ЕРТЕГІДЕН БАТЫРЛАР ЖЫРЫНА ДЕЙІН

Өткен сейсенбіде Студенттер сарайында «Бабалар сөзі»  атты қазақ фольклорының 100 томдық топтамасының тұсаукесер рәсімі болып өтті. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген еңбекті «Фолиант» баспасының өкілі Заңғар Кәрімхан таныстырды. Оның айтуынша, баға жетпес мұраның басылуына 10 жылдай уақыт кеткен. Абыройлы еңбектің жарық көруіне М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Фолиант» баспасы атсалысты. 
«Бүгінге дейін мұндай іргелі еңбек елімізде жарық көрген емес. Өздеріңіз білетіндей, кеңес өкіметі тұсында фольклор сериялы түрде жарияланбады. Жеке кітаптар, жинақтар шыққаныменен тек көптомдық етіп жариялау ісі өткен ғасырдың сексенінші жылдары қолға алынды. Онда да толық күйінде шығару мүмкін болмай, 17 том болып шықты. Сондай-ақ, фольклор барлық елде бар. Дегенмен, біздің еліміз секілді 100 томдық етіп, ұлттық құндылықтарымызды жүйелеп, ғылыми түрде текстологиялық жұмыстарын жүргізіп, жарыққа шығарған мемлекет жоқ. Осыдан-ақ, біз рухани  қазынамыздың молдығын көруімізге болады»,– деді баспаның жетекші редакторы З.Кәрімхан.
Шара барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, «Сырдария кітапханасы» сериясының жауапты редакторы Бағдат Кәрібозов оқырманды жаңа туындының шығуымен құттықтады. Ал, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әскербек Рахымбекұлы жастарға өзінің жырларын жолдап, жылдар мұрасын оқуға, сөз маржандарымен сусындауға үндеді. 
Айта кетейік, «Бабалар сөзі» атауымен шыққан еңбектің 20 томы батырлар жыры, 13 томы тарихи жыр, 8-і ғашықтық, 1-і діни, 13-і хикаялық дастандар, 5 томы ертегілер болса, шағын жанрлар 1-3 томнан тұрады. Шара соңында осы туындылармен бірге  оқырмандарға аталмыш баспаның шығарған түрлі оқулықтары мен шығарма жинақтарының көрмесі ұсынылды. 
М.ОТАРАЛЫ.

РУХАНИЯТ 03 сәуір 2014 г. 1 094 0