Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында қара сөздің қаймағын қалқыған қазақ әдебиеті тарландарының бірі О.Бөкей атындағы ХVІ облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен өткізілген байқау мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттап, талантты жастарды іздеп табу мақсатында ұйымдастырылды.
Жазушы-драматургке арнап өткізілген байқауға сөз құдіретін, сөз қадірін түсінетін Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласының 15 пен 21 жас аралығындағы 15 талапкері қатысты.
Байқауға қатысушыларды басқарма басшысы Е.Уәйіс құттықтап, оқушыларға сәттілік тіледі. Сайысқа түскен талапкерлер жазушының "Қайдасың, қасқа құлыным?”, "Біздің жақта күн ұзақ”, "Құлыным менің”, "Ұйқым келмейді”, "Мұзтау” атты шығармаларынан үзінді оқып, мәнерлеп жатқа айтып қуантты. Байқауға қатысушыларды филология ғылымдарының кандидаты С.Тайманова бастаған қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша Қызылорда қаласының №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Елана Әкімал І орынды жеңіп алса, Жаңақорған ауданының №194 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұржігіт Жұмабек ІІ орынды, Арал ауданы №64 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Гүлзат Жолдыбаева ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының №10 орта мектебінің оқушысы Қаракеев Азат, №211 А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің оқушысы Совет Төрехан, Қазалы ауданының №249 мектеп-лицейінің оқушысы Нұрмағамбет Бауыржан алғыс хатпен марапатталды.
Байқау жеңімпаздарын облыстық тілдерді дамыту басқарма басшысы Е.Уәйіс құттықтап, дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті. Облыстан өре шапқан жеңімпаз енді қыркүйек айында өтетін республикалық байқауға қатысу жолдамасына ие болды.
Байқау барысында әмбебап-ғылыми кітапхана ұйымдастыруымен «Алтайдың асқақ жыршысы» атты көрме ұйымдастырылды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.