ЖҮРЕГІНЕН НҰР ТӨГІЛГЕН

Өз басым "өткен күнде белгі жоқ” дегенге оншалықты илана бермеймін. Бірі біріне жалғасқан күйбең тірліктің жан-жағымызға мойын бұрғыза қой­май­тынына мән бермейміз де, қи­мас та тәтті сәттеріміздің ақырын-ақы­рын шегініп алыстап кеткенін бір-ақ білеміз. Әйтпесе, көрші ау­ылдың баласымен сөз байласып, отау құрған Бимария апамның со­ңынан тұлымшағым желбіреп киім апар­ғаным кеше ғана сияқты еді, қазір өзім де зейнеткерлікке бойұсынып қа­лыппын. Өткенге ой жібере қарасам, өмір-өзен ағысы өз арнасымен ілгері жылжып, менің өзімді де талай белестен өткізіпті. Мен бұл күндері сағынышқа айналған балалық, жастық шағым, оқушылық, студенттік, сосын қызметтегі кезеңдерімді қазір бәріміз Биапа атап кеткен Бимариясыз елесте­те алмаймын. Оның да өзіндік себебі бар. Ол тек біздің әулетке ғана емес, қайын жұртына да пана да, қорған да, қамқоршы да ақылшы бола білді.

Апамның өмір жолы біз үшін үлгі-өнегеге толы. Оның өмірге келгенінің өзі бір дастан. Әкеміз Қалжан Тілеу­бергенов артельдің алғашқы құрылған кезінде астындағы жалғыз атын үш рет колхоз меншігіне беріп, ер-то­қымын арқалап қайтқан жан екен. Анамыз Ұмытқан екеуінің отбасында 1932 жылғы қызы Үржаннан кейінгі төрт баласы шетінеп кетіпті. Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып орал­ған әкеміз басқарма бастығының орын­­басары, бригадир болып еңбек еткен. Анамыз күндіз-түні бел жазбай кетпенмен канал қазып, балық аулап, бар бейнетті белшесінен кешіп жү­ріп, 1944 жылы осы Бимарияны дү­ниеге әкеліпті. Бір бұл емес, өмі­рінде он үш құрсақ көтерген анамыз Ұмытқан ел басына ауыр күн туған сол жылдары үлгірсе үйде, үлгірмесе жұмыс басында әлдебір қалқаның та­сасында босанатын көрінеді. Сосын табылған қалжасын жеп, жаңа ту­ған перзентін жұмысшылардың бала­ла­рына қарап отырған Мәріш есім­ді әйелдің қарамағына беріп, өзі қай­та жұмысқа шығады екен. Оның үс­тіне әкеміз «бастықтың әйелі үй­інде отыр» деген әңгімеге қалмас үшін алдымен жас босанған әйелін жұ­мысқа шығаратын көрінеді. Ол кезең адамдарының қоғамдық мүддені бәрі­нен жоғары қоятынын осыдан-ақ аңға­руға болады. Міне, Бимария апам осын­дай отбасында өмірге келді.

Апам бес жасында анаммен бірге жүріп жүгері егіпті. Оны көріп, әкем «біздің әулетке азамат келді» деп ағыл-тегіл жылаған көрінеді. Сол сөз періштенің құлағына шалынғаны ма, әлде шынайы көңілден айтылғанынан ба, әйтеуір ол еңбекке ерте арала­сып­ты. Жамбыл ауылындағы мектептің 8-сыныбында оқып жүргенінде кол­хоздың бас есепшісі Қоныс Ибра­ги­мов мектеп директоры Нұртаза Жан­қабыловқа барып, есепке жүйрік бала сұрапты. Мұғалімдер бір ауыз­дан Бимарияның есімін атапты. Ал­дымен бір айға шартты түрде алуды жоспарлап отырған колхоз басқармасы үш күннен соң-ақ оған ағам бұйрық берген. Бимарияның колхоз кеңсесінен бас­тау алған есепшілік қызметі зейнет­керлікке шыққанға дейін жемісті жалғасты. Жамбыл атындағы колхоз­дың Комсомол ауылдық кеңесінің, аудандық аурухананың бас есепшісі қызметтерін абыройлы атқарған ол талай марапаттауларға ие болды.

Апам өзінен кейін өмірге кел­ген жеті бауырының бәріне де қам­қор болды. Әке-шешеміз жастайы­нан көрген бейнеті мен соғыс ауырт­палығын көп тартқаннан болар өмірден ертерек озды да, біздің бар салмағымыз әпкемнің иығына түскендей еді. Иә, ол бізге жанашыр, қамқор болып қана қойған жоқ, бізді еңбекке, шын­шылдыққа, біреудің ала жібін атта­мауға тәрбиеледі. Еңбектің наны тәтті екендігін, біреуге алақан жаюдың оғаш­тығын санамызға құрғақ сөзбен емес, өзінің іс-қимылымен, ақыл-па­расатымен сіңіре білді. Бүлдірілген іске ашу шақыру, әлдекімге жекіру, жек көру, біреудің сыртынан ғайбат сөз айту оның болмысына жат еді. Би­ма­рия апам туралы айтқанда оның өмірлік жары Әкімбай аға жайында сөз қозғамау мүмкін емес.

Әкімбай Әубәкірұлы мінезі орнық­ты, досқа адал, өзім деген жанға өзе­гін жұлып беруге бейім жан-ды. Қы­­зылордадағы пединституттың орыс тілі мен әдебиеті факультетін бі­­ті­­ріп, алғашқы еңбек жолын Жам­был кеңшарындағы №147 орта мек­тепте мұғалімдіктен бастады. Аудан­дық комсомол, партия коми­тет­терінде бөлім меңгерушісі, нұс­қау­шы қызметтерін атқарған жез­дем елге сыйлы азамат еді. Оның өз тұстастарымен құрдастық әзіл-қал­жы­ңы мен майын тамыза айтқан әң­гімелері көпшіліктің көңілінде әлі сақтаулы. Әпкем екеуінің бір-бірі­мен сыйластығы, татулығы, жан­ашыр­лығы бізге ғана емес, достарына, ауыл­дастарына үлгі еді. Әттең, өмір­ден ерте озды. Бұның өзі де ерін өмір бойы пір тұтқан Биапама үлкен сынақ болды.

Бимария апам өзінің сабырлы қалпынан бір аумайды. Қажылыққа екі рет барып қайтты. Екінші рет­те жары Әкімбай үшін барды. Әбе­кеңнің жанының тазалығы болар, апам "сапарым сәтті әрі жеңіл өтті” деп қуанатын. Кейде апамның қайрат­тылығына, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына таңғаламын. Қажылық­қа үшінші рет анасы үшін баруды мақсат етіп, жолға жиналды. Алайда, әні-міне жолға шығамын деп отырған­да оның қан қысымы көтеріліп кетті...

Бимария мен әкемдей болған Әкім­бай ағадан өрбіген Алтынай, Гүлсінай, Асқар, Абай, Айзахан – бәрі де жоғары білім алды, отбасылы, өз мамандықтары бойынша абыройлы қызмет етуде. Өздерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, әкелерінің орнын жоқтатпай келе жатқан аяулы аналарын әлпештеп отырған жайлары бар. Биапам қызмет бабымен өзге қалаларда тұратын ба­ла­ларының қолына баруға көпке дей­ін келісім бермеді. Сондағысы жа­рының жатқан жерінен жырақ кеткісі келмегені еді. Кейін ойлана келе балалары мен немерелерінің ортасында болуға шешім қабылдады. Отағасы мен балаларына құт мекен болған қара шаңырақты мешітке беруді жөн санады. Анасының тілегін жүрегімен қабылдаған үлкен ұлы Асқар Қызылжарма ауылынан мешіт салып беруді өз мойнына алып, уәде үдесінен шықты. Көркі көзтартарлық имандылық үйінің аты мен имамын бекітуді халықтың өз қалауына салды. Көпшілік жаңа тұрғызылған мешітке Алдажар жәме есімін берді. Асқар інім оның имамы мен қызметкерлерін өзі қаржыландырып келеді.

Иә, бүгін маған барлық жағынан үлгі болған апам Бимария Қалжанқызы 70 жасқа толып отыр. Шағын мақа­ламның ішінде ол жайында толық айт­тым, жеткізе айттым демеймін. Тек бұл күндері мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайып отырған бауы­рым мен оның ұрпағына деген шы­найы көңілім мөлдірей көрінсе игі. Жүрек түкпірінен шыққан жыр шумағы шашуым болсын.

Төгіліп күн сәулесі жүрегіңнен,

Айналып отырасың Сыр елінен,

Иесі аппақ ардың Бимария,

Өзіңді мақтан етіп жүремін мен.

 

"Сермеген биіктерге

құлашын көп”,

Менен кіл айналасын Рәштай деп.

Шықсаң да қай сапарға, апатайым,

Қолдасын жаппар ием – Расул кеп.

 

Сары изен, көк жусанмен

көмкерілген,

Бұқартөбе етегінен гүл теріп ең.

Меккеге екі мәрте сапар шектің,

Бармайды қажылыққа кім көрінген.

 

Түбіне жүрегімнің өлең бөлек,

Үлгіңді, бердің бізге келем елеп.

Күтеді Бесарығың «Қажы ана,

Сағынып туған жерге келе ме?»

деп.

Мейірім, шапағаты көл-дария,

Ойлайды елдің қамын Бимария.

 

Рәзия ҚАЛЖАНҚЫЗЫ,

ҚР білім беру ісінің үздігі,

Қызылорда қалалық мәслихат депутаты.
РУХАНИЯТ 20 мамыр 2014 г. 975 0