Әкімнің әкесі дегеннен, ақынның әкесі деген құлаққа жылы естіледі. Әкім сөзі үкім сөзімен туысқан, үндес болған соң ба, адамға сес көрсетіп тұрғандай сезімде боласың. Ақын деген сөз ақыл сөзімен үйлесіп, сөз иесі – ақын, сөз киесі – дегенді есіңе салады.
«Мына кісі анау әкімнің әкесі ғой» деген таныстыру басталғаннан сол ортада тыныштық орнайды, үнсіздік басталады. «Талантты ақынның әкесі ғой» десең, үйге жарық сәуле енгендей, тынысың ашылғандай, жайдарылық жайлағандай күйде боласың.
Ақындығымен «сұрапыл жыр перісі» (Б.Омаров) атанған, ҚазМҰУ-дың бірінші курсында, студент кезінде-ақ әлем әдебиетін оқып қана қоймай, талдай алатын, білімпаздығымен ұстазының «білімі профессордан кем емес» деген баға алған, 1997 жылы жиырма сегіз жасында із-түзсіз ғайып болған Әділдің әкесі – Батпанов Әнуарбек ағамен 1980 жылдан жақын қарым-қатынастамын.
Қызылорда күріш зауытында, су шаруашылығына қарасты жабдықтау мекемелерінде қойма меңгерушісі қызметтерінде жүргенде Әнекеңнің қолында үй шаруашылығына қажетті дүниелер көп болды. Қолы ашық, алыс-берістің, барыс-келістің адамы. Барсаң, «алсайшы, не керек?» дейді, мен көбіне бергенін ала бермеймін. Мемлекеттің мүлкі, сұрауы бар шығар деп тартынамын. «Кейбіреулердің мен сияқты істеп жүрген жұмысынан дүниелері кем болып, мойнына ақша мініп, істі болып жатады, ал менің дүниелерім артылып қалады», – дейтін.
Құрылыс тресі жабылып, Әнекеңде көп дүниелер артылып қалды. Маған үйді салқындататын кондиционерлерді алшы деген. «Ол заттар қажет, бірақ қайдан алдың?» деп сұрай қалса, қолымда сатып алынғандығы туралы құжатым жоқ, жауапталып кетемін» деп алудан бас тарттым. Мұндайдың талайы болған. Кейінірек Әнекең осыны менің есіме салып, «қорқақ екенсің ғой» деп күлетін.
Бір барғанымда, алмаймын дегеніме қарамай, жеңіл машинама сыйғанынша құс жастықтар, төсек-орынның заттарын салып жіберді. Олардың рахатын кейін балаларымызды бөлек шығарғанда көрдік.
Әнекеңнің әкесі – Ботпан малды, дүниелі болған, тіпті алтынды да жинаған кісі екен. «Кәмпескеден ешбір малы қалмаған, ашаршылықтан аман шыққан, менің алты-жеті жасар кезімде, әкем ауыл сыртына ұзағырақ жерге барып, киізге ораулы бір қомақты затты көмді, соны көріп тұрдым. Сірә, сол зат алтын-ау деп ойлаймын. Жер шамасын білгеніммен, нақты орнын дәл таба алмаймын, кейде сол есіме түседі», – деп менімен сыр бөліседі Әнекең. Мен айтамын: «Әнеке-ау, мен нефтебазаның директорымын, солярка қанша қажет болса да табылады, трактордың қай түрі болса да жетеді, жүрсеңізші, барайық та», – десем, ол кісі: «Әй, таба алмайтын шығармыз. Жұрт күлер, елге мазақ болармыз», – деп тоқтатады. Бұл бұдан жиырма жылдың ар жағындағы әңгіме. «Әкемнен алтыннан өрнек салынған, зергердің қолынан шыққан жалпақ, ер адамдар әсемдік үшін белін буатын белбеу қалды, соны институтта оқып жүрген жігіт кезімде сатып, қаражат еттім, біраз ақша болды, әй, бір шайқадық-ау», – деп сері күндерін есіне түсіріп, көзі жайнап, жымың-жымың етеді.
Мұхтар Әуезов университетте оқып жүрген болашақ әдебиетшілерге бес жылда бес жүз кітап оқуларың керек деп талап қояды екен. Әнекең де, зайыбы марқұм Жібек те ешкімнің талабынсыз-ақ кітапты көп оқитындар қатарына жататындар деп білемін. Қашан барсаң да, істерге іс таппай шалқасынан түсіп, зерігіп жатқанын көрмейсің, ермегі кітап болып, оқиды да отырады.
Елге танымал жазушылардың шығармаларымен етене таныс. Өзіндік ой-пікірі, тиегін ағыта білсең, айтары бар. «Құдай ақырын берсін, қазір мына дүние араны ашылғандар мен ашынғандар боп, екіге жарылды ғой», – деп күрсінеді.
Қайырымдылық пен кісіліктің үлгісін көрсетіп, өзінің өнегелі өмірімен балаларына тәрбие берген Әнекең алпыс төрт жасында зайыбы Жібектен айырылды, содан бір жыл кейін Әділ жоғалып кетті. Жібек марқұм жібек десе, дегендей, сыры ішінде, нағыз үндеместің де, күлместің де өзі еді. Данабектің үйіндегі Малика келін: «Енем екеуміз шай ішіп отырғанда бір ауыз сөзді сұрасаң ғана естисің, сұрамасаң, үйде ертеден кешке дейін үнсіздік орнайды», – деп еске алады.
Әділ жоғалып кеткеннен кейін жабыла іздеу салғаннан еш нәтиже шықпаған соң, үйіміз, жайымыз бөлектігінен болар, табылатынынан күдерімізді үзіп, ұмыта бастадық. Әнекең күдерін үзбейді, әлі күтіп жүр.
Байқамай менен бір әбестік кетті. Әнекеңе телефон соғып: «Әділ қай жылы қайтыс болды?» – деппін. «Жоғалып кетті деп айт», – деп мені түзеген болды.
Әділді күтетін, сағынатын. Іздейтін тек отбасы, бауырлары ғана емес, оның талантын мойындаған ақын достары, жырсүйер қауым. «ҚазМҰУ-ға, бірінші курсқа Әділ деген жігіт оқуға түсіпті, өлеңдері сұмдық» деп бүкіл студенттер қауымы таңырқасып, оның М.Мақатаевтың ізімен жазған «Махаббат диалогын» жатқа айтып жүрген.
Жиырма жасқа жаңа толған ақынның «Дала трагедияларында» ердің амандығын, елдің бірлігін ойлап, татулықты ту еткен азамат ақынның оққа ұшатын қайғылы оқиғасымен, асылын ардақтай алмайтын қазақтың қасіретті қасиетімен толғануы жүрек тебірентеді... «Қазағым-ай, рас па еді ел болмасың», – деп күңіренеді.
Малға сатылып, еріксіз қосылған ерін қара құзғын көріп, өз тәнінен өзі жиіркенген әйелдің нәпсіқұмарлықтан емес, өксіген өміріне сәл де болса жеңілдік іздеп, сүйіктісінің құшағынан алған ләззатын бақытқа балап, тәнім тазарды, ақ періште, пәк күйге ендім:
Тыңда, халайық, сөзімді,
Есер де емес шығарсың,
Нәзік әйелдік сезімді
Өлім жеңбесін ұғарсың..!
Таптым мәңгілік жалынды,
Сезім бағында өріле...
Менің бақытты тәнімді,
Жумай салыңдар көріме. – дегізіп, бұған дейін ешбір ақын айтпаған ой айтып, түйін түйген де – Әділ.
Арал тақсіретін бәріміз бір адамдай білетін сияқтымыз, күнделікті кәсібінен айырылып, ырызғы-несібесінен айырылған, туған ауыл топырағынан үдере көшіп, нәпақа үшін жаңа қоныс іздеген бауырларымыздың тағдыры талай ақын-жазушыларымызға тақырып болғаны анық. Ал Әділ ше, теңіздің тулаған толқындарына бауырын төсеп еркін жүзіп жүретін кемелерге жан бітіреді. Егізінен айырылған аққудай, теңізінен ажырап қайраңда қалған кемелер...
...Жатыр-ау шағым ете алмай,
Бермепті тағдыр не тілді.
Теңізін қуып жете алмай,
Өкпелері өшкен секілді.
Кемелер, қайран кемелер, – дейді.
Әділдің табынып оқитын ақыны Жұматай Жақыпбаев болған. Жұматайдың қазасын естігендегі оның азалы күйін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, қазақ өлеңінің қабырғасы қақырап сөгіліп, тігуге келмейтіндей, «енді бәрі бітті» деген.
Жас ақындардың республикалық слетінде Жұматай ағасына арналған «Жан азабы» деген өлеңін оқып, екінші жүлдеге ие болады. Өлеңнің екі шумағын ғана келтірейін:
...Қашанғы енді ғашық балаша,
Соза берем төзімді.
Табыттың ішін ашып қарасам,
Ішінен көрем өзімді.
Санаға енді бұл да азық па екен,
Тағы аштым табыт, бекеммін.
Ішінде өзім – гүл нәзік өлең,
Былдырлап жатыр екенмін,
Былдырлап жатыр екенмін...
Жазған өлеңдерінде өзін өмірзая жұлдызға балап, ахиреттік ақ бөз болуды қалап, тәңірімен тілдесіп, болашақпен үндесіп жатқан Әділдің сөздері удай...
Болса егер ақындардың удай сөзі,
Үйреткен оны ақынға Құдай өзі, – деп шығыс жұлдызы Хафиз айтқандай, ақын Әділ ғой!
1995 жылы Қызылорда қаласында ұлы Абайдың 150 жылдығына орай жазба ақындар мүшәйрасында Әділ оқыған өлеңнің бәрін келтіре бергенім орынсыз болар. Осы өлеңді оқығанда, Әділдің өз сөзімен айтсам: пайғамбарша пайым айтқан, үні бүкіл қазақ даласына түгел естіліп тұрғандай алып тұлғалы, байсалды, «өлінің бәрі – өркеуде, тірінің бәрі – тілемсек, тағдырды жеңген бар ма екен!.. Ей, Құнанбайдың баласы...» деп Абаймен терезесі тең, сенімді әрі нық тілдеседі. Мұны мен өркөкіректік емес, ақындық қуат деп түсінемін.
Түсінемін демекші, Әділ Алматыға оқуға кетпей, ауылда жүргенде, Әнекең шәй үстінде «Әділ өлең жазады, сен соны көріп берші» деген соң, өлең толтырылған дәптерін алып оқыдым. Ешнәрсеге түсінбедім. Сөздері ауыр, менің сөз түсіну деңгейімнен өте жоғарыда екен ғой Әділдің өлеңдері. Бұл ойға кейін, біраз кейін тоқтадым, әрине, Әділді жоғалтқаннан кейін ғана. «Өмірдің қысқа болғаны, жүрегіне тыным бермеген өлеңнің толғағы үшін өмірді сүйем» деген Әділдің жоғалғанына бәріміз де қайранбыз...
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында жыр нөсерін селдеткен, Алматыны жырмен тербелткен бір шоғыр – Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Нұржан Қуатайұлы, Бауыржан Омаров, Шаһизада Әбдікәрімов және басқа ақын достары, ағалары жыл сайын Әділдің поэзиясына талдау жасап, талантына бас иіп, «Талант пен тағдыр», «Біз сені сағындық», «Тағзым» рубрикаларымен «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Айқын», «Қоғам» газеттерінде көлемді-көлемді эссе-мақалалар жазып, Әділдің өлеңдерін басып жүр.
Бауыржан Бабажанұлы: «Ол кезде күнде думан, күнде той», «Филфак, журфак бір туған, истфак итті кім туған?» – деп өлеңдетіп, журфак бізге келеді, не оларға біз барамыз. Гүрілдеп өлең оқимыз. Мұндайда Әділ «жауызға» айналады. Ол талдағанда әп-әдемі өлеңнің быт-шыты шығады. Біреулерге тіпті «сен өлең жазуды қой!» деп үкім де айтып жібереді. Онымен таласатын Әмірхан ғана», – деп жазады «Жас қазақ» газетінде.
Әділ... Адам – ғайып, Алла – хақ. Ақынның жыры – Алланың нұры. Сені, сенің жырларыңды сағындық. «Дария-ғұмыр арнасынан ауып кетті ме деген күдік бар... Дариға жалғанда үміт бар!» – деп жазды «Қазақ әдебиетінің» «Жас қадам» қосымшасы.
Әділ, сен қайда жүрсің? Өлең оқиық, оралсаңшы. «Жаным» деген сөзіңді жарың, «балым» дегеніңді балаң сағынды. Соңғы рет сен кеткен көшеге көз тігіп, үйдің үлкендері есіктің алдында отыр. Өлеңдеріңді сары алтындай сақтап, сандықтың түбіне жасырып отыр. Кел, қазынаңды аш», – деп жазды Жарас Сәрсек «Қазақ әдебиетінде».
Әңгімемнің басындағы ақынның әкесі – Әнекеңе оралайын. Әділ жөнінде ол кісіден көкейімде талай сұрақ тұрса да, сұрауға батылым бармайды. Әнекең өзі: «Әділ тірі, ол келеді», – дейді. Биыл Әділдің ғайып болғанына он үш жыл толады, қызы Меруерт Қызылорда педколледжінде, ұлы Ақназар тоғызыншы сыныпта оқиды. Жары Гүлсім – №140 мектепте химия пәнінің мұғалімі. Әнекең шүкіршілік қалпымен өз ортасының салмақты да сырбаз батагөйі, немересін үйлендіріп, шөбересін сүйіп, «қазір келем» деп кеткен Әділін елеңдеумен күтіп жүр. Лайым солай болғай! Әділдің «Ақындар күлден гүл жасайтын тектілер» деген өлеңі бар Әділ текті болмаса, ақындық қона ма, Тектілік – әкесі Әнуарбектен. Отырған жерде, көптің ортасында Әнекеңді білмейтіндерге Әділдің әкесі ғой деп таныстырамын. Айнала сәулеленіп жүре бергендей болады...
***
Бұл мақала Әнуарбек ақсақалдың өмірде өзімізбен қатар жүрген кезінде жазылып еді. Сол жарықтық Әнекең де Жаратқанның құзырына көшті. Одан бері де қырық күннің қыртысы жазылып, міне, бүгін көктем деген құдірет шуағын төгіп тұр. Әділдің жырлары секілді...
Сәпен АҢСАТОВ.
Қызылорда қаласы.