Пірәлі би

Жасампаз идеялары бүгінгі күні еліміздегі  саяси және экономикалық рефор­малардың өзегіне айналып келе жатқан  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  бағдарламалық мақаласында Елбасы Н.Назарбаев жүзеге асуы тиіс өзекті жұмыстар, жобалар мен бағдарламар қосынын нақты белгілеп берді. Бұл қатарда халқымызды, әсіресе, ел болашағы жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеуде мәні мен маңызы айрықша «Туған жер» бағдарламасын жасауды тапсырғанын баршамыз білеміз.
Осы орайда, Сыр өңірінің перзенті, XIX ғасыр­дың үшінші ширегінде жүргізілген жат­жұрттық басқыншыларға қарсы күрес басшы­ларының бірі Пірәлі Өтетілеуұлы туралы жаңа деректер мен ой-пайымдарымызды ортаға салуды жөн санадық.
Пірәлі би Өтетілеуұлы қазіргі Қызылорда облысы Қарақ тауы маңында шамамен 1810-1880 жылдар аралығында дүниеге келеді. Бейіті де сол жердегі қорымда. Оның тұлғасының қайраткерлік қырлары бір-бірінен ажырағысыз екі бөліктен тұрады.
Біріншісі, ұлттың терең тарихындағы алатын орны ерекше және елдің рухани өмірінде маңызы зор билер институтының өкілі санатындағы қызметі. Пірәлі би сол замандағы қазақ қоғамына тектілігінің тамыры терең  тұғырлы тұлға; елім деп, жерім деп тыным таппай туған халқы үшін ғұмыр кешкен, отаншылдық дәстүр мен рухани құндылықтарды насихаттаған және қорғаған ел ағасы; елдің сыртқы және ішкі саяси өмірінде белсенді рөл атқарған шебер елші; сөз құдіреті өнерінің шырқау шыңына көтерілген суырыпсалма шешен; қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жете білетін құқықтанушы ретінде белгілі болды.
Пірәлі Өтетілеуұлына бабаларынан мирас болған билік дәстүрдің тамыры тереңде жатыр. Өз әкесі Өтетілеу Кетебайұлы 1809-1827 жылдары Сырдарияның төменгі ағысындағы қазақтарды билеген Бөлекейұлы Қасым ханның Орда биі қызметін атқарды. Қарақұмда 1841 жылы хан көтерілген Кенесарының Өтетілеуді Шөмекейдің құрметті биі етіп тағайындағаны тарихи шындық. Әкесі 1845 жылы дүниеден озғаннан бастап Пірәлі ел билігін ұстады.
Пірәлі бидің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамында алатын орны елеулі болды. Бұған бидің Ресей мен Бұхар хандығы арасында жүрген керуендерге ресми рұқсат беретін мөрі болғаны – нақты дәлелдің бірі. Өйткені, мөр мемлекеттік басқару дәстүрінен сол қиюы кеткен замандағы қалған жалғыз белгі еді.
Пірәлі би туралы халық жадында қалған аңыздар мен әңгімелер өте көп.  Сыр өңіріне белгілі би Үмбет Ғалиұлы кезінде  кейіпкеріміздің «...Пірәлінің басқа билерден артықшылығы ресми мөрі бар және де бір басына ерекше үш қасиет қонған. Біріншісі, етінен ет кесіп алсаң да ашуы жоқ, сабырлы; екіншісі, басына қандай жағдай туса да біреуден кеңес сұрамай, өзі шешіп отырады; үшіншісі,  ертеңгі күнді болжайтын көреген» – деп бағасын беріпті.
Пірәлінің әкесі Өтетілеу би Кенесары ханды барынша қолдаған тарихи тұлға. Салық төлеуден жалтарған би Жанғабыл Төлегеновтің 1844 жылы ханның  95  жасақ­шысын өлтірткені белгілі оқиға. 1845 жылы қыста хан қапыда мерт болған жасақшыларының құнын даулау миссиясын Өтетілеу биге тапсырғаны жазба деректерде хатталған. Өз кезегінде қартаң бидің Сырдария бойында көшіп жүрген Ж.Төлегеновтің ауылына баласы  Пірәліні жұмсағаны ел аузында айтылады.
Пірәлі бидің бейнесі Сыр сүлейлерінің басым көпшілігінің  шығармашылығынан орын алған десек, артық айтқандық емес. Оларда Пірәлі бидің  басқарушылық, мәмілегерлік, шешендік қасиеттері шынайы да шебер суреттеледі. Ел бірлігін ойлаған бидің жер, жесір, құн дауларын әділдікпен шешіп, дауласушы тараптарды бітістіріп отырғаны туралы әңгімелер ел арасында да ұмытыла қойған жоқ. Сыр өңірі шежіресінің білгірі, жазушы Т.Дайрабай осынау рухани мұраларды архивтік материалдармен толықтырып, бірнеше кітаптарына ендірді. Бидің өмірі мен елге жасаған қызметі жайлы мәліметтерді  «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан шыққан «Сыр елі» (2005 ж.) және «Қазақ көтерілістері» (2014 ж.) энциклопедияларынан да табасыз.
Пірәлі би Бұхар әмірлігі, Қоқан, Хиуа хандықтарымен мемлекеттік мәселелерді шешуге тікелей араласады.
1852 жылғы қараша айында Орынбор шекаралық комиссиясының Орынбор және Самара генерал-губернаторына жазған баянхатында (Байсал Шерғазиевтің мәліметі бойынша): 1852 жылы маусым айында сұлтан Елікей Қасымовтың Хиуа ханы Мұхаммед Аминге өзінің отбасын босатуды сұрап хат жазып, оны тапсыруға Шөмекей руының биі Пірәлі Өтетілеуов бастаған 7 адамды жұмсағаны жазылған.
1858 жылы көктемде Пірәлі би Хиуа ханы Сейд Мұхаммедтен 1857 жылы барымталанған 9 мың жылқыны кері қайтаруын талап еткен еді. Алайда хан оны қамауға алып, зынданға салады. Кейін шөмекейліктермен жауласа берудің тиімсіз екенін ойлап биді босатады.
1859 жылы қыркүйекте Жаңадарияға жақын Заңғартөбеде қоныстанған Жанқожа Нұрмұхамедұлы Пірәлі биге хат жазып, оны Қарасақал руының биі Дабылмен арадағы мәселе бойынша ақылдасуға шақырады.
Екіншісі, Пірәлі Өтетілеуұлының тарихымызда алтын әріптермен жазылған ұлт-азаттық қозғалысына қосқан ерекше үлесі. Бабалары өсиет еткен азаттық идеясын темірқазыққа балаған Пірәлі би отаршыларға  қарсы,  түптеп келгенде, тәуелсіз ел болу мұратына қол жеткізу үшін күресті. Ұлт-азаттық күрестің туын көтерген Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Садық Кенесарыұлы сынды дара тұлғаларымыздың қасында ортақ жауға қарсы иық түйістіре ұрысқа түсті. Қарауындағы халықты бастап жан-жақтан төнген басқыншылармен тікелей айқасты.
Тезисті түрде айтылған ойларымызды негіздеу мақсатында Пірәлі би туралы көптеген дереккөздердің ішінен  «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» атты көптомдық (Т. 9. – Алматы, 2008.) деректер жинағындағы және «История Казахстана в документах и материалах» (Вып.3.-Караганда, 2013.) атты альманахтағы нақты тарихи деректерге сүйенеміз.
Пірәлі Өтетілеуұлының ұлт-азаттық қозғалысындағы рөлі мен орнын  айқындауда Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы  Сайфулмаликова Сабира Сабытханқызының «Орталық Азиядағы Сырдария, Закаспий облыстарының қазақ тұрғындары (саяси-экономикалық аспектілері) (1867-1917 жж.)» тақырыбындағы докторлық диссертациясындағы (Алматы, 2010.) тың деректер, ғылыми тұжырымдар мен дәйекті дәлелдемелердің ғылыми құндылығы өлшеусіз.
Енді осы  еңбектердегі тың деректер мен дәйектердің бірқатарын рет-ретімен келтірейік.
1853 жылы наурыз айында Түркістан қаласының әкімі Ташмұхамед датқа Кете, Шөмекей руларының Пірәлі би, Тоғанас батыр, Қожеке батыр, Күрек, Жаман, Пшан, Ораз, Бостан, Шахмырза, Мекей, Ақкөбе, Жанай батыр, Ордабай, Арбаб сынды құрметті азаматтары мен игі жақсыларына «орыс отар­шыларына қарсы бірлесе күресейік» деген мазмұнда хат жолдайды.
1856 жылы желтоқсанда Жанқожа Нұрмұхамедұлы №1 форт маңында Бұхарадан келе жатқан сауда керуенін шапқан. Шабуыл жасағандар арасында Пірәлі би мен Жарылқап Манасов  басқарған қазақтар да болды.
1857 жылдың 8 мамырындағы мәліметте Жанқожа батырдың Пірәлі биге өтініш жасап Бұхар әміріне және Қоқан ханына оқ-дәрі, астық сұрауға жібергені айтылған.
Жанқожаның көтерілісі басып-жаншылғаннан кейін Сырдарияның төменгі ағысындағы Ресей отарлаушыларына қарсылық ошағын Шөмекей руының басшылары Пірәлі мен Жарылқап билер басқарды.
1858 жылы қыркүйекте Хиуа ханы Сейд Мұхаммедтің бұйрығымен Дәуқарада бекініс салынып, оны басқаруға тағайындалған Якуп-бей Шөмекей руының билері Пірәлі мен Жарылқаптан салық талап ете бастайды.
Жаулап алған жерлердегі орыс отаршыларының қысымы салдарынан 1863 жылдың маусым айының соңында Пірәлі би Өтетілеуов пен Әли би Мүсіреповтің басшылығымен Қызылқұмдағы Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы иеліктеріне 200 ауыл  қоныс аударады.
Сырдария шебінің бастығы 1865 жылы тамызда әскери губернатор М.Г. Черняевқа жазған аса құпия мәліметінде: «Орынбордан шыққан №7 батальон мен 4 казак жүздігінің қажетіне Жаңадария қазақтарынан мал жинауға аттанған әскер олжасыз қайтты. Пірәлі Өтетілеуов пен Жарылқап Манасов Жаңадария мен Қуаңдарияға үндеу хат таратып, қазақтарды қарсылық жасауға үгіттеді. Әскердің олжасыз қайтуы да осы үндеу хатпен байланысты болды» деп жазады.
Пірәлі би хатының мазмұны: «Бұхар әмірінің қабылдауында болып, әмір біздерге (Пірәлі, Жарылқап) 2 мың адам беруге уәде берді. Маған – Нұратадан, Жарылқапқа Қара­құмнан жер бергенімен, біздер (бұл ұсынысты) қабылдамадық. Әмір Қоқан хандығына көмек көрсетуге уәде берді, бірінші – Қоқанға, кейін Әзірет сұлтанға (Түркістанға) бармақшы. Нұрата бектігі де 2 мың адаммен шығатыны жөнінде хабарлады. 15-іне дейін шешім қабылдап және дайын болуыма тапсырма берілді. Жарылқап би Қарақұмнан 2 мың адам, Хиуадан 2 мың адам алғаны жөнінде хабарлады». Аса құпия деп берілген Пірәлі хатының мазмұны Кіші жүздегі қазақтардың Бұхар, Хиуамен байланыста болғанын және Бұхар әмірінің (Сейд Мұзаффар) Ресейдің аймақтағы жаулаушылық соғысына қарсылық көрсетіп, Түркістанға дейін жету жоспары болғанын аңғартады.
1866 жылғы сәуірдегі Гудзе дегеннің құпия мәліметіне сүйенсек, Хиуа ханы Пірәлі мен Жарылқап билерге Ресей билігіне бағынған Сырдарияның төменгі ағысындағы қазақ ауылдарына шабуыл жасауға тапсырма береді.
Орыс әскері Ташкентті алғаннан кейін (1865 жылғы маусымда), Сырдарияның төменгі ағысындағы Пірәлі, Жарылқаптардың Бұхар әмірлігі, Хиуа хандықтарымен одақтаса бастауынан отаршылар аса қауіптенеді. Сондықтан да 1865 жылы қарашада генерал М.Г. Черняевтің нұсқауымен бұларға  қарсы жүргізілетін шаралар бекітіледі.
1867 жылғы 3 мамырда Жаңадарияның сол жағасына Бұхара жақтан Садық сұлтан және Пірәлі би бастаған 1000 сарбаз келген. Бұларға қарсы №1 форттан (кейіннен Қазалы) есаул Г. Анчоков (Ончеков) бастаған орыс әскері шығады. Қазалыдан 143 шақырымдай жердегі Сарбұлақтың маңайында 7-9 мамырда екі жақтың қатысуымен үлкен шайқас өтеді.
Алғашқы ұрыста орыс әскерінің 19 адамы қаза тапқан. Ұрыс жөнінде орыс әскерилері былай баяндайды: «...Үш күнге созылған қоршау кезінде күннің ыстықтығынан жан-жағымызда өлген адамдар мен жылқы сүйектері шіріп, мұны көргендердің тамақтарынан қан аға бастады. Қиын жағдайға қарай бұлаққа шегінуге бұйрық берілді». Қоршаудағы орыс әскеріне көмекке штабс-капитан Пиатровский басқарған әскердің келуіне байланысты қазақ қосыны кері шегінеді. Аталған  шабуылдың нәтижесінде Қазалының №2 фортпен және Ташкент, Орынбормен байланысы үзіліп, оқшау қалды. 11 мамыр күні Садық басқарған әскер Қазалыдан 90 шақырым жердегі Ақжар станциясына шабуыл жасап және №2 форттан Елабугалық 2 көпесті және офицер Кривохижинді тұтқынға алады.
Бұхардан бөлек аймақтың жаңа соғыс алаңына айналуы Патша үкіметін қатты шошындырғанын жоғарыда айтқан болатынбыз. Отаршылар  Пірәлі би, Жарылқап би бастаған  шайқасушы шөмекейлерге (саны жағынан көп) басқа рулардың қосылып кетуі қаупі болғандықтан, жедел әрекет ете бастағаны сол кездегі құжаттар мазмұнынан айқын көрінеді. Сондай бір құжатта: 1868 жылы қаңтарда Бұхарадан майор Пузыревский басқарған 8 батальонның 1 ротасы, 10 казак, 2 станокпен қаруланған әскердің Садықтың қозғалысына бақылау қою мақсатында  Сырдарияның төменгі ағысындағы Жаңадарияға аттанғаны көрсетілген.
1868 жылы 1 сәуірде Пірәлі бастаған билер Бұхарадан Нұратаға келген Садыққа өздеріне сұлтан болуға ұсыныс жасайды.
1868 жылы сәуірде Қаттықорған, Самарқан түбіндегі шайқастарда орыс әскерінен ойсырай жеңілген Бұхар әмірі Сейд Мұзаффар олардың протекторатын мойындауға мәжбүр болады. Әмірдің бұл әрекетіне халықтың наразылығы күшейіп, көтеріліс басталады. Көтерілісті Мұзаффардың ұлы Абдумалик (Қатты төре) және Садық сұлтан басқарады. Осы текетірес кезінде Пірәлі би бастаған қазақтар (Қызылқұмдағы қазақтардың негізгі бөлігі)  Садықты қолдап, онымен бірге Кермене, Жызақ және т.б. қалаларды басып алады. 1868 жылы қыркүйекте көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін қазақтар Нұратаға қайта оралады.
Деректерде «Садықтың 1869 жылы тамызда Дәуқарадағы Қарағұл сайында тұрғаны және Боқан тауындағы Пірәлі бастаған шөмекейлерден Қазалыға аттану үшін 300 түйе жинағаны, оның Сырдарияға шабуыл жасау арқылы Орал, Торғайдағы көтеріліске байланысты орыстардың назарын өзіне бұру мақсаты болғаны, Есетке (Көтібарұлы) де хат жолдағаны»  айтылады.
Осы кезеңде Пірәлі би Хиуадағы түрікмен, қазақтармен бірігіп, отаршылар Қызылқұм қазақтарын басқаруға қойған Дост-Мұхаммедтің ауылына шабуыл жасап, оның өзін тұтқынға алады. Бұл оқиға барысынан да Ресейге күшпен қосылған Қызылқұм ауданындағы қазақ ауылдарының отаршыларға қарсылық әрекетін көреміз.
Тарих ғылымдарының докторы С.С.Сайфул­маликова диссертациялық жұмысында «орыстар­дың жаулаушылық соғыстарына қарсылық көрсеткен қазақтардан Садық Кенесарыұлы, Әзберген Мұңайтпасұлы, Пірәлі Өтетілеуұлы және тағы да басқа саяси лидерлер шықты» деген өз ғылыми тұжырымын Өзбекстан, Қазақстан, Ресей архивтерінен алынған материалдармен жан-жақты дәлелдеген. Диссертацияның ғылыми қорытындылары отандық тарихнамаға қосылған маңызы ерекше жаңалық ретінде отандық тарихшылар қауымдастығы тарапынан мойындалды. Яғни, біздің баянымыздың арқауы – Пірәлі би  Өтетілеуұлының ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі болғаны туралы тұжырымы да ғылыми негізделген ақиқат.
Зерделі қауымның келтірілген материалдардан Пірәлі би Өтетілеуұлының қазақ қоғамындағы қайраткерлік орнын байқайтыны талассыз. Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының «Жолай Алмасқа» атты толғауы (1902ж.) пікірімізді растай түседі. Толғауда жатжұрттық отаршылдардың, басқыншылардың баса-көктеп кірген озбырлықтарына қасқая қарсы шапқан күрескер азаматтардың (Жолай би-батыр – Ер Кетебай би – Өтетілеу би – Пірәлі би – Алмас би)  қаһармандық, жауынгерлік іс-әрекеттері баяндалған. Жырдың Пірәлі биге арналған тұсынан үзінді келтірейік:
...Пірекем заманында келген орыс.
Қазақтан қала салар етіп қоныс,
Көп айтқан қазақтарға тыңдамаған,
Бала үшін қылайық деп үлкен соғыс...
Пірәлінің өзімен қатар жүріп, отаршылармен арпалысқан Аман, Алмас атты екі ұлы болған. Т. Салқынбайұлының жоғарыда аталған толғауында «...Садықтың «Сарбұлақта» ұрысында көрсеттің қайрат-жүрегіңді... Садықтан жүлде алған арыс­тан ең, толтырған домалатып алдын басқа...» деп, Алмастың азаттық жолындағы күрескерлік тұлғасын бейнелейді. Алмас биден тұқым жоқ. Бейіті – Қызылорда облысындағы Байқожа бекетінде. Аманнан – Мәртсадық (есімін Садық сұлтанның ерлігіне тәнті болып, ырымдап қойған). Мәртсадықтан – Мысыр. Одан – Манарбек, Базарбек, Тынышкүл. Қызылорда қаласы Талсуат қыстағының тұрғыны Тынышкүл Мысырқызының қолында Пірәлі бабаның материалдық мұрасы киіз үйдің есігі, үштағанды темір ошақ сынды құнды жәдігерлер бар.
Халықтың қаһарман рухын мәң­гі­лік әлсіретпеу қағидатын ұстанған баба­­ларымыздың, елдің қорғаны,  ұр­пақ­­тың, ұлттың болашағын ойлаған қайрат­кер­леріміздің тағылымын ұрпақ санасына сіңіру-жаһандануға жұтылып кетпеуіміздің кепілі болмақ. Демек, Тәуелсіздік дәуі­рінде Пірәлі Өтетілеуұлы сынды дара тұл­ғаларымыздың есімдерін ұлықтау жұмыстары ортақ мүддемізге жауап береді. Ол мүдде  – бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақ  Мемлекетінің  жасампаздығын  қамтамасыз ету.

Қали ОМАРОВ,
ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар
академиясының мүшесі.
РУХАНИЯТ 06 қаңтар 2018 г. 820 0