ҰСТАЗДАР ӘЗІЛІ КӨРЕРМЕНДІ ТӘНТІ ЕТТІ

ҰСТАЗДАР ӘЗІЛІ КӨРЕРМЕНДІ ТӘНТІ ЕТТІА.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен білім қызметкерлерінің арасында КТК сайысы болып өтті. «Жылқы жылы – грант жұлқы» атты тақырыпта өткен ақтық сайысқа іріктеуге қатысқан 200 команданың ішінен жүзден жүйрік шыққан 8 құрама өз өнерлерін ортаға салды. Сайыс «Сәлемдесу», «Жамбы ату», «Әуенді үй тапсырмасы» секілді үш бөлімнен тұрды. Барлық команда ақтық сынға сақадай сайланып келген. Алғаш болып сахна шымылдығын Шиелі ауданының құрама тобы «Байысын қазақ» командасы ашты. Көпшілікке жақсы көңіл күй сыйлаған әзілкештер ойынын «Жалағаш», «Арал» құрамасы, Жаңақорған ауданының «Ля-ля-фа», қармақшылық «Гимназия жастары», Сырдария ауданының «Нағыз қазақ», Қазалының «ТТ» және Қызылорда қаласының ұстаздарынан құралған «Ойпырмай» командасы жалғастырды.
Көңілді кеш барысында командалардың қай-қайсысы да астарлы әзілмен қоғам шындығын шынайы жеткізе білді. Әсіресе, ҰБТ, көктем шықса болғаны мұғалімдердің сенбілікке қатысуы, өзге де жиындарға еріксіз баруы, облыс әкімінің миллионына қол жеткізу секілді жағдайлардың айналасындағы қордаланған мәселелерге ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ, ащы да болса бүгінгі күннің шындығына айналған мектеп директорлары мен қызметкерлері арасындағы келеңсіз жайттар, сыбайластыққа жол беру  сынды түйткілді мәселе де назардан тыс қалмады. Әсерлі әуен, қағытпа қалжыңмен көпшілікті баурап алған сайыста әр топ өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсті. Білім, тәрбие мен өнерді қатар ұстаған ұстаздардың ойынына сазгер Рамазан Тайманов, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы директорының орынбасары Ғалымжан Бәйімбет, шоумен Шаттық Әбдіразақов, «Қорқыт құрамасы» командасының мүшесі Құттыбай Сағындықов және «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ  Қызылорда КВН филиалының төрағасы Әбдусаид Төлегенов төрелік етті. 
Өрнекті ойын көрсеткен командалардың ішінен 3 топ суырылып алға шықты. ІІІ орын Қазалы ауданы «ТТ» командасына бұйырса, ІІ орын Сырдария ауданы «Нағыз қазақ» құрамасының қанжығасына байланды. Ал, І орынды Қызылорда қаласының «Ойпырмай» командасы еншіледі. Сонымен қатар, «Көркемдік безендіру» номинациясымен Жаңақорған ауданының «Ля-ля-фа» командасы, «Көрермен көзайымы» атағын аталмыш құраманың қатысушысы Гүлнәр Әбдішова иеленсе, «Үздік қойылым» бойынша қармақшылық «Гимназия жастары», «Ұшқыр ойын» номинациясымен Жалағаш ауданының тобы, «Әсерлі әуендеу» номинациясымен Арал ауданының құрамасы және «Сахна шебері» бойынша Шиелі ауданының құрама тобы «Байысын қазақ» командасы марапатталды. Көрерменге әсерлі кеш сыйлаған командаларға сыйлықтар да тарту етілді. Ойынның жеңімпазы Қызылорда қаласының «Ойпырмай» командасына Астана қаласына 3 күндік демалысқа жолдама берілді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

РУХАНИЯТ 27 наурыз 2014 г. 959 0