РАХАТ АҚЫН ӘЛЕМІ САН АЛУАН

Өзінің саналы ғұмырын Сыр өңірінің педагогика саласын дамытуға жұмсаған педагогика ғылымдарының  докторы, балалар ақыны Рахат Наурызбаева биыл 70 жасқа толып отыр. Осыған орай аптаның сейсенбі күні облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ғылыми кеңесі өзінің кезекті мәжілісін  институт профессорының мерейлі мерейтойына арнады. 
Кеңес мәжілісінде алғашқы болып баяндама жасаған институт директоры  Бауыржан Елеусінов Рахат Наурызбаеваның өмір жолына шолу жасай келіп, оның ғылыми ізденістері мен еңбектерiне кеңінен тоқталды. 
1957 жылы орта мектептің 7 сыныбын бітірген Рахат алдымен М.Мәметова атындағы қыздар педучилищесінде, сосын Алматыдағы Абай атындағы пединститутта білім алды. Содан бергі уақыт аралығында облыстың бірқатар мектептерінде, аймақтағы арнаулы және жоғары оқу орындарында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келеді. Ұстаздық қызмет ете жүріп ол  балаларға арналған "Бастау”, "Ақ қозы”, "Сергек Серік” атты жыр жинақтарының, "Үй ішімізбен қазақша үйренейік” атты оқу құралының авторы атанды. Сонымен қатар Рахат Наурызбаеваның  бірнеше оқу-әдістемелік құралдары, бастауыш сыныптың музыка оқулығына енген бірқатар  шығармалары, монографиялары мен жыр жинақтары еліміздің педагогика саласында кеңінен қолданылып келеді.  Еліміздің және көршілес Ресейдің белгілі басылымдарында,  әдеби жинақтар мен сала журналдарында көркем-әдеби шығармалары жарық көрген. Бұл күндері Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының профессоры болып қызмет атқаратын Р.Наурызбаеваның омырауында Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі мен "Білім саласындағы қызметі үшін” медалі жарқырайды. 
Мәжілісте сөз алған ардагер журналист Айжарық Сәдібеков мерейтой иесінің өлеңдеріне шолу жасап, оның шығармашылығының сан салалы екендігіне тоқталды. Рахаттың қазақ әдебиеті тарихында балалар ақыны болып қалатынына, оның жас ұрпақты білімге, еңбекке, имандылыққа баулыған өлеңдерінің өміршеңдігіне назар аударды. Ал ғалым Темірхан Тебегенов Рахаттың қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар екендігін, соған орай рахаттану әлемінің алуан түрлі болатындығын тілге тиек етті. Мәселен, бір ғана поэзиясының өзінде  ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, ұлттық тіл мен ұлттық ойындарды дәріптей келе, үлкенді және ата-ананы құрметтеуді әдемі теңеу, орамды оймен жеткізеді. Демек, алдағы уақытта ғалым, ақын шығармашылығы жеке-жеке зерттелетіні анық. 
Сол күні А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде ақын шығармашылығына арналған кеш болып өтті.
Жұмагүл БАЛАБАЙҚЫЗЫ.

РУХАНИЯТ 12 сәуір 2014 г. 1 955 0