
Ұлы Абай айтқандай, "әнмен дүниеге келесің, әнмен дүниеден өтесің". Қуанышта әуенмен тасимыз, реніште әуенмен жұбанамыз. Осындай ән әлемінде өзіндік орны бар дарын иесі сазгер, әнші Нұрмаш Алғашбаевтың өткеніне ой жүгіртейік.
Нұрмаш 1947 жылы қазан айында Қазалы ауданында Ақтан батырдың тұқымы Алғашбаевтар отбасында дүниеге келген. Әкесі Қабылбай шаруа адам. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген анасы Разия Бибіпатыма ана болды.
Жасынан өнерге бейім ол мектеп қабырғасында-ақ көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, 1966 жылы мектеп бітіргеннен кейін Алматы консерваториясына барады. Алайда, қабылдау емтиханы шілде айында басталып кеткендіктен, құжаттарын зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына тапсырып оқуға түседі. Институт жолдамасымен Қарағанды облысының Нұра ауданындағы «Киевский» совхозына зоотехник болып барған Нұрмаш ауыл көркемөнерпаздар үйірмесіне мектеппен біріктіріп жетекшілік етеді. Ауылы аудандық, облыстық байқауларда бірнеше рет жүлдегер атанады.
1975 жылы елге оралып, Қазалы қаласындағы СПТУ-34-ке (қазіргі Агротехникалық колледж) тәрбиеші болып орналасады. Мен сол училищеде ұлт-аспаптар үйірмесін басқаратынмын. Аудандық байқауларда үнемі жүлделі орыннан көрінген бұл үйірме салалық училищелер арасындағы облыстық байқауда жеті жыл қатарынан бас жүлдені иемденді. Екі рет республикалық байқауға қатысып, жүлделі орын алды.
1979 жылы №17 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепке ән пәнінен оқытушы болып ауысқан ол аудандық мәдениет үйі мен Қазалы халық театрының белді мүшесі болды. Қазалы халық театры Целиноград (қазіргі Астана) қаласында болған бүкілодақтық халық театрларының байқауында Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» спектаклін қойып, сондағы орыс офицерінің рөлін сомдаған Нұрмаш лауреат атанды. Алматы қаласында республикалық халық театрлары байқауында Вишневскийдің «Оптимистік трагедия» спектаклінде Нұрмаш кеме командирі рөлін ойнап, 2-орын алды. 1981 жылы қаңтар айында жерлесіміз Кеңес Дүйсекеевтің ықпалымен Қазалы халық оркестрі қазақ теледидарында өнер көрсетті. Ал шілде айында Қазақтелефильм Қаскелең көлінде оркестрді 30 минут фильмге түсіріп, алтын қорға жазып алды. Онда Нұрмаш Әділбек Қожахметов екеуі екі дауыста «Жалынды жастар» әнін орындаса, 1985 жылы мен «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблін ұйымдастырғанымда Нұрмаш шертер аспабында ойнады.
Сонау тоқсаныншы жылдары шымкенттік ағайындар Нұрмашты көшіріп алып кетті. Жүзімдік ауылындағы музыка мектебіне уақытша оқытушы болып орналасқан Нұрмаш бірден ауыл мәдениеті мен өнерін көтерді. Өнерпаздар ауданда үш жыл бойы 1-орын алып, Келес ауданының әкімі Нұрмашты құрметтеген.
1995 жылы елімізде оңтайландыру белең алып, Нұрмаштың музыка мектебі жабылып қалды. Клуб, мәдени ошақтар жұмысын тоқтатты. Келес ауданы тарап, Сарыағаш ауданына қосылатын болды. Нұрмаш амалсыздан елге келді. Білім бөлімі оны әдіскер етіп жұмысқа алды. Әйелі жоғары білімді Жаңыл №165 мектепке орналасты. Ол Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетін музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша сырттай бітіріп алды. 1997 жылдан №165 орта мектепте музыка пәнінің оқытушысы, мектеп көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болды. 1995-2010 жылдар аралығында Нұрмаш дайындаған №165 орта мектептің хор ұжымы аудандық байқауларда жүлденің алдын ешкімге берген жоқ.
Енді Нұрмаштың шығармашылық жолына тоқталсақ, Отан, туған жер, табиғат, әке, ана, бейбітшілік, махаббат, салт-дәстүр, тәуелсіздік сияқты тақырыптағы сазгердің әндері республикалық телерадио қорына қабылданған. «Жастық шақ әуендері», «Сырдың сұлу саздары», «Сыр әуендері» жинақтарына бірнеше әндері енген. Балаларға арнап 40 шақты ән облыс мектептерінің музыка бағдарламасында орындалып жүр. «Әжем айтқан ертегі», «Суық торғай», «Сұр торғай», «Көгершіндер», «Анашым», «Егемен ел Қазақстан» әндері мектептердің 1-3 сыныптарға арналған музыка оқулығына енген.
Нұрмаш туралы осы азғантай әңгімені айтқандағы ойым дарынды жандарды үлкен-кішісіне қарамай қадірлей білейік дегім келеді.
Орақ БАУБЕКОВ,
КСРО мәдениетінің үздігі, ҚР мәдениет қайраткері.
Қазалы ауданы.