
Кеше, Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсынованы еске алу кеші өтті.
Кешке облыс әкімі орынбасары А.Әлназарова, қала әкімі Н.Нәлібаев және зиялы қауым өкілдері мен ақын өлеңінен нәр алып өскен Сыр жұртшылығы қатысты.
Өнерде бәйге басын бермеген өрнегі өзгеше ақын, қазақтың біртуар аяулы қызы Фариза Оңғарсынова қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Шыншыл, сыршыл өлеңдері ел жадында мәңгі сақталды.
Ұлы ақын өмірден озғанымен, Сыр елі ақын қызы Фаризаны құрметпен еске алуда. Бұл кеш ақын рухының 40 күндігіне тура келген шара болды.
Еске алу кешінде экраннан ақын жайлы деректі бейнекадр көрсетілді. Жазушы-эколог С.Жұбатыров ақын апасы туралы естелік айтса, театр әртістері ақиық ақынның жырларынан композиция жасады. "Адамның бұл өмірде құны бар ма?”, "Жақсылық туралы жыр”, "Өзіңмен жүрегім егіз менің”, "Әйел монологы”, "Кейбіреулер мені айтып үлгі...”, "Жаным дала көгінен бұлт арылмай”, "Мен сонда жылап қалғам”, "Мен бір қызық адаммын”, тағы басқа да театр майталмандары Б.Алпысбаев, З.Төлепова, Қ.Айтжанова, Ә.Баймұхамедова, Ж.Досаев, Қ.Арқабаевтың орындауында өлеңдер оқылды. "Жайықтың толқындары”, "Жақсы көру” "Ана жылуы” әндері де "Тұран” тобы мен С.Ұлықпанұлының және Қ.Ысқақовтың орындауында тыңдармандарды егілтті. Сондай-ақ, Р.Отарбаевтың "Фариза-Мұқағали” спектаклінен үзінді кеш көрермендеріне ұсынылған өзгеше көрсетілім болды.
Адамзаттың ары үшін, қазақтың қаны үшін саналы ғұмырын еліне арнаған, қоғам қайраткері, өлеңдерімен халқының жүрегіне жол таба білген ақын Фаризаның екінші өмірі басталды. Поэзия падишасының, ақын жаны, ақын өлеңі мәңгілік елімен бірге жасай бермек.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.