 1934 жылы 10 қаңтарда Қаракеткен МТС-ның саяси бөлімінің құрылуына байланысты "Колхозшы” деген атпен жарыққа шыққан аудандық басылым, одан кейін "Күрішшілер”, "Коммунизм үшін”, "Коммунизм шамшырағы”, "Жаңадария” атауларымен елге етене таныс болса, бүгінде "Жалағаш жаршысы” қоғамдық саяси газеті қалың бұқараның қалтқысыз құрметіне бөленіп келеді.

...Ең алғаш аудандық газет редакциясының табалдырығын аттаған сәтте-ақ киелі шаңырақтың қадір-қасиетін жан-тәніммен сезіндім. Олай дейтінім, ой-санасы әрдайым шырмауық сырдың жетегінде жүретін, жан дүниесі жас баладай нәзік шығармашылық өкілдерінің "дертіне” дауа болар бірден-бір құтты орын осы еді. Бұл шаңыраққа өмірден опық жеген, қоғамнан орын таба алмай адасып жүрген талай жандар келіп, жан сырын бөлісетін. Сондай сәттерде қара шаңырақтың қадірін арттырып, халқының қамы үшін қара басы дауға қалып жүретін қаламгер ағаларымыз көмекке мұқтаж көптеген жандардың қолтығынан демеп, өміріне дұрыс бағыт-бағдар сілтеп жіберуші еді. Міне, бүгінде 80 жылдың шежіресін бауырына бүккен аудандық "Жалағаш жаршысы” басылымы тарихтың сан алуан талқысынан өтсе де, абырой беделін әсте түсірген емес. Қайта қоғамның қат-қабат қайшылықтарына қарсы тұрып, шығармашылықтың шынайы сүрлеуінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Айталық, сонау кеңес өкіметінің тұсында қоғамдағы қилы-қилы қайшылықтарға қарсы қалам тартып, заман сарынына лайықты үн қоса білген Темірше Сарыбаев, Зордан Салықбаев, Мырзамұрат Ілиясов, Тұрсынбай Тәшен, Қалқаман Нұрғалиев, Асқар Кіребаев, Жұмабек Әбжәмилов, Бексейіт Шайланов, Жақсыбай Сарбалаев, Мәлік Аяпов, Ізбасар Мұстафаев, Ахмет Тілеулиевтердің көз майын сарқып қалдырған қолтаңбаларымен жүздескен сайын жан дүниеміз жаңарып, бір жасап қалатынымыз ақиқат. Сондай-ақ бүгінде еліміздің әр түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүрген әріптестеріміз–Айжарық Сәдібеков, Құлтас Дос­тан, Елена Әбдіхалықова, Миуа Байназарова, Бейбітбек Бүркітбаев, Еркін Әбіл, Бибайша Алпысбаева, Бибігүл Дәулетбекқызы, Динара Мәліковалардың біздің басылымнан еңбек жолын бастағанын әр кез мақтанышпен айта аламыз.

Әлі есімде 1999-2000 жылдары аудандық газет тарихындағы аса ауыр кезең еді. Ұжымда редакция және бас­пахана саласы бойынша жиырмадан астам адам жұмыс жасайтын. Шынын айту керек, сол адамдар жылына екі рет, кейде бір-ақ рет толық айлық алатын. Ара-тұра ақшалай, ал көбіне азық-түлік, көкөніс, немесе отын-су тауарларымен еңбекақыларын есептесетін. Әйтсе де, олардың рухы биік, тілектері адал, тірліктері түзу, жүздері жайдары еді. Талай-талай аузы дуалы, ақылы кемел азаматтар осы орында бас қосып, таңдаулы тақырыптар, толғақты мәселелер төңірегінде ой бөлісетіні осының нақты дәлелі.

Бір қызығы, олар үлкен-кіші демей, қаламгерлердің пікіріне құлақ асып, санасып отырушы еді. Осындай сенім жүгін арқалай жүріп есейдік. Елге қызмет етудің төрде отырып төрелік айту емес, қандай бір қиын шақтарда ар-намысың мен адамгершілік болмысыңды сақтап, адал еңбек ету екенін ұғындық. Қазақтың қара сөзінің қаймағын қалқып, қадірін түсірмеуді, сол секілді мемлекеттік саясаттың мейлінше дұрыс насихатталуына мән беруді меңгердік.

Жалпы қай кезеңде, қай қоғамда болса да жергілікті басылым ауданымыздың идеологиялық күш-қуатына, рухани қазынасына айналды. Оған дәлел, кешегі ел Тәуелсіздігі жарияланған алғашқы жылдары мемлекет қазынасы мүлдем бос, экономикалық әл-ауқатымыз өте төмен болды. Еңбекақыны айтпағанда, зейнетақы мен жәрдемақы төлеудің өзі де үкіметтің мойнындағы күрделі мәселенің бірі еді. Жасыратын несі бар, елдің келешекке деген үміттен гөрі күдігі басым болды. Сол уақытта аудандық басылым бір ғана ауданның емес, бүкіл қоғамның мойнындағы жүкті қаймықпай көтере білді. Яғни, газеттің әрбір санына еліміздің кемел келешегі, Елбасының салмақты саясаты өңірімізде қолға алынған жарқын жобалар жайлы мақалалар үздіксіз жарияланып отырды. Қарымды қаламгерлердің еңбегі еш кетпей, осындай рухани жігері басым туындылар елдің ертеңге деген сенімін қалыптастырды. Жарқын болашаққа деген үміттерінің сәулесін өшірмеді. Демек, өз бастары әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет етіп тұрса да, Отан алдындағы адамгершілік борыштарын адал атқарып, қалың бұқараның ортасында саяси тұрақтылықтың қалыптасуына зор үлесін қосқан баспасөз өкілдерінің еңбегі әр кез құрметке лайық деп ойлаймын.

Жыл басындағы жаңа өзгеріс-"Жалағаш жаршысы” газеті "Сыр медиа” ЖШС құрамына біріктірілді. Мұндағы мақсат-қаламгерлердің шы­ғар­ма­шылық еңбегіне моральдық-материалдық тұрғыдан қолдау көрсету және жылдам әрі сапалы ақпарат таратуға жағдай жасау болып табылады. Құрылымдық өзгерістерге сәйкес "Сыр медиа” ЖШС-ның құрамына 12 газет және ақпараттық сараптамалық орталық біріктіріліп, 300-ге жуық мамандары бар үлкен шығармашылық орта қалыптасты. Осы орайда қаламгер қауымға жүктелетін міндет – газеттің рухани сапасын арттырып, оқырмандарымызды мерзімді ақпаратпен тұрақты қамтамасыз ету. Бұл бағытта "Жалағаш жаршысы” газетінің ұжымы да жоғары деңгейде жұмыс жасап, талап деңгейінен табылатынына толық сенім білдіремін.

 

Ғазиза ӘБІЛДАЕВА,

"Жалағаш жаршысы” газетінің бас редакторы,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.


РУХАНИЯТ 28 маусым 2014 г. 2 106 0