
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада ақын Шәмшия Жұбатованың "Шәмшияның сыршыл жырлары” атты әдеби кеші өтті.
Ақын М.Шаханов әр адамда анасынан басқа төрт ана болуы керек, ол –туған жер, туған тіл, туған дәстүр, туған тарих – тәуелсіз ұлттың төрт тірегін атады. Осы Төрттағаны түгел ақынның бірі Шәмшия.
Ақынды заман өсіреді, ал заман өз парағына ақын өлеңін көшіреді. Бұл екеуі ежелден егіз, бір-біріне адал жұптай қатар өмір сүріп келе жатқан ұғым екені ешкімге жұмбақ көрінбес. Сол себепті біз де ақын жанын уақыт керуеніне өзінің інжу-маржанын тиеп сапар шегетін, жыл мезгіліне қарай кезігетін табиғаттың сан қилы мінезіне қатысты өзінің көңіл-күйі мен ішкі ой-сезімін білдіріп отыратын тіршілік құбылысына балағымыз келеді. Оған Шәмшия поэзиясының ең шүйгіні, қалың белесі, жастықтың жасыл құрағы іспетті, мәңгіліктің тұрағы – махаббат жайындағы жырларына қоса қазақ қоғамының мұңы мен мұзын тамшылатқан табанды қалам қарымы дәлел. Бірақ ақынның жан-дүниесін түгел жазамыз деп жанталасу – бос әурешілік. Ол әр адамның ақын жырымен жеке сырласып, өзара іштей мұң шағатын шағында ғана қанық бояуда бой көрсететін тылсым дүние.
Ақынын сағынған ел жыр бұлағына шөліркеп қалыпты. Поэзия пойызына мінген жолаушы кейіпті халық өлең тыңдап, шұбатыла еріп, жыр иесін толқындай тербетіп бара жатты.
Күндерді бақыт кернеген,
Алмастырмайтын алтынға.
Жүрегім әлди тербеген,
Мәңгілік сәби қалпында – деп, бала шақтан бойына дарыған ақындық қасиетті туған тамырдан, ата-баба рухынан үңги іздеп, сезімнің селін Қазалының құмынан қиялай бітетін қырлы сусылынан тауып, дүниенің беймәлім құпия-сырлары адамның ақыл-ойы, пайым-парасат қауқарымен емес, Құдайдың құдіретіне құмбыл жүректің кілтімен ашыларын ақ қағаздың бетіне түсіріп қойған сәтін жұрт жадына салды.
Кеште оқылған ақын өлеңдері жиылған жұртты еріксіз ұйытып, санаға самала құйғандай әсерге бөледі.
Жүздесуді Жазушылар одағының облыстық филиал төрайымы Қаршыға Есімсейітова жүргізіп, ақынға әріптес апасы Рахат Наурызбаева, "Сыр бойы” газетінің бас редакторы Жұматәлі Әбдіраманов, "Өрлеу” біліктілікті арттыру институтының профессоры, философия ғылымының докторы Баймырза Қожамберлиев жүрекжарды тілектерін білдірді.
Ақынның бірталай өлеңдері осы кеште оқылып, "Сырдария” өлеңімен аяқталса да оның жыр жүрегінен аласа мұңның тамшысы емес, таңмен таласа туған ойдың қамшысы өріліп жатты.
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.