Есілдегі ерке қала

Жуырда Мемлекет басшысы Астана қаласының 20 жылдығын тойлау туралы өкімге қол қойды. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер-жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналды. Сәл шегініс жасап, елордамыздың жылнамасына көз жүгіртер болсақ, сонау 1997 жылдың 20 қазанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланған күн еске түседі. Иә, сол жылдың қара күзінде Мемлекет басшысы жаңа астана төрінде республикамыздың мемлекеттік нышандарын орталық алаңда салтанатпен қарсы алған болатын. Міне, осы сәттен бастап, Алатаудың бөктеріндегі әсем қала – Алматыда қоныстанған мемлекеттік органдар Арқа төсіне ат басын бұра бастаған еді. Ал 1998 жылдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Дегенмен, 2006 жылдан бастап елорда күні 10 маусым емес, 6 шілде күні кеңінен аталып өтуде. 1994 жылдың 6 шілдесі күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің жалпы отырысына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға қазақ елінің елордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы идеясын ұсынып, оны нақты әрі мығым фактілермен дәлелдеп шықты. Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде, бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, даулас¬пайды», деп жазады.
 Елбасымыз жаңа астананы таңдауды 32 өлшем бойынша жүргізген еді. Соның ішінде аса маңыздылары: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, лан䬬шафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстарының болуы. Ал сол барлық өлшемінің негізінде тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққан еді. Бүгінде бұл шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды.
Мемлекет басшысы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазуынша, бұл бiрiншiден, Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi. Астана Еуропа мен Азияның шектескен тұсында, яғни Еуразия құрлығының қақ ортасында, мұхиттардан бiрдей қашықтықта орналасқан. Еуропалық және азиялық дәстүрлердi бойына тоғыстырған бұл қала Батыс пен Шығысқа да, Оңтүстiк пен Солтүстiкке де ашық бола алады. Екiншiден, бұл шешiмде қауiпсiздiк мәселесi де елеулi рөл атқарды. Тәуелсiз елдiң астанасы сыртқы шекаралардан мейлiнше қашық және елдiң орталығында болуы тиiс едi. Үшiншiден, астананы өзгерту Қазақстан экономикасын сауықтыру үшiн де қажет болды. «Төртiншiден, Астананы құрамы жағынан көп ұлтты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қазақстанды мекендеген этностар арасындағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақтығыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiндегi бағытымызға адал екенiмiздi тағы бiр дәлелдедiк» деп жазады Елбасы аталған кітабында.
Жалпы, Қазақстан көшбасшысына елордамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы тосыннан келмеген еді. Оны Елбасымыз өзінің жоғарыда аталған кітабында жан-жақты жазған болатын. Ол жайында Мемлекет басшысы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай еске түсіреді: «Баяғы бір уақытта Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің аста¬насын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Рес¬публикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалған: осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?» деп, келте кесіпті.
Айта кетерлігі, Кеңес Одағы құрдымға кетіп, жаңа мемлекеттер отау тіккен тұста арандатушылық әрекетке барған адамдардың да көп болғаны тарихтан белгілі. Иә, Кеңес Одағының ішіндегі көп шекара өз заманында тым еркін тұспалмен белгілене салынған болатын бұл жайт егемендік шеруінен кейін іле-шала кейбір парасатқа бойлай қоймаған әрі жауапсыздау адамдардың бар шекараны қайта қарау қажеттігі туралы тіл безеуіне апарып ұрындырған еді. Мәселен, кеңестік диссидент Александр Солжиницын өзінің «Ресейді қалай жайластырамыз?» деген мақаласында қазақтардың ежелгі атақонысы – Қазақстанның солтүстік аумағын Ресейге қосып алу қажет деп сандырақтағаны бар. Сондықтан Қазақстанның астанасын республиканың солтүстігіне қарай, орталыққа қоныстандыру тәуелсіздіктің елең-алаңында күн тәр¬тібінде тұрған ең өзекті мәселе еді. Мұны Елбасымыз анық байқап, аз ғана уақыттың ішінде елордамызды Сарыарқа төріне қоныстандырды. Міне, осылайша әлем картасында орын алған Астанамыз бүгінде әлем жұртшылығын аузына қаратқан айшықты қалаға айналды. Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған жиында елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап бергені есте. «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстан¬дықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар», деген еді Елбасы мерейтойлық жиында.
Бүгінде қазақ елінің елордасы болуымен қатар, халықаралық алқалы жиындардың да ордасына айналған Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік!
Әзірлеген
Ж.ӘЛМАХАН.
РУХАНИЯТ 03 қаңтар 2018 г. 577 0