
Театр – өнерді сүйетіндерге ғана емес, жарық дүниені, өмірді сүйетіндер үшін арналған. Сондықтан болар, мұнда бір уақыт келіп өзін іздеп-табуды, рухани мінез-құлқын тарап-тарануды әркім парыз санайды. Жуырда біз де Сырдың басты өнер ордасына, Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрына бас сұқтық. Өнердің қара шаңырағында жаңа маусымның шымылдығы түрілгелі жатыр екен. Шынайы өнерді сағынатын жұртшылық бұл жаңалықты қуанышпен күткені рас.
Жаңа, 63-ші маусымда сахнагерлер терең тарихтан сыр шертер қойылым ұсынды. Көзіқарақты көрерменді Ерсайын Төлеубайдың “Абай” спектаклімен қуантты. Бұл қойылым ұлы Абай туралы қазақ сахнасында 1940 жылдан бері қойылып келе жатқан үлгіден мүлде бөлек болды. Заңғар ақын заманының керағар тұсы ашылып, шындық пен әділдік турасында, оқу мен білім жайында тағылымды ой айтылды, қиындық пен әділет жолындағы күрес көрсетілді. Абай рухының ұлылығы ашылды. “Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан жанның” тереңдегі жұмбағы, Абай азабының айтылмай қалған тылсымы сомдалды. Сол кездегі дәстүрлі хандық, ауыл өмірі, Абай мен Оразбай арасындағы текетірес суреттелді. Қойылым барысында басты рөлді сомдаған Қазақстан жастар сыйлығының лауреаты Бақытбек Темірбековтың ерекше даралығы байқалып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Театрдағы шебер актерлердің кәсібилігін көре тұра, өлшеусіз еңбекті елемей кету мүмкін емес. Олардың теңдессіз шеберлігіне қарап-ақ, сіз еріксіз талантына тамсанасыз. Бастысы, қаланың у-шуы мен қым-қуыт тіршіліктен тынығып, жанға қуат аласыз. Бұл театрдағы бір күннен түйгеніміз.
М.СНАДИН.