АЛТЫН АЛҚАЛЫ АРУЖАН

АЛТЫН АЛҚАЛЫ АРУЖАНҚызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Аружан Съездқызы  жақында Алматы қаласында өткен  "Асыл мұра” халықтық дәстүрлі әннен және жеке аспапта орындаушылардың VІ республикалық ән-би байқауының І дәрежелі  дипломанты атанды. 
Бала кезінен бастап ән айтумен шұғылданған Аружанның өзге қатарластарынан  еш өзгешелігі жоқ.  Мектепке барады, үй алдында өзінен кейінгі бауырларына бас-көз болып жүреді. Елгезек, қайда жұмсасаң да қабақ шытпайды,  өтінішіңді демде орындайды. Солай жүріп сабағына да, дайындығына қатысып та үлгіреді.  Үздік оқығаны және үлгілі тәртібі үшін үнемі мадақтамаға ие болып келеді. Түрлі ән байқауларына қатысып, жарыс жүлдегері танылған кездері де аз емес. Мәселен, өткен жылы қалалық ішкі істер басқармасының ұйымдастыруымен өткен ”Полиция – дос және қорғаушы” атты  патриоттық әндер байқауында жүлделі екінші орынға ие болған еді. 
– Аружанның болашағынан көп үміт күтемін,– дейді мектептегі білім беру орталығының ұстазы  Ақерке Алпысбай.– Оның даусы керемет және қай әнді де жүрекпен орындайды. Халық әндерін орындауға деген құлшынысы көңіл қуантады.  Вокалды эстрадалық жанрда жеке орындаушы ретінде де алар асуы алда дегім келеді.
Осылай деген ұстаз сеніміне біз де қосыламыз. 
Гүлнұр РЕЙМБЕРГЕН.  

РУХАНИЯТ 15 сәуір 2014 г. 998 0