ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ
Мәдениет орталығындағы әсерлі кеш көрермендер жүрегінде ұзақ уақыт сақталатыны анық. Сахна төріндегі өнерпаздарды мүмкіндігі шектеулі жандар емес кәсіби әртістер десе сенер едіңіз. Тамылжыта ән шырқап, мың бұрала билегенде таңдай қағасыз. Еңселі зал тақырыпқа сай безендіріліпті. Көрнекі жазылған «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» деген тақырыбы да бейжай қалдырмайды. Бұл күні тағдыр сынағына мойымаған қайсар рухты жандар өздерінің өмірге құштар екендігін баршаға паш етті.
Қазалы ауданы әкімдігі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірігіп ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің арасындағы алғашқы республикалық конкурстың іріктеу туры жоғары деңгейде өтті. Шараны танымал әнші Жасұлан Шайхсламның шебер әрі тартымды жүргізгенін атап кеткен жөн. Конкурс барысында қатысушылар түрлі номинациялар бойынша өз бақтарын сынаған еді. Бүкілодақтық әншілер фестивалінің лауреаты Кенже-әлі Асқар бастаған қазылар алқасына өнерпаздардың бағасын беру де оңайға түспеген сыңайлы. Әрбір орындалған ән мен күйге көрермендер тарапынан қызу қошемет көрсетілуі соны дәлелдегендей.
Солардың бірі – Қазалы көлік техникалық колледжінің студенті, Бекарыстан би елді мекенінің тұрғыны Қаракөз Қалжан болатын. Дизайнер мамандығымен дәріс алатын қарындасымыздың «Тәубеңе кел» атты сезімге толы өлеңі көпшіліктің жанарына жас үйірді. Осынау жалынды жыр шумақтары өмір аталатын керуенде кездесетін қиындыққа жасымау, адамгершілік, имандылық нышандарын жоғалтпау жайлы тереңнен сыр шертеді. Оған қоса оның шебер саусақтарынан шыққан қолөнер бұйымдары да талайды қайран қалдырды. Сайыс қорытындысымен Қаракөз «Үздік студент» аталымын жеңіп алды. Сондай-ақ Бекарыстан би ауылының тағы бір тұрғыны Бақыткүл Аманбай дайындаған құрақ көрпе өзге де бұйымдарды қазылар алқасы жоғары бағалады. Өз отбасының жетістіктерінен дерек келтіріп, үй тапсырмасынан өз өнерлерін көрсеткен Нұртай Айбалтаның отбасы «Ең тату отбасы» аталымында жеңімпаз атанды.
Міне ортаға талдырмаш тұлғалы бозбала көтерілді. Оның ширақ қимылына ұлттық нақыштағы киім үлгісі керемет үйлесіпті. «Сақ» биін орындаған Үкі Жеңісбек түркі әлемінің пірі көк бөріні, алғыр қыранды қаз-қалпында шебер бейнеледі. Әуесқой сазгер ретінде әннің сөзі мен әуенін жазып жүрген Серікбол Шайыхов, Сая Абашова «Үздік орындаушы» ретінде тағы да танылды. Жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы дипломдар, алғыс хаттармен марапатталды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.