ҚАЛАМНЫҢ ҚАРА ЖОРҒАСЫ

Марқұм Әбдібайдың дүниеден өткеніне де он жыл болыпты. Енді балалары әке-шешесін көппен бірге еске алып, ас бермекші екен. Айналайындарға әбден риза болып, көңілім толып отыр. Адам тәңірден ұрпақты не үшін тілейді. Әбдібай мен Тоқмейілге періштелер сездіріп те жатқан шығар. Сездірмесе, бұрын¬ғылар осындайда «бір аунап түскен шығар» деп айтпас еді ғой.
Мен Аралдан, Әбдібай Жалағаштан. Екеумізді кездестірген өмір жолымыз ғой. Жалағаш аудандық газетінің редакциясында танысқанбыз. Мектепті ауылда бітірген. Қоғамдық еңбекке араласқан. Әскерде үш жыл болған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистік бөлі¬міне әлгіндегі себеппен кешігіп түскен. Редак¬цияға практикалық сынақтан өту үшін келген. Ауылдан таңертең келеді. Кешке дейін редак¬ция журналистерімен бірге болады. Жұмыс соңында автожол трассасына шығып көлік ториды. Үйіне жетіп қонып, ертеңіне таңертеңгілік тағы да жолға шығады. Кейде редакцияның тапсырмасымен елді мекендерде болатын көрінеді. Оқуын бітіргенше практикасын сол аудандық газет редакциясында өткізген.
Арада белгілі уақыт өткенде екеуміз енді облыстық газеттің редакциясында екінші рет кездестік. Бұл жолы қолында дипломы, жолдамамен келіпті. Редакторымыз Қ.Әбенов редколлегия мүшелерімен кеңесіп, Әбдібайды редакцияның өндіріс және транспорт бөліміне әдеби қызметкер етіп бекітіпті. Бөлім меңгерушісі белгілі журналист Мырқы Исаев. Оның қаламы қандай өткір болса, өзі де тынбайтын еді. Жазбайтын мәселесі, қамтымайтын тақырыбы Мәкеңнен қалған. Мінезі де шалт, ісі де шалт, бұрқыратып тез жазады. Иманды болғыр, жазып тастаған материалының анау-мынау ағаттығын да, жазу машығының кейбір кемшілігіне де қарамайтын. Кейде асыра сілтеп жіберіп, басы дауға қалып та жататын.
Міне, мен білетін Әбдібайдың оқуын бітіргеннен кейінгі алғашқы журналистік қадамы осындай «сегіз қырлы, сексен сырлы» Мәкең жездемнің басшылығымен басталды. Редакцияның сол кездегі жас жігіттері, біздер, радиожурналист Жаппарханов Өтегеннің Әбдібайға қойған «кличкасы» «Шешен баланы» қатарымызға қосып алып, қызметтес жолдас болып кеттік.
Дегенде, Әбдібай өндіріс бөлімінде көп тұрақтай алмады. Мәкеңнің тезіне екінің бірі шыдамайды. Оған шыдап тілін таба алған Нұрпейіс пен Жолдасбек болды. Редакторымыз Қалекең секретариатта отырған Нұрпейісті Мәкеңнің қарауына жіберіп, Әбдібайды совет құрылысы бөліміне отырғызды. Қаламы баяу да болса, бірте-бірте ұшталған досымыз бөлім меңгерушісі Дархан Сапаровпен райлы жағдайда тіл табысып, бірлікте болды. Ендігі ауыс-түйіс тағы да қызық болды. Дархан редактор атасының алдында еркін еді. Қалекеңе Әбдібайды секретариатқа ауыстыруды, ал оның орнына партия тұрмысы бөліміндегі мені ауыс¬тыруды өтінеді. Содан не керек, айтқаны болды. Қолдаушың болмаса, қаламың алтын болса да, ескексіз қайықтай желдің бағытымен ығып жүргенің.
Әбдібай екеуміздің басымыздан осындай жағдайлар өтті. Екеуміздің пікірлес, ыңғайлас болуымызға көрші тұрғанымыздың да себебі болған шығар. Тұрған үйіміздің арасында үй жоқ. Қалекеңнен кейін редактор болған Нұрекең, Нұрділда Уәлиевтің басшылығымен бір жарым жылдай бастауыш партия ұйымының хатшысы болғаным бар-ды. Маған дейін хатшы болған Шайзада Рахметбек¬ов денсаулығының сыр беруіне байланыс¬ты арызданып босаған болатын. Мен де қайбір партияшылмын. Нұрекеңнің ықыласымен келіскенмін.
Мұны айтып отырғанымның мәнісі Әбдібайға байланысты. Жауапты хатшының орны босаған-ды. Бір күні Нұрекең мені шақырып алып: «Сені жауапты хатшылыққа ұсынғалы отырмын» демесі бар ма?! Жаухатшы – редакцияда төртінші тұлға. Айлық жалақысы да жақсы. Осындай артықшылығын біле тұра ойланып көрейін дедім. «Ойлануыңа бір күн бола ма?» деді Нұрекең күліп, осындайда сөзіне юмор араластырып айтатын дағдысымен. Жауапты хатшының мін¬деті техникалық жұмыс және редакциялық ішкі жұмысты күнделікті ұйым¬дас¬ты-ру¬шы. Әр күні редакция мен баспахананың арасында өтеді. Ойланып жазып отыруға қолы тимейді. Жазудан қарайып қалады. Жоспарланған материалдарды газеттің төрт бетіне орналастырып отыру үшін күнбе-күн макет сызып отырғаны. Авторларға қаламақыны да жаухатшы қояды. Редакцияға күнде ерте келуі керек. Ал газеттің нөмірі басылып шығатын күні үйіне түнде қайтады.
Осындай қара жұмысқа табаным тартпады. Мен жазудың адамымын. Әсіресе, қаламақы белгілегенде біреуге артық, біреуге кем қойылып кетуі де мүмкін. Ондайда өкпеге қаламын. Макет сызып, тиын-тебен есептеп отырып қалады екенмін. Қаламым да жетімсірейді екен. Онан да бұрынғы бөлім меңгерушілігім мен редколлегияның 6 мүшесінің бірі болып жүргенімді жөн көрдім де, Нұрекеңе кіріп, сенім көрсеткеніне ризашылығымды айттым. Нұрекең: «Партия ұйымының хатшысы ретінде кімді ұсынар едің?» деді. Секретариатта біраз тәжірибеден өтті ғой. Әбдібайды... – деп Нұрекеңе бата алмай күмілжідім.
Қызық болғанда, Әбді¬байдың жаухатшы болғанына өзімізде де, сырттағы әріп¬тестеріміздің ¬арасында да таңғалғандар болды. Хал¬қы¬мызда: «Кедейдің жаңа көйлегі де көзге түскіш» дей¬тін нақыл бар. Қалай тауып айтқан?! Біз сияқты те¬сік-өкпе кедейдің ұрқыны қызметтен өспеуі керек пе?
Әбдібай содан жау¬хат¬шы¬ның жұмысына бе¬рі¬ліп кірісті. Қанша дегенмен, көрген-түйгені, сыннан тә¬жі¬рибесі бар ғой. Жұмысын игеріп алды. Кейін не себептен екенін білмедім, жаңа редактор оны бөлімге ауыстырды.
Досымыз облыстың мәдениеті мен руханиятына бір кісідей еңбек сіңірді деп айта аламыз. Жаратылысы орнықты, ақырын жүріп, аңдап басатын байсалды еді. Мінезі де салмақты, артық сөзге жоқ, қарбалас қоғамда да жолдас, досқа деген бірқалыпты қарым-қатынасынан жаңылған емес. Кей-кейде отбасы тарығып қалатын кезде де көңілі тоқ жүретін. Жоққа апшымайтын. Бізді өкіндіргені өмірден ерте кетті. Есте қалғаны өмірден асықпай, аптықпай жаратылысындағы байыпты қалпында өтті. Көңіліміздің орныққаны ерлі-зайыпты екеуінің арты рәуішті. Тоқмейілдің әлпештеп өсірген балаларының азамат болып ер жеткені. Әуелі Әбдібай, көп ұзамай ерінің артынан бір-бірін қимағандай Тоқмейілдің бақи болғанымен, өмірлері балаларымен, немере-шөберелерімен жалғасуда. Соған шүкіршілік дейміз. Пейіште нұры шалқығай.

А.СӘДІБЕКҰЛЫ.
РУХАНИЯТ 16 желтоксан 2017 г. 769 0