ӨНЕР МАЙТАЛМАНЫ

Қаракөз Ақдәулетова Сыр еліне еңбегі сіңген өнер майталманымен қатар ұлағатты ұстаз. Тұран төрінен қанат қаққан қай әнші болмасын оның тәрбиесі мен тәлімін алып, арманына қол соза алды. Қаракөз Ақжігітқызының шәкірттері бүгінде шет ел және Қазақстанның үлкен сахналарында өз дәрежесінде орнын тауып үлгерген деп айтуға болады. Қазақтың жез таңдай әншісі Бибігүл Төлегеновадан дәріс алған ол, бүгінде өзі де ұстаз жолын жалғастырған жан.

Ол қазақ және шетел композиторларының классикалық әндері мен романстарын өзіне тән мәнермен орындауымен ерекшеленеді. 1985 жылдан Қызылорда музыкалық кол­леджінде «ән салу» мамандығы бойынша шәкірттер тәрбиелеуде. Сондай-ақ, Сыр бойының жас өнерпаз өрендерін шыңдап, оларды республикалық, халықаралық дең­гей­дегі үлкен додаларға қатыстырып, жүл­делі орындарды иеленуіне көп еңбек сіңіріп келеді.

Қаракөз Ақжігітқызы 1956 жылы 3 нау­рызда Сырдария ауданы, Комсомол сов­хозында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық инс­титутына музыка факультетіне оқуға түсіп, 1977 жылы сол институтты бітіріп, оқытушы болып қызмет жасайды. 1981 жылы Алматы қаласында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияға ән бөліміне оқуға түсіп, «Қазақ бұлбұлы» атанып кеткен профессор Б.А.Төлегенованың класын 1985 жылы бітіреді. Сол жылдардан бастап Қызылорда музыкалық училищесінде «Ән салу» бөлімінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасап, 2014 жылдан бас­тап меңгерушілік қызметін артынан ерген шәкірті Перуза Арғынбаеваға табыстап, өзі оқытушылық қызметін атқаруда.

1996 жылдың желтоқсанында «Қазақстан Республикасының ең­бегі сіңірген әртісі» құрметті атағына ие болды. 1997 жылы жел­тоқсан айында педагогикалық еңбегі үшін Білім министр­лігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2001 жылы желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл толуына байланысты Президент Н.Назарбаевтың «Алғыс хатын» алды. 2014 жылы облыс әкімінің білім беру саласы қызметкерлеріне тағайындаған сыйақысын иеленді. Қызыл­орда облыстық білім басқармасының «Құр­мет грамотасымен», облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Қаракөз Ақжігітқызы Халықаралық, Рес­публикалық өнер конкурстарында қазы­лар алқасының мүшелігінде. Атап ­айтар болсақ, Халықаралық «Бозторғай» балалар, республикалық К.Дүйсекеев атын­дағы, ағайынды Абдуллиндер атындағы вокалдық, М.Төлебаева атындағы вокалдық конкурстарға қазылық етеді.

Есімі бір аймақтың өнерпаз жастарына үлгі боларлықтай абыз ұстаздар, батагөй даналар халқымызда аз болмаған. Әсіресе, Қорқыт бабаның ізі бар «жыраулар мекені» атанған Сыр елінде даналық дәстүр, ұстаздық үрдіс ертеде-ақ дамыған. Осындай киелі мекен ән әлеміне Роза Бағланова, Мәдина Ералиевадай жезтаңдай әншілерді сыйлаған. Сыр бойы бүгінде күміс көмей әншілерден құр алақан емес деп ауыз толтырып айта аламыз.

Қоңыр даусымен, жүрекке жылы үнімен көрермен ықыласына бөленген өнер иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетованың есімі бұл күнде Сыр бойынан асып әлем аралап кеткені қашан. Тек аттарын атай бастағанның өзінде жүлдегер шәкірттерінің есімінен көз сүрінеді. Ұстаз балаларды балапандай мәпелеп, бірінен соң бірін өнер көгіне қанат қақтырып келеді.

Қаракөз Ақдәулетова бойында дарыны мен таланты бар жастарды көлеңкеде қалдырмауға тырысатын тұлға. Бұлақ көрсе көзін ашуға ұмтылатын ол талай шәкіртке қанат бітірді. Өнерліні жазбай танитын ұстаз бірталай әншіні биік белестерге қондырды. Қаракөздің шәкірттері өздерінің ұстаздарын ерекше мақтан тұтады. «Қандай жетістікке жетсек те апайымыздың арқасы» деп біледі.

– Қыркүйек айынан маусым айына дейін өнерге келген балаларды сахна мәдениетіне дайындап, дауыстарын тегістеп, таза айту бағытын түсіндіруге тырысамын. Талантты балалар көп келуде. Ал үлкен конкурстарға қаржы ыңғайына қарай баруға тырысамыз. Облыстық мәдениет басқармасының ықпалымен жылына бір немесе екі рет барамыз. Өткен жылы Грузия еліне барып, өнер көрсеттік. Ал биыл жақында ғана 16-24 тамыз аралығында «Біз ХХІ ғасыр өрендеріміз» атты халықаралық жастар және жасөспірімдер өнер фестиваліне қатысып келдік. Дода Болгария мемлекетіндегі «Солнечный берег» қаласында өтті. Фес­тивальға Қызылордадан 7 бала дайындап апардық. Біз вокал номинациясы бойынша жас ерекшеліктері 6-9 жас, 10-13 жас және 14-18 жас аралығында өнер көрсеттік. Өнер додасына 200-ден аса балалар қатысты. Нәтижесінде «Балақан» номинациясы бойынша менің оқушым Арслан ­Толыбек «Бас жүлдені» жеңіп алды. 1 орынға жас ерекшелігіне қарай Арайлым Берік, Бағдаулет Исабеков және Нұрасыл Ақылбек ие болды. Балалар үлкен мектептен өтіп келгендей әсерде келді. Себебі, тәжірибе жүзінде басқа сахнада өздерін шыңдай түсті, – деді ұстаз.

Қаракөз Ақжігітқызының класын бітір­ген оқушылары республикамыздың түкпір-түкпірінде мәдениет саласында жұмыс атқа­руда.

Қазіргі таңда шәкірттері Бибігүл Жанұзақ ҚР еңбегі сіңген Мәдениет қайраткері, Астана опера театрының солисі, Самал Байсейтова Қызылорда облыстық филармониясында солист ретінде жұмыс жасайды және Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Ән салу» бөлімінде оқытушы, Мақсат Мақұлбеков, Тахауи Рахметов халықаралық конкурстардың лауреаттары, Алматы қаласындағы Абай атындағы академиялық опера және балет театрының солистері. Қазіргі таңда Мақсат Мақұлбеков Қызылорда облыстық филармониясында солист ретінде жұмыс жасауда. Жадыра Белгібаева Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Ән салу» бөлімінде оқытушы. Алмас Кішкенбаев Қазақстанның эстрада жұлдызы. Міне, осы шәкірттері бүгінде еліміздің мәдениетін көтеріп жүрген өнер қайраткерлері.

Шынар БЕКБАН.

РУХАНИЯТ 14 қыркүйек 2017 г. 956 0