КӨҢІЛ ШУАҒЫ МЕН ЖЫР ШУАҒЫ

Өмір ағыны қаламдас қарындасымыз Рахат Наурызбаеваны да  қаума-лаған қауымына есеп беруге тиісті тағы бір белеске жеткізіпті. Бір кездегі балғын қыздың бүгінгі әже болған шағында кейінде қалған өмір өткелдерін сарапқа салып, ой кешіп отырса, тағдыр жолы оңай болмапты. Анасынан бір жарым жасында, әкесінен он жасында айырылған қыз бала мұңсыз-қамсыз болды деп айта алармысыз. Рас, туған апасы Рахима сіңілісіне жетімдік көрсеткен жоқ. Қатарынан кем қылмай тәрбиеледі. Болатын бала бесігінен-ақ талпынып бағады ғой. Қазалы стансасындағы №420 мектепте оқып жүргенінде кітапқұмарлығымен көзге түсті. Оқуынан да қалмайды, сабақтарына мұқият дайындалады, апасына көмектеседі, қалған уақыты көркем-әдеби кітаптарды оқумен өтеді.
Өзінің айтуында, кітап оқуға құштарлығын он жасында ағылшын жазушысы Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» романын оқудан бастапты. Содан мектебінің жетінші сыныбын бітіргенше қазақ балалар әдебиетін байытқан Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, Саид Баязитов, Е.Өтетілеуов, С.Қалиев сынды және басқа да ақын-жазушылардың шығармаларын зердесіне тоқиды. Бала психологиясын меңгерген қазақ қаламгерлері сияқты өзі де әдебиетші болуды қиялында құндақтап жүреді. Қанаттанғаны сондай, шетелдік сөз зергерлері Г.Х.Андерсеннің ертегілері, ағайынды Гримдер мен Жюль Верннің таңғажайып шығармаларының кейіпкерлері түсіне енетін болды. Орыс қаламгерлері Агния Бартоның, Корней Чуковскийдің, Самуил Маршактың  және қазақ ақындарының бала тілімен жазылған тілге жеңіл өлеңдерін талай рет жатқа айтып жүрген кездері де болды.
Адам жарық дүниеге келгесін өмір бойы баламен бала болып жүре бермейді ғой. Қаласын, қаламасын ержету кезеңі алға жетелейді. Арманы Рахатты да алға талпындырды. Жетінші сыныпты бітіруіне орай Қызылорданың М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне түскен. Оны ойдағыдай бітіргесін еңбек жолы басталуы керек еді. Жоқ, бойжеткен тағы бір аяулы арманына асықты. Бар ойы араға уақыт салмай жоғары білім алу болды. Сұлу бойжеткеннің ықыласынан дәмеленіп иегі қышып жүрген сүйріктей бозбалаларға да қарамастан Алматыға тартты. Сол 1961 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне түскен. Оны ойдағыдай бітіріп дипломын алғасын, анасынан бетер әлпештеп өсірген Рахима апасына бастауыш сыныптардың мұғалімі және қазақ тілі мен  әдебиетінің жоғары білімді маманы болып бір-ақ оралды.
Оның еңбек жолы сол 1965 жылы өзі жетінші сыныпты бітірген №420 мектептен басталған. Содан бері, міне, арада өткен 49 жыл бойына ұстаздық мәртебенің барлық қиындығына төзіп, қызығына тоймай келеді. Қазалы, Тереңөзек, Қызылорданың қазақ, орыс мектептерінде шәкірттерін жоғары білімді мамандығы бойынша үзбестен он екі жыл оқытты. 1977 жылы оны баяғы өзі оқыған М.Мәметова атындағы педучилищеге, арада он үш жыл өткенде (1990 ж.) Қызылорданың сол кездегі Қорқыт ата гуманитарлық университетіне аға оқытушылыққа шақырған. Рахат осы оқу орнында өткен сегіз жылда ғылым жолындағы ізденістерін ұштай түсті. Талмай еңбектену нәтижесінде 1997 жылы Қазан университетінің педагогика кафедрасында «Бала бақша - мектеп - жоғары оқу орны» жүйесінде жеке тұлғаны шығармашылық бағытта ұрпақтар сабақтастығын қамтып тәрбиелеу» деген тақырыпта педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.А.Петрованың жетекшілігімен диссертациясын ойдағыдай қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағына ие болды.
Бір басталып кеткен құштарлық енді жаңа ізденістерге құлшындырды. Араға жеті жыл салып 2004 жылы докторлық диссертация қорғауға ниеттенді. Ұзақ жылғы талмай ізденістің арқасында 2009 жылы Татарстандағы Қазан университетінің педагогика кафедрасында «Оқушыларды халық өнері арқылы көркемдік-шығармашылық іс-әрекеттерге эвристикалық оқытудың педагогикалық жүйесі» деген тақырыпта Ресей Академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, кафедра меңгерушісі В.И.Андреевтің кеңесшілігімен педагогика ғылымының докторы дәрежесін қорғапты. Халықтың айтатынындай, іздеген жетер мұратқа деген осы. Ол докторлық диссертациясын жазып жүрген кезінде 2000-2005 жылдар аралығында «Сейхун» академиясының «Педагогика және әлеуметтік пәндер» кафедрасының меңгеруші болып қызмет атқарды. Қазан университетіне жолдаманы Сейхун академиясынан алды. Келесі ізденісін М.Мұхамедов, С.Серікбаев басқарған Қызылорда Гуманитарлық университетінде жалғастырды. Университет ұжымы ізденуші Рахат қарындасымызға жағдай жасағанына ризашылық білдіргеніміз жөн.  Бүгінгі таңда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің білімін арттыру институтында істейді. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, педагогика ғылымдарының докторы Рахат Наурызбаева енді жоғары білімді әріптестеріне ұстаздық етуден де жалығатын емес.
Міне, оның ғылыми ізденіс жолында жеткен жетістігі осындай.
Рахат қарындасымыздың педагогика ғылымында жеткен сол жетістіктері қаншалықты дәрежеде болды, оның жайын сол саланың мамандары айта жатар. Талдау, сараптау, баға беру – ғалымдардың парызы. Ғылыми пайымдауларды ізденіс жолында жүрген ғалымдарға қалдырайық та, ақынның оң жамбасымызға келетін әдеби шығармалары орайында пайымдап көрейік.
Жергілікті ақын апамыз Сәнімкүл Желдербаева мен Рахаттың өлеңдері 2009 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан бір кітап болып (том) шыққан екен. Себеппен оқып танысудың сәті түсті. Ол екеуінің шығармашылығын бұған дейін де білетінбіз. Рахаттың тұңғыш өлеңдер жинағы «Жалын» баспасынан 1980 жылы жарық көрген болатын («Бастау»). Одан бері де әр жылдары сол «Жалын» баспасынан «Аққозы», «Балауса» баспасынан «Сергек Серік» деген балаларға арналған өлеңдер жинағы және «Аңсар К» баспасынан «Алма берсем аласың ба?» деген суретті кітабы жарияланды. Бұдан басқа «Ана тілі» баспасынан 1994 жылы «Үй ішімізбен қазақша үйренейік» деген оқу құралы жарық көрді және «Атамұра» баспасынан 2, 3-сыныптарға арналған Музыка оқулығына шығармалары енді. Қазан қаласындағы «Инновациялық технология орталығы» баспасынан 2 монографиясының («Оқушыларды халық өнері арқылы шығармашылық іс-әрекеттерге эвристикалық оқыту»  және «Балаларды көркем шығармашылық іс-әрекетке эвристикалық оқыту») жарық көргенін де ескергеніміз абзал.
Рахаттың осындай еңбектерін жіпке тізгендей етіп айтып отырғанымыздың себебі, педагог-ғалым және ақын Рахат Наурызбаеваның бүкіл ғұмырында бір сәтке де қарап отыра алмайтын, ізденістен, еңбектенуден жалықпайтын еңбекқор екенін аңғарту еді. Көзі қарақтылар бізге дейін-ақ айтқан ғой: адам ғылымда болсын, өнер мен көркем шығармашылықта болсын, шын жетістіктерге 99 пайыз еңбекқорлығымен, тек бір пайыз ғана талантымен жетеді екен. Сол рас болса керек. Ұстаз жолы парасатты болғанымен өте ауыр жол. Оның қиындығына қайыспай, төзе жүріп ғылым мен шығармашылықты қатар үлгірту бүгінгілер үлгі алатын, айтуға тұратын кәделі мәселе десек болар. Кәделі болатыны: тоқсан тоғыз пайыз еңбек, бір пайыз талант. Және, мұның астарлы қабатында зерделілік, мақсаткерлік пен құштарлық жатыр.
Абай атамыз айтқандай, өлеңге кім-кімнің де таласы бар ғой. Рахат та жас күнінен ақын болсам деген арман жолына түскен екен. Тырнақалдысын педучилище оқушысы кезінде бастаса керек. Іздегені де, өрнектегені де лири-калық әуендер. Талайлар жырлаған алуан-алуан тақырыптардан нәр алғаны бар, қиялы ұшқыр ақындарға еліктегені бар, ойдан ой оздыра отырып «өлең өсекшіні» көп күйттеген. Әлбетте өзінше ойдағыдай дегендерінің бәрі сыңғырлап тұрған жоқ. Көңілдегі асыл ойдың қағазға өлең құрап түскенде іріген айрандай болып кететіні бар. Дейтұрғанмен, автор өлең өнерін «өмірімнің бал қаймағы» деп біледі. Өзін «поэзия бағында гүлдей жайнап» жүргендей сезінеді. «Күмбірлеп көкірегімде сезім тулап, шабыттың жалынында жыр қайнайды» деп серпіледі. 
Ақын сөзіне шығарылған әндерді өнерлі жастарымыз теледидардан, мерекелік кештерде жарыса шырқап жатады. Көпшілік сүйсініп тыңдайды. Сонымен бірге балаларға арналған «Сахнада самғаймыз» деген бірнеше сахналық қойылымның сценарийлер жинағын шығарғанын да білеміз. Осы ыңғайда айрықша айтарымыз: Рахат ұзақ жылғы шығармашылық асуларында балалар ақыны болып қалыптасты. Балалар ақыны болып қалады. Бала тілімен жазған шағын әңгімелері мен өлеңдерінен бала психологиясын барынша меңгергенін аңғаруға болады. Білім баспасынан жарық көрген «Ақ батамен өс, балам!» шығармалар жинағындағы қазақтың бай болмысын, тарихи тұлғаларын, ұлттық нақышын тұспалдап құрастырған 200 жұмбағы да назар аударуға тұрарлық. 
Ақынның туындыларын парақтап, пайымдап, ойымызды, алған әсерімізді осылай түйіндегеннен кейін өзімен әңгімелескенімізде, Рахат:
– Қосылған қосағым Ахметов Таңатар ержүрек, іскер азамат еді. Өзіне де, өзгелерге де талап қойғыш еді. Менің ғылыми ізденісім мен жазу-сызуыма тілектес болды. Бірақ тағдырға не деуге болады, қосағыммен қоса ағаруға жазбаған екен. Ерімнен ерте айырылып, төрт баламен жесір қалдым, ‒ деп бір күрсініп алды. – Орны осы күнге дейін ойсырап тұр. Тірлігінде маған салмақ түсірген жоқ, қамқоршым болды. Сыңарыңнан айырылған қиын екен. Балаларымды жетімсіретпей ержеткізу, қатардан қалмай еңбек ету машақаты, несін жасырайын, оңайға түспеді. Рухани жігерімнің жеткенінше қиындыққа беріспедім. Алла жар болып ерімнің аманатын орындадым: төртеуі де жетіліп, жоғары білімді азамат болды. Серігім мен Ерігім – инженер, Сәкенім – экономист. Қызым Аэлита –  дәрігер, күйеу балам Ғибрат – кәсіпкер. Келіндерім: Сәлима өзімдей – педагог, Айгүл – кәсіпкер, Рената – дәрігер. Немерелерім Данияр, Гүлбану, Ержан, Азамат, Әділет, Ерсұлтан, Аружан, Нұрайым, Айдар, Әлім – менің қуатым, көзқуанышым, қызығына тоймаймын. Тәубе-тәубе деймін. Еңбегім де еленді. Республикамыздың Білім министрлігі Ыбырай Алтынсарин, Ресей Білім министрлігі «За заслуги в образовании» деген алтынға бергісіз медальдармен марапаттады.
‒ Өзің «өмірдің көбі өтіп, азы қалды» деп өлеңіңде айтқаныңдай, ендігі ойың не дейді? – деп, әңгімеге тартқанымызда:
‒ Солай десем де, үлкейдім, енді тек демалуым керек деген ойдан аулақпын. Бір күнімді де босқа өткізгім келмейді. «Адамның адам болмағы – іс-әрекетінде» дегендей өмірге деген құштарлықтың бір көрінісі еңбекте деп білемін. Мақсатым – айналама керек болып тұру. Кейбір елдерде балалардың татымды туындыларын кітап етіп жинақ шығару дәстүрі бар екен. Ниетім – балалар мен жасөспірімдердің бойындағы шығармашылық қасиеттерін оятуға ықпал ету, шығармашылық қабілеттерінің бапкері болу. Мен де шәкірттерімнің шығармалар жинағын шығарсам, дүниеге бала ақындардың келуіне себепкер болсам деймін.
– Ойға алғаның орындалғай, жасай беріңіз.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мәдениет қайраткері.

РУХАНИЯТ 05 сәуір 2014 г. 1 494 0