Сыр бойы – алты Алаштың анасы. Аңыздағы желмаяға мініп, дүниені шарлаған Асанқайғы атамыз да осы өңірге дамылдаған. Дүниені дүрліктірген Іскендір Зұлқарнайын атбасын бұрған. Қысқасы, Сыр қасиетін, тарихын тізбелей берсек, таусылмайды. Маңғыстауда 362 әулие болса, бір ғана Жаңақорғанда әулиелі киелі орындар молынан кездеседі. Қазір Сыр өңірінде 550-дей әулиелер болғандығы Шайдарбек қажы Әшімұлының "Өткен әзиз әулиелер” атты кітабында тағы да нақты деректермен одан әрі баяндалады. Оқисың, қызығасың, құмартасың.
Жуырда ғана "Қызылордаполиграфия” баспа үйінен шыққан, яғни 496 беттен тұратын, тиражы 200 данадай болып шыққан бұл кітап қалың қауымға аздық ететін сыңайлы.
Шындыққа жүгінсек, Сыр өңірі батыр, билер, шайыр ақындар, киелі әулиелер, ишандар мекені болғандығы тағы да тағзым еткізгендей. Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иассауи бабалар өміріне зер салсаңыз, құдіретті күштің қуатынан нәр алғандай боласыз. Пайғамбарлар өміріне сусыныңыз қанады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірі, Хорасан ата, Қылыш, Қожжан, Оқшы ата, Марал ишан, Айқожа ишан, Асанас, Ысқақ баб, Қарабура, Баба Түкті Шашты әзиз, т.б. әулиелер өмірі сізді мойын бұрғызбай баурайды, ұтымды шежірелер де ретімен берілген.
Бұдан 1200 жыл бұрын өмір сүрген Бәйдібек баба, Домалақ анадан (Нұрила) тараған ұрпақтар Албан, Суан, Дулаттар Үйсін бірлестігінің көп тараған тармағы екені қызықты әрі нанымды деректермен баяндалады, жалықтырмайды.
Тарихи деректерге тағы да жүгінесіз, Ысқақ баб, Әбдіжәлел баб, Әбдірейім, Арыстанбабтар VІІІ ғасырда Орта Азияға келіп, ислам дінін таратқан, мешіттер ашқан, өшпес із қалдырған.
Кітаптағы Қожжан, Қылыш, Мүсірәлі бабаларымыздан тараған әулиелер көріпкелдігімен таңырқатады. Қылыш бабаның ұрпағы Смайыл әздерден тараған Әбдіхалық баба ұрпақтары Сыр өңірінде көп тараған. Қазір баба ұрпақтары Жаңақорған, Сырдария ауданының "Ақжарма”, "Шіркейлі”, "Қоғалыкөл” ауылында тұрады. Атақты Ұлбикемен айтысатын Күдері ұрпақтары Тапал ахун, Күдеріден тараған қазақтың Қалтайы, ғалым Қазыбай Құдайбергеновтер мақтан тұтар тұлғалар. Кітаптағы тағы бір назар аударарлық дүние, Сыр бойынан шыққан Есет, Тайлақ, Жаназар, Мәделі, Серке сынды батырлардың өміріне зер салсаңыз, ұрпақ тағылым аларлық танымдық дүниелер сізді еріксіз баурайды.
Ал, Ишандар өміріне арналған тараулар көбіміз біле бермейтін тың деректермен толыға түскен тәрізді. Сыр өңірінде Құлболды ишанның орны бөлек. Бірде Кіші жүздің Мырқы атты байы ишанға көңілі толмай сөз жүгіртіп отырса керек. Ишан арықша келген, шүңірек көзді, бойы аласы болғанға ұқсайды. Ишанды елдің құрметтеп, елпең қаққанын ұнатпай отырған бай ас пісіп, табақ тартылар кезде хан тұқымы Олжабайға сияпат ерекше болғанға ұқсайды. Осы отырыста бата пайғамбар ұрпағы Құлболдыға кезек келеді. Ишан дуасын оқып, қолын жая бергенде Олжабайдың табағына төбеден шұбар жылан түсіп, оралады. Жұрт үрейленеді. Ишан іле дұға оқыған кезде әлгі жылан жоқ болып кетеді. Содан Мырқы бай тәубеге келіп, ишанды арнайы үйге кіргізіп, бар сияпат қайта жалғасса керек, бай пірім деп жолына жығылады. Бірде ишанның көктен жаңбыр жаудырған құдіретіне таңырқағандар болған. Ақын Бұдабай:
Қожа Ахмет, Арыстан баб,
Түркістанда тұрады.
Әлемге жеткен атағы
Дін исламның шырағы.
Солардан шыққан әулие,
Пайғамбардың тұяғы
Ысмайыл әздер, Құлболды,
Әулиелердің пырағы.
Қадірменді оқырман! – деген. Міне, қолыңызға тигелі тұрған "Өткен әзиз әулиелер” (құрастырушы Шайдарбекқажы Әшімұлы, редакторы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Баспа және полиграфия ісінің үздігі Қуаныш Маханбет) кітаптың безендірілуі сапалы, тілінің құнарлы әрі жатық болуына еңбек сіңіргені көрініп тұр. Кітап тараулары жалықтырмайды. Әр үйдің шаңырағында осындай әулиелер, ишандар, батырлар тарихын зерделеген кітап тұрса, артықтық етпес еді.
Осынау кітаптың жарыққа шығуына ВТБ банкінің Қызылорда филиалының директоры Жарылқасын Кенжебеков, кәсіпкер Мәжит Айдарбекұлы, Бекзат Кәрімқожаұлы, облыстық ішкі істер бөлімінің қызметкері Әнуар Мәуленұлының қаржылай көмек көрсетуі нағыз азаматтық іс болғандығын айта кеткен жөн болар.
Бұл күндері кең қауымға таралуға шыққан тағылымы мол кітапты жата-жастана оқуға асығыңыз!
Қайыр ҚОРАСАНИ.