ҰЗАП ҚАШҚАН УАҚЫТТАН БАҚЫТ ОЗАДЫ

Сыр топырағының сындарлы перзенті, білікті қаржыгер, беделді тұлға, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан қайраткер Қалқазбек Әжібеков адам өмірінің 70 деген асуына абыроймен көтеріліп отыр.
КСРО қаржы жүйесінің үздігі, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері – секілді үкімет марапаттарын алып, ел ықыласына бөленген белі беріш, қолы құрыш ағамыз ұзақ жылдардың тар, тайғақ жолдарын жүріп өтті.
Өмірін өнегемен өрнектеп, адамдықпен әдіптеген кеудесі берен, келбеті кенен бұл кісі жайында айтар әңгіме де көп.

Базары жоқ балалық шақ

1948 жылдың ақпанында «Қызылмақташы» колхозының шопаны Әжібектің отбасында туған нәрестеге Қалқазбек деп есім берілді. Кейін оңайлатып Қамбар деді. Малшы ол кезде «Үсенбай» қыстауында отырған. Соғыстың өрті өшкенмен, қоламта отының қызуы қайтпаған кезең. Әйтеуір қарын тоқ демесең, ұн қадақтап беріледі, қант жоқ. Киім – жүн мен теріден, көн етік, шыт жейде. Той-томалақ қайда, ағайын-жұрт бір-бірінің шаңыраққа қосылған шақалағын  бала боп жүгіріп кеткенде бір-ақ көреді.
Әжібек шопан қойды Қыраш маңында төлдетіп, Қаратау етегіне таман барып жайлауға шығады. Қойшының бейнетінен ауыр кәсіп жоқ шығар. Қой жатпайды, азаннан кешке дейін өре береді. «Қой аяғымен семіреді» дейтін сөз тегін айтылмаған. Қой жатпағасын, қойшы да жатпайды. Өрісте бағады, қорада күзетеді, тыным жоқ. Қашырымға салады, құртын тазалайды, төлдетеді, сауады, жүнін қырқады, көңін ояды. Әжібек әкей осы кәсіптің майталманы болды. Малды санамай түгендеп, қарамай тілін түсінетін.
Мына бір оқиға бала Қамбардың ойында қалыпты. 1952 жылы қыстың соңында дария тасыды. Бұлар тұратын жеркепе биіктеу жерге салынған еді. «Су алды, тұрыңдар!» деген әкесінің даусынан таң атпай оянды. Оянды ма, оянбады ма, төрт жасар бала далаға шығып, жан-жағына қарап, аң-таң болды. Қойлардың бәрі қоянға айналып кетіпті. Түсім дейін десе, шешесі үйдің заттарын далаға тасып, сары атанға артып жатыр. Көзін қолының сыртымен уақалап тұрған мұны әкесі түйенің қоршауына көтеріп салды. Түйе түрегелгенде айналасы түгел көрінді. Ен даланы су басып қалыпты. Қашып келіп, биікке жиналған дария жазығының қояндары болып шықты. Мұнша көп қоянды бірінші рет көруі, таңғалды. Ал, қойды әкесі Тұртан, Әлмаш көкелермен бірге түнделете айдап, теміржолдың Қаратау жағына өткізіп, келіп тұр екен. Міне, қойшының бейнеті.
Қамбар 1954 жылы Қыраштағы төртжылдық мектепке барды. Орталықта үй болмағасын, әкесінің ағасы Шәдібек деген кісінің үйінде жатты. Өзіне дейін мектепке келген бауырлары басқа ағайындарының үйінде болды. Естуінше, Шәдібек әкесі қуғын-сүргін құрбаны болыпты. Сонда үш баласы бар отанасы қуықтай үйінде азды көптей, арпаны сөктей қылып, Қамбарға төртінші балам деп қарады. Өмір тар, көңіл кең заман-ай!
Балаларының бәрі мектеп жасында болғасын Әжібек әкей келесі жылы Қыраштан қоржын там салды. Сосын әр үйде жүрген өзінің де, Тұртан бауырының да бала-шағасын осы баспанаға жинады. Жетіжылдық мектеп колхоз орталығы «Бірлікте» болды. Сонда бастауыштағы Қамбар мен Алшынбайдан басқа бес ұл мен қыз 5 шақырым жердегі «Бірлікке» жаяу қатынап оқыды. Қатынап оқу балаларға қыстың күні қиын соқты. Үскірік жел үрлеп, жолды қар көміп тастайтын. Сабаққа үлгеру үшін қараңғы мезгілде тұрып, нандарын жүре жеп, қарды омбылап кете береді. Етіктерінің қонышынан құйылған қар башпайларын тызылдатады. Сондағы есейген деген сол балалардың үлкені он төртке толмаған. Мектепке жанкештілікпен жеткен Қыраштың балаларына мұғалімдер аналық сезіммен қарап, шұлғауларын пешке жайып алады.
Қамбар «Бірлік» жетіжылдық мектебіне ауысқанда колхоз балаларды таситын ат арба бөлді. Бұлардың басқа балалардан артықшылығы осы, қыста аяқтарымен жол тазалап, жаяу жүрмегені.
Олар осылайша базары жоқ балалық шақты өзінен кейінгілерге тапсырып, шын мәнінде есейіп кетті.
... Қамбарды өзінен үлкен апасы Қатира 1961 жылы Қызылорда қаласындағы малшылар мен егіншілер балаларына арналған Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатқа алып келді. Ойынды қара жұмыспен ауыстырып ер жеткен бозбала қалаға келісімен спортқа құмарланды. Жүгіргенде қара оздырмайтын еді, жеңіл атлетиканы таңдады. Сабақтан бос уақытында стадионға қарап тұратын бала бұл құмарлықтан шын мәнінде нәтиже шығарды.

Өмірдің өріндегі өрнек

Мектеп-интернатты жақсыға аяқтаған талапкер Қамбар Алматы ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, 1970 жылы оқу орнын бітіріп шықты. Осы жылы жолдамамен Жаңақорған аудандық қаржы бөлімінде алғашқы еңбек жолын бастады.
Қызылордадағы мектеп-интернаттан басталған жеңіл атлетиканың жолына түскен Қамбар институт қабырғасында жүріп те талай жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанған-ды. Аудан орталығына келіп, енді жұмыс бастай бергенінде Алматыдан шақырту келді. Шақыртуда Қырымдағы Алушта қаласында жеңіл атлетикадан өтетін ауыл-село спортшыларының спартакидасына қатысуы керек екені айтылған. Одақ бойынша өткізіліп отырған бұл жарыс республикалық «Қайрат» спорт қоғамы үшін де маңызды болатын. Бірақ, аудандық қаржы басшылары әлі жұмысын бастап үлгермеген баланы ол жаққа жіберуді желіккендік санады. Сөйтіп, ауданнан облыстық қаржы басқармасының бастығы Камал Шөкеновке хабарласқан. Қамбардың спартакиадаға шақырту алғанына Камал ағай қатты қуаныпты. Ол кісінің өзі де жас кезінде фехтованиемен айналысып, күштімін деген талайдың қылышын қайырған еді. Сол жолы Қазақстан құрамасы одақ командаларының арасынан 4-ші орын алды. Бұл жақсы көрсеткіш болды. Қамбар кейіндеу жеңіл атлеттердің облыстық біріншілігіне қатысып, 3-ші орын алды. Бірақ, қызмет пен ауылдық жер спортпен алаңсыз шұғылдануға мүмкіндік бермеді. Ақыры дүбірлі спортты біржола тастады. Спорт оған он жылдай серік болды, бойына кезіккен қиындықтан сескенбейтін сенім дарытты. Талай жердің дәмін татты. Талай жақсымен жолықты. Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов секілді олимпиада жүлдегерлерімен жақын адамдарындай араласты. Егер осы спортпен түбегейлі айналысқанда олимп шыңына да шығар ма еді? Бірақ, Қамбар енді өз кәсібінде оза шапты. Жүйріктің аты жүйрік, қандай міндетті мойнына алса да мәреден бірінші болып көрінді.
Жас маманға ауаткомның қарарларын, өкімдерін, аудандық кеңес қарарларының жобаларын дайындау секілді жауапты жұмыстар жүктелді. Бюджеттің кірісі мен шығысын орындау, Мембанктің аудандық бөлімшесімен қойын-қолтық жұмыс атқару оңай емес-ті. Ең қиыны, сол кездегі іс қағаздарының түгелдей орыс тілінде жүргізілгендігі. Есеп-қисап, оның үстіне ақша есебін жан-жақты атқару болмысы ауылда қалыптасқан адам үшін орыс тілін былай қойғанда қазақша айтсаң, жаңылысатын жұмыс болатын. Қамбар жаңылысқан жоқ. Үйренді, ізденді. Қызметтегі аға буын әріптестері Бекмағанбет Дүйсенбаев, Балғабай Әлімбетов, Әбдіғаппар Төлепбаев атқарған жұмысына әрдайым қолдау білдіріп, ақыл-кеңестерін берді.
1976 жылы Қамбар Әжібеков облыстық қаржы басқармасына ауысты. Оның сауатты, сергек, әбжіл болмысы басшыларға ұнады, сенім артылды. Ол осы сенімді қайыспай арқалап, асуларға шықты. Қаржы басқармасында бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, бірінші орынбасары болып қызметте сатылай көтерілді.
Ол осы қызметінде ауыл шаруашылығын қаржыландыру, бақылау учаскелеріне, мекемелердің шаруашылық  жұмыстарына жетекшілік жасады. Сондықтан қаулы-қарарларды, нұсқаулықтарды оқып-үйренуге тура келді. Әсіресе кірістер бөлімінің міндеті талмай ізденіп, табандылықпен жұмыс істеуді қажет етті. Бөлім жұмысы жергілікті бюджеттің ғана емес, республикалық, одақтық бюджеттің түсімін де қамтамасыз етуге тиіс болды. Басқарма бастығының орынбасары Қамбар Әжібеков осы міндетті атқаруға киліккен мәселелердің шешімін таба білді. Осындай іскерліктің арқасында сала қызметкерлері тоқсандық қорытындылармен сыйақылар алып, одақ көлеміндегі әріптестері арасынан бірнеше рет «соцжарыстың жеңімпазы» болып танылды.
Жаратушы адамға бір ауыз, екі құлақты аз сөйлесін, көп тыңдасын деп берген екен демекші, Қамекеңнің бір жақсы мінезі пайдалы сөзді тыңдай біледі. Өзім білемге бармайды, қашан болса да қолға алған ісіне ағаларынан ақыл сұрап алып кіріседі. Міне, қаржыгер Қамбар Әжібекті табысқа да, абыройға да жеткізген көп қасиетінің бірі сол болды.
Қамекең облыстық қаржы басқармасында қызмет еткен жылдары өз ісінің білгірі Өксікбай Гүлімбетов пен елімізге еңбегі сіңген экономист Камал Шөкеновті ұстаз тұтып, «оларға шәкірт болу – маған бұйырған сый» деп санады.

Құрмет төріндегі келбет

1988 жылы елімізде жаңадан арнайы мамандандырылған мемлекеттік банктердің құрылуына байланысты осы саланың басшылығы КСРО «Жильсоцбанктің» облыстық басқарма бастығы қызметіне қаржы саласында біліктілігімен көзге түскен Қамбар Әжібековті сайлады.
Экономиканың бұл бағыты қаржы саласына қарағанда өзгерек еді. Қаржы саласында мекемелерге бюджеттен берілетін шығындар қайтарымсыз болса, банк берген несиесін өсімімен қайтарады. Сондықтан жаңа бастыққа жаңа ізденістер қажет болды. Банк өнеркәсіп кәсіпорындарына, тұрмыстық қызмет көрсететін мекемелерге қаржылық есеп, кассалық қызмет көрсетті. Бұл қиын жұмыста Қамекеңе республикалық банк төрағасы Қалибек Ахметжанов ақылшы болды.
1992 жылы маусым айында Қамбар Әжібековті сол кездегі облыс әкімі С.Шаухаманов өзіне орынбасарлық қызметке шақырды. Бұл одақтың тарап, экономикалық байланыстардың үзіліп, өндірістер тоқтап тұрған кезең еді. Бюджет кірістерінің түсу жоспары орындалмағандықтан, 5-6 айлап жалақы, жәрдемақылар берілмейтін. Білікті қаржыгер осындай ауыр кезеңнің өтінде жүрген облыс басшысының бір жағына сүйеу бола білді.
Облыс әкімшілігіндегі алты жылының екі жарым жылында мемлекеттік мүлікті басқару аумақтық комитетінің басшылығын қоса алып жүрді. Мәселе екі жақтан қысып, түске дейін әкім, түстен кейін төраға болып, ұйқы мен күлкіні тәрк еткен сол күндер де артта қалды.
1997 жылы қаржы саласындағы ұстазы К.Шөкенов зейнетке шықты, мамандар қаржы басқармасының бастығы болуға Қамбар Әжібековті лайық деп тапты. Сөйтіп, өзі жете меңгерген жұмысқа қайта оралды.
Мерейтой алдындағы аз ғана сөзде біз қадірлі есім Қамбар Әжібековтің туған жеріне сіңірген еңбегін түгел айтып тауыса алмайтынымызды о бастан біліп, тек оның болмыс сипатына баса назар аударғымыз келді. Қамекеңнің өзі «Мен қырық жылға жуық қаржы саласында, салаға қатысты органдарда қызмет етіп, күш-жігерімді туған өлкеміздің дамуына жұмсағаным үшін бақыттымын. Осы жылдарда талай жақсылармен жұмыстас, тұз-дәмдес болғаным үшін тағы да бақыттымын» дейді. Ағаның мектептес досы, елімізге белгілі тұлға Сейітсұлтан Әйімбетовтің айтқаны Қамекеңнің адамдық қалыбына  анықтама боларлық екен. «Ол ағайын-туысқа, дос-жаранға адал, бауырмал, таза ниетті кісі. Араласқан адамның бәрін өзіне жақын тартады. Оның бұл тірлікте жауы жоқ па деп те ойлайсың. Өйткені, ол туралы тек мақтау айтылады. Бұл – елеп айтуға тұрарлық қасиет» – дейді досы. Біздің айтпағымыз да осы.
Әрине, ердің басын бағалататын адал жары десек, мерейтой тұсында дастарханы жиылмайтын, қабағына кірбің тұрмайтын, әдемілікті, әдепті құрмет тұтатын білім беру саласының үздігі,  отанасы, асыл әже Гүлбахарам Ділдәнқызының атын атауға тиіспіз. Ардақты ағаның өміріндегі ауырды арқаласып, жеңілді көтерісіп, жарқын жүзбен бүгінге жеткен барлық жетістігінде осы адамның дара үлесі бар.
Жетпіске келген ағамыз әлі де қоғамға пайдалы жұмыстың басында жүр. Оның жігерлілігі мен сергектігінің сыры уақыт ұрлаған күнін күйттемей, өмір сыйлаған бақытын биіктете білген тектілігі мен тазалығында жатса керек.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
РУХАНИЯТ 03 ақпан 2018 г. 914 0