ЖЫР БҰЛАҒЫН ТАСҚЫНДАТЫП...

Айтыс – Сыр бойының қашаннан бауыр басқан төл өнері. Халық арасынан шыққан ақындар өлеңді өнердің пірі тұтып, басқа қонған бақ, абырой санаған. Оны құрметтеп, табиғат сыйлаған талант қуатымен аламан бәйгеге қосқан тұлпарлардай бір-бірімен жарысып, жақсы өлең туындату жолында жыр додаларына түскен. Осылайша арқалы ақындардың әрқайсысы жыр бұлағын көктемгі өзендей тасқындата білген.

Бүгінде сөз бәйгесінде топ жарып жүрген жастар шоғыры бір төбе. Солардың қатарында суырылып алға озып, дарындылығымен көпшіліктің көңілінен шығып үлгерген Нұрмат Мансұров та бар. Нұрмат – бірнеше дүркін халықаралық, республикалық айтыстың бас жүлдегері, «Серпер» жастар сыйлығының, Қызылорда облысы бойынша «Айтыстың дарабозы» номинациясы мен «Сыр үміті» сыйлығының иегері. Ол 1985 жылы Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – заңгер. 2003 жылы Алматы Заң колледжін аяқтаған. Сондай-ақ Қызылорда гуманитарлық Заң университетінің түлегі.

Айтыс өнеріне жастайынан қадам басты. 2002 жылы облыстық сөз додаларында көзге түсіп, облыстық мәдениет басқармасының жолдамасымен республикалық айтыстарға қатысып жүрді. 2006 жылы облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығында қызмет атқарды. 2007-2014 жылдары «Қызылорда» қоғамдық телекомпаниясында редактор болды. Сонымен қатар «Ақ сөйле!» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етті. 2014 жылдан бері «Шалқар» ұлттық арнасының жүргізуші-редакторы. Халықаралық айтыс ақындары, жыршы-термешілер одағының мүшесі. Қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттау мақсатында Түркия, Франция, Өзбекстан елдерінде болып, жыр додаларына қатысты.

– Атадан балаға, ғасырдан ғасырға жеткен құндылықтардың бірі – айтыс өнері. Ол әлі күнге халықпен бірге жасасып келеді. Айтыс – қазақты тәуелсіздікке тәрбиелеген өнер. Еліміз демократияға бой ұра бастаған тұста осынау мыңжылдық өнеріміздің буы бұрқ ете қалды. Қазақтан басқасында айтысқа жоғары мінбер берілмейді. Айтыс – кез келген тақырыпты талқыға салуға болатын жалғыз өнер. Ой мен сөздің барымтасында кейде есең кететін, кейде есеңгірететін кездер болады. Бірақ мені бәрінен бұрын жаныңды салып айтқан шумақтарыңды тым аяусыз қысқартып, эфирге шолтитып шығаратын жағдайлар қынжылтады, – дейді айтыскер.

Нұрмат бала күнінен осы өнерге құштар болып өсті. Теледидардан айтыс болып жатса, алдында тапжылмай отырып көретін. Елдің ықыласы мен қазақтың қанына сіңген бекзат өнердің дұрыс насихатталуынан болар, ақындыққа жаны құмар жігіт кейін осы жолға бет бұрды. Заңгерлікті оқығанымен, сөздің айналасынан ұзап кеткен жоқ. Кіндігі Сырға байланғаны сондай, ол қазіргі күні еліміздің бас қаласында тұрып жатса да, айтыстарға туған жерінің атынан шығып жүр. Ақын жерлестерінің ішінен Мейірбек Сұлтанхан, Мөлдір Айтбаева, Ержан Әміров секілді ізбасарларын ерекше мақтан тұтады.

– Өнер сатылмайды. Бағаланады. Ал айтыста алған жүлде ақынның шын бағасы бола алмайды. Мысалы, кезінде айтыс өнерінің алтын діңгегі саналатын Сүйінбай, Жамбыл, Қатағандардың бағасы олардың халыққа арнаған сөзімен, өткір тілімен өлшенгенін білесіз. Меніңше, айтыстың жүлдесінен гөрі көркемдік маңызына, халыққа берер пайдасына көңіл бөлу керек. Халық айтысқа рухани ләззат алу үшін келеді, – дейді Н.Мансұров.


Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

РУХАНИЯТ 19 қыркүйек 2017 г. 733 0