
Адамзат баласы пенде болып жаратылғаннан соң бұл жалғанда түрлі қиындықтарға тап болуы немесе басына ауыр жағдай туғанда әл-дәрмені таусылуы әбден мүмкін. Осындай жағдайларда адам баласының жұбанышы – сабыр болары да сөзсіз. Өйткені, сабыр сақтай білу өмірдің тауқыметін жеңе отырып, жаңа ғұмырға жол ашады. Тағдырға налығанмен де ертеңгі күнінің жарық боларына сенеді. Сабырлық таныту адам баласын парасаттылықтың шыңына жетелесе, бір жағынан елеулі жетістіктерге қол жеткізеді.
Сонымен сабыр сөзіне қысқаша анықтама беріп көрелік. Сабыр сөзі араб тілінде «الصبر – ас-сабру» деген сөз. Тіліміздегі мағынасы: «шыдамдылық таныту» дегенді білдіреді. Ал шариғатымыздағы терминдік мағынасы: «Жаратқанның разылығын алу ниетімен өмірде кезігетін түрлі сынақтарға, қиындықтарға асқан ұстамдылықпен байыптылық көрсету» деген сөз.
Сабырлылық таныту, сабырлы болу дегенді тек діни (имани) түсінікпен ғана шектемеу керек, оның дүниелік тұрғыдан да аса маңызды екендігін, яғни осы дүние тіршілігімізде де өзіндік орны бар екендігін айтуымыз керек. Әрине сабырлы пенделерді Алла Тағаланың ерекше жақсы көретіндігі ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда Раббысын танитын мұсылман пенде үшін сабырлы болудың орны ерекше болмақ. Өйткені мұндай пенде Алласын таниды һәм Одан үміт етеді.
Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы.