Халқымен қайта қауышқан құндылық


 Қоғам дамуындағы келелі мәселелерді дер кезінде ұсынатын Елбасының рухани жаңғыру бастамасына республика жұртшылығы белсене кірісіп кетті. Қазақстандағы ерте өркениеттің тоғысқан жері – Сыр бойы халқы да бұл процестің алдыңғы шебінде келе жатыр. Рухани жаңғырудың бабаларымыздан бізге дейінгі келіп жеткен бүкіл өркениеттің әртүрлі салаларын қазіргі уақыт деңгейі жағдайында дамыту арқылы жүзеге асатыны белгілі. Бұл ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін бірден-бір жол.

Президентіміз Н.Назарбаев биылғы Жолдауында: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да осында» деп нақты көрсетті. Ал ұлт әлеуетін көтерудің көп тетіктерінің бірі тарих қойнауынан көмескі тарта бастаған аяулы азаматтарымыздың елімізге, ғылым, білім, өнер саласына сіңірген еңбектерін жариялай отырып, оларды қазіргі өскелең ұрпақтарымызға жеткізу болып табылады.

Елеулі еңбектерімен ерекшеленіп, көптеген ғылыми, мәдени мұраларын біздерге аманат етіп кеткен сырбойылық тұлғаларда баршылық. Солардың ішінде өзінің ғылыми-теориялық ұсыныстарымен, болжамдарымен, жоғары лауазымдық қызметі­мен ерекше көзге түскен жерлесіміз, қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Қазақ ҰҒА корреспондент мүшесі Серғали Есбенбетұлы Толыбековті атар едім.

Серғали Есбенбетұлының бұрынғы аспиранты, яғни шәкірті ретінде ҚР БҒМ Экономика институтының баста­масымен (Дирек­торы академик Ә.Сатыбалдин) академик А.Қошановтың ғылыми редакциясымен С.Толыбековтың «Кочевое общество казахов ХV-начало ХХ века (политико-экономический анализ)» атты көлемді ғылыми монографиясының 2017 жылы кейбір құрылымдық өзгерістермен республика жұртшылығына қайта ұсынылуы мені ерекше сезімге бөледі. Аталған монографияны кейбір өзгеріс толықтырулармен қайта шығару жайлы мәселе автордың көзі тірісінде көтеріліпті. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Экономика институты Серғали ағаның өзі қатысқан 28 маусым 1994 жылғы Ғылыми Кеңесі аталған еңбекті қайта шығару жайлы шешім қабылдапты. 24 жылдан кейін Ғылыми Кеңестің сол шешімінің жүзеге асуы ғылым жолындағы Серғали ағамен бірге өткізген 10 жылғы уақытымның кейбір тұстарын, ұлы ұстазымның өрен тұлғасын санамда қайта жаңғыртты, қолыма қалам алғызды. «Ештен кеш жақсы» деген осы да.

С.Толыбеков 1907 жылы наурыз айында бұрынғы Қазалы уезінің Байқожа ауылында дүниеге келген. Өз сөзімен айтсақ: – Бала кезімде еліміз Сыр бойынан наурыз туа терістікті бет алып, сонау Ресей шекарасына дейін көшетін. Қайтып елге оралғанда коңыр күз түсіп, Арал өңірін паналайтын еді. Бізде қыстау деген тұрақты ұғым болмайтын, еліміз үнемі көш үстінде болатын – деп еске алатын-ды. Жастайынан көшпенді қазақ өмірінің қиындығын, ерекшелігін, өмір салтының, тұрмыс деңгейінің дәмін татып, зерделеп өскен Серғали ағаны ғылымның осы жолына итермелеген де бала кезінде қалыптасқан қайсар мінезі болса керек.

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Қаз ҰПУ) тәмамдап (1932 ж.), саяси-экономикалық, теориялық білім алған алғашқы қазақ, феодалдық қатынастардың күрделі проблемаларын патриархалдық укладка негізделген көшпелі өркениеттің зерт­телуін әлемдік деңгейге көтерген ғұлама. С.Толыбековтың қазақтардың көшпелі қоғамына арналған көлемді зерт­теу еңбегі 1971 жылы жарық көріп, соның негізінде док­тор­лық диссертациясын қор­ғады. Ол зерттеген проб­ле­малар өзектілігімен, ғылыми қорытындылардың нақ­ты­лығымен, зерттеу әдісінің авторға тән өзіндік сипатымен, бұрынғы Одақ ғалымдары арасында ғана емес, шетел ғалымдары арасында да кең көлемдегі ғылыми айтыстар мен пікірталастар туғызды. Себебі, автор әлемдік ғылымда алғаш рет классикалық көшпелі қоғамның негізгі өндірістік қатынастары проблемаларын жан-жақты терең талдап, оның шаруашылық жүргізуінің өндірістік негізінде малға меншік түрлерінің жататынын дәлелдеді. Оның ғылымдағы ашқан жаңалығы европоценттристік ағымға кереғар еді. Ағылшын философы Арнольд Джозеф Тойнбидің: – Көшпенді халықтар өркениетке жанаспайтын, тарихи ағымға кірмейтін пайдасыз қоғам, – деген расистік тұжырымына қарсы дәлелді жауап бер­ген ғылыми еңбек. С.Толыбековтің тұжырымдамасының тағы бір ерекшелігі: қарастырған ғылыми мәселелерінің шешімін сырттан емес, олардың өз ішінен тапқандығы. Жоғарыда айтқанымыздай, ол кісі көшпенді қоғаммен біте қайнап, соның ішкі, сыртқы объективті даму заңдылықтарын сезіне тани біле жүріп, ғылыми көзқарасы қалыптасқан ғалым болатын. Сол себепті, ғалымның ұсыныс-пікірлері мен ғылыми болжамдарында абстракциялық пайымдаулардан гөрі нақтылық басым. Біздің ойымызша, ғалымның көшпелі қоғам туралы докторлық диссер­тациясы оның көзқарасын әлемдік деңгейге көтерген. КСРО Ғылым академиясының Экономика институтында екі күнге созыл­ған диссертациясын қорғауға С.Струмилин, Қ.Сәтпаев сынды академиктер қатысып, ойлы пікірлер айтуы сөзіміздің дәлелі.

Саналы өмірін көшпенділер өркениетінің теориялық мәсе­лелерін зерттеуге арнаған ол қарастырған ғылыми объектісінің философиялық, тарихи, саяси-экономикалық, этнографиялық, этнопедагогикалық аспектілерін бір-бірімен байланыстыра зерттеп, нақты ғылыми тұжырымдар жасады. Сондықтан С.Толыбековті тек экономист емес, тарихшы, этнограф, педагог, фольклоршы, әдебиет, өнер зерттеушісі, шежіреші десек, артық емес. Ол республикадағы академиялық ғылымның қалыптасуының көшбасшысы. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары академик Қ.Сәтпаевтың арнайы шақыруымен Академиялық Экономика институтының негізін қалап, оған он екі жыл басшылық етті. Өзі тәмамдаған Абай атындағы ҚазПИ-ді үш үзіліспен жиырма жылдай басқарып, көптеген экономист- ғалымдарға ғылыми жетекшілік етті.

Отан соғысы жылдарында Қазақстанның халық комиссары кеңесінде Мәдениет істері жөніндегі комитетке жетекшілік етіп, бірнеше рет Қазақстан өнер шеберлерімен соғыс даласында да болды. Құрамында қазақтың белгілі өнер шеберлері: К.Байсейітова, Ж.Омарова, М.Ержанов, Е.Иванов, Е.Өмірзақов, Ү.Тұрдықұлова, Ә.Үмбетбаевтар болған Серғали аға басқаруындағы арнайы бригада 1942 жылдың шілде, тамыз айларында Солтүстік Батыс майдан шебін аралап, 64 рет, қайтарында Мәскеуде 16 рет концерт берген. Сол жылдары Ресейдің Уланова, Мордвинов, Эйзенштейн, Марецкая, т.б. өнер қайраткерлерімен қойын-қолтық араласып, бірге болғандығын мақтанышпен еске алып отыратын. Жазықсыз жаламен өмірден өткен Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды Алаш арыстарының еңбектерін оқып, өлеңдерін жатқа айтатын.

Серғали ағаның ғылым жолындағы турашылдығы мен жоғары талабына да куә болдым. Сол кездегі сападан гөрі сандық көр­сеткіштерге ба­­ғытталған ғылым мен білім саласындағы сыңаржақ саясатқа қарамастан, оның әділ де қатаң талабының тезіне шыдай алмай кеткен бірнеше аспиранттарын да білемін. Бірақ, ағаның ғылымдағы адалдығы, оның азабы мол еңбегіне табандылық танытуы нағыз «инемен құдық қазғандай» бейнетінің дәлелі еді. Өткен ғасырдың 80-жылдары Украина ғылым академиясы Экономика институтының Ғылыми Кеңе­сіне қабылданған менің диссертациялық жұмысымды қорғау кезінде Серғали ағаның кеңес жұмысына сонау Алматыдан ұшып келгенін, Кеңес мүшелерінің алдында ғылыми тұрғыда көсіле сөйлегенін, олардың бәрінің дерлік менің жұмысымды бекітуге келісім бергендерін қалай ұмытасың.

Серғали аға өмірінің соңғы жылдарында қазақтардың шығу тегі мен шежіресін зерттеумен айналысты. Оның «Қазақстан» тарихи-шежіре қорының президенті тарих ғылымдарының докторы, профессор Хамит Мадановтың алғы сөзі мен ғылыми редакциясы арқылы жарық көрген «Қазақ шежіресі» (1992 ж.) деген еңбегінде қазақ халқының тарихы туралы мол мағлұмат келтірілген. Онда көне заманның аңыз шежіресі мен қазақ хандарының шежірелік тарихы, қазақ қоғамына енген ерте және орта ғасырлардан аттары шыққан рулар «Қазақ» деген халық атауының шығуы, отаршылдыққа бет бұру сияқты мәселелер нақты тарихи деректермен баяндалған. Әсіресе «Қазақ» деген атау туралы әртүрлі пікірлерге нүкте қояды. Автор бұл мәселе жөнінде: – Қорыта айтқанда, тарихи жағынан болсын, сөз мағынасы жағынан болсын, арабтың «Хузағиы», Түріктің «Қазы» біріне-бірінің қайшылығы жоқ, мазмұндас сөздер, халқымыздың «Қазақ» атануына негіз болғандығы күмәнсіз деп білеміз. Себеп әрбір елеулі сөздің жаны – оның мағынасы, (53 б.) – деп келтіреді. Кезінде оның ғылыми, қоғамдық еңбектері жоғары бағаланды. Екі мәрте «Қызыл Ту» орденімен, отандық және шетелдік медальдармен марапатталған. Серғали аға тірі болғанда, биыл 111 жасқа толатын еді. Бірақ ғасырдан аса өмірді Алла пенделердің бәріне сыйлай бермеген. Ал Серғали Толыбеков артына санғасырлық мұра қалдырып кеткенін есептесек, оның ғұмыры сан ғасырларды қамтитыны да хақ. Сыр елі өзінің талантты тұлғаларын мәңгі есте қалдыру жағынан кеңде емес. Қызылорда, Қазалы қалаларында оның есіміне көше, қаламыздан мектеп атауы берілді. «Сыр елі» энциклопедиясында өмірі мен қызметі жайлы мақала жарияланды. Жоғарыда атап өткен Серғали ағаның ғылыми монографиясының халқымен қайта қауышуы, 1995 жылы маусым айында өмірден озған ағаның рухын еске алудың маңызды шарасы іспеттес көрінеді маған. Ал баға жетпес бұл құндылықтың қазіргі уақыттағы Елбасымыз ұсынып отырған рухани жаңғыруды жүзеге асырудағы ғылыми, рухани, тәрбиелік маңызының зор екенін өмір дәлелдей бермек.

Қазбай Құдайбергенов,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры,

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық

әмбебап кітапхана қызметкері.

РУХАНИЯТ 10 ақпан 2018 г. 1 154 0