Қарымды қаламгер, танымал жазушы Әлмәмбет Әлішевтің есімі елге мәлім. Кез келген туындысымен оқырмандарын баурап алатын жазушыны өзгелерден шоқтығын асырып тұратын бір ерекшелік бар. Ол – пікірін кімге де болса тура жеткізетін өр мінезі десек, қателеспейміз. Бұл – оны танитындардың баршасы мойындаған ақиқат. Қазалыда өткен жазушы Әлмәмбет Әлішевтің туғанына 75 жыл толуына арналған мерейтойда сөз алғандардың пікірі осылайша өрбіді.
«Халық – құдайдың бір аты». Ендеше біз де көзбен көргендерімізді қаз-қалпында жеткізуге тырыстық. Шараға еліміздің әр қиырынан, облыс орталығынан, аудандардан танымал тұлғалардың, арнайы делегациялардың қатысуы мерейтой иесінің бедел-салмағы қаншалықты жоғары екенін дәлелдей түсті. Оған қоса, рәсімнің дәл уақытында басталып, нақты көрсетілген мерзімде аяқталғаны да жұртшылықтың назарынан қалыс қалмады. Тойға келгендер мұны тәртіптің нышаны деп бағалаған-ды.
Оқушылар үйінің залында ұйымдастырылған жазушының кітаптары, шығармалары қойылған көрмені жиналғандар қызыға тамашалады. Бұл жердегі әрбір заттың өзіндік сыры бар. Халқымыздың заңғар перзенті Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ Совет әдебиетінде тілге аса жауапкершілікпен қарайтын жазушылардың бірі – Әлмәмбет Әлішев» деген бағасы көп жайтты ұғындырады. Мұнан соң әдеби жиын басталды. Жақында жасалған баяндамасында филология ғылымдарының кандидаты, өнертанушы Берік Жүсіпов Әлекеңнің кісілік келбетін, қаламгерлік қарымын шұрайлы тілмен шебер өрнектеді. Сағатқа жуық уақытты қамтыған баяндама тыңдарманын жалықтырған жоқ. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ержан Уәйіс өз лебізін білдіріп, той иесіне облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын тапсырды. Сый-сияпат жасады. Мұнан соң қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманов, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап, мәслихат хатшысы Талайлы Бөріқұлақов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы атынан жазушы Бақыт Сарбала, басқарманың облыстық филиал төрайымы Қаршыға Есімсейітова және басқалары игі ниеттерін арнады. Облыстық мәслихат депутаты, «Тілеп» ЖШС директоры, аудандық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Ібайдулла Тілеп бір топ інілерінің атынан жеңіл автокөліктің кілтін сыйға тартты.
Шара барысында облыс, аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Жас әнші Бейбарыс Әліш атасына арнап әннен сәлем жолдады. Жиын соңында Әлмәмбет Әлішев бүгінгі шараны ұйымдастыруға мұрындық болған облыс әкіміне, ел ағаларына, барша жұртқа ризашылығын айтты. Мерейтой «Наурыз» мейрамханасындағы ақ дастархан басындағы ақ тілектерге ұласты.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.