ТУРАЛЫҚТАН ТАЙМАҒАН ТҰРЛАН

1976 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, Жамбыл гидромилиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалы ашылды. Институт ректоры М.Үркімбаевтың жасы әлі 30-ға толмаған кезі. Филиал ди¬рек¬торлығына доцент Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев тағайындалып, тарих, химия, педагогика, техника ғылымдарының кандидаттары – барлығы 11 адамнан құралған ұжыммен үлкен жұмысты бастап кетті. Осылайша, облыста бұрын болмаған гидромелиорация, гидромелиоративтік жұмыстарды механикаландыру, ауыл шаруашылығы құрылысы бағыттары бойынша жоғары білімді мамандар даярлау жұмыстары қызу қолға алынды. Филиалдың қалыптасып, оның институт дәрежесіне дейін көтерілуіне У.Бишімбаевпен бірге қоян-қолтық қызмет жасаған Тұрлыбек Өтешұлы Искаковтың да ерен еңбегі болғанын атап өткеніміз жөн.
Ауылда өскен қазақтың қарапайым қара баласы Шымкенттегі қазақ химия-технологиясы факультетін тәмамдап, химик-технолог мамандығын алған. Институтты үздік бітіргеннен кейін сонда механик-құрылысшы, инженер, 1973 жылдан бастап ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Жас ғалым 1977 жылы Қызылорда филиалында ұстаздық жолын бастайды. Тұрланның ұйымдастырушылық қабілетін жетік білетін филиал директоры Уәлихан Бишімбаев оны жалпы инженерлік факультетінің деканы қызметіне тағайындады. Тұрлыбек Өтешұлы жаңа қызметтің қыр-сырына Ә.Жұмадуллаев, Ә.Ибрагимов, Г.Ким, және Р.Тен секілді ғылым кандидаттарынан ақыл-кеңес ала жүріп, ұстаздықтың ұлықталатын қасиеттерін бойына сіңіре білді.
Филиалдың ашылу себебі Қызылорда облысына инженер, механик, құрылыс мамандары жетіспеушілігінен болғандықтан, оқу орнына студенттер қатарына шақыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары  тек біздің облыс төңірегінде емес, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Гурьев (қазіргі Атырау) облыстары аумағында да кеңінен жүргізілді. Қарапайым жұмысшыдан бастап, үлкен шенді басшылармен де тез тіл табысатын Тұрлан Өтешұлы кәсіби бағдар беру жұмыстарының қайнаған ортасында жүрді.
Ол ұстаз есебінде студенттер арасында да өте беделді декан болды. Өзі студенттерге талапты жоғары деңгейде қойса да, олардың мүдделерін қорғауда күш-жігерін аямайтын. Тіпті, басшылардың бет жүзіне қарамай, туралықты тайсалмай айтатын кездерінің талай куәсі болдық. Сабаққа дұрыс қатыспайтын студенттердің қателіктерін мойындатып жазаласа, оқу озаттары мен белсенді студенттерді барынша мадақтап, марапаттап отыратын.
Кейін әлемдік деңгейдегі ғалым атанған Т.Искаковтың ғылымға деген алғашқы қадамы Қызылордадағы біз айтып отырған филиалда басталды. Сол жылдары жоғары оқу орны ретінде енді қалыптаса бастаған филиалдың ауласында көзге елене бермейтін шағын үйшік пайда болып, оның мұржасынан түтін шығып тұратын-ды. Оған оқытушы біздердің өзіміз еш мән бермейтінбіз. Кейін анық болғандай, ол филиал директоры У.Бишімбаевтың үлкен ғылымға деген қадамын құптап тұрған құтты "үйшік" екен. Оның қара түтінінен  басталған, инемен құдық қазу азабы У.Бишімбаевтың әлемде алғаш рет мұнайбитумдық жыныстардың қоспасын пайдалану арқылы, керамикалық құрылыс материалдарын өндіруге, гидротехникалық, гидроизоляциялық, жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыруға болатынын нақты ғылыми жолмен дәлелдеп, тәжірибе жүзінде пайдалануға мүмкіндік бергенін білдік.
Академик У.Бишімбаев бас¬таған үйшікте қона жатып тер төккендердің ең белсендісі – Тұрлан ініміз болатын. Ұзақ жылғы ғы¬лыми ізденіс нәтижесінде ол 1981 жылы кандидаттық, ал 1994 жылы докторлық диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болды. Ғылыми ізденіс бағыты ұстазы У.Бишімбаевтың саласына жақындау болғанмен, Тұрланның жаңалықтары космостық кешендерге, яғни ғарышқа ұшатын ракеталардың ұшу алаңына пайдаланылатын жоғары сапалы бетондарға тікелей байланысты еді. Былайғы жұртқа айтыла бермейтін, мемлекеттік құпияда сақталатын ғылыми жаңалық иесі Тұрлан Өтешұлы – 93 патент пен жаңалықтар авторы. С.Королев атындағы Халықаралық сыйлықтың еліміздегі жалғыз (1986 ж.) лауреаты және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (2005 ж.), Қазақстанның құрметті инженері (2008 ж.). Сонымен қатар ол Оңтүстік Қазақстан облысы М.Әуезов атындағы уни¬вер¬ситетінің профессоры, Мәскеу авиация институтының (МАИ) және ҚР Ұлттық инженерлік академиясының (НИАРК) академигі. 200-ге жуық ғылыми мақаланың авторы. Жоғарыда аталған ғылыми лауазымдар мен атақтар Тұрлан ініміздің турашылдығымен, еңбекқорлығымен, ізденімпаздылығымен келген адал еңбектің нәтижесі, ұстазы, досы, сырласы, әріптесі, ағасы академик У.Бишімбаевтың үмітін асыра ақтағандығының белгісі.
Қызылордада қызмет жасаған жылдары Тұрлан халықпен етене араласып, Сыр елінің байырғы тарихи әдет-ғұрып ерекшеліктерін бойына сіңіре білді. Кімнің болса да отбасында болатын қайғы-қуа¬нышына ортақтасып, нақты көмек беруге, оларды бөлісуге дайын тұрды. Уәлихан мен Тұрлан інілеріміздің осы қасиеттері Сыр халқы үшін әлі жалғасуда. Содан да болар, екеуі де әр уақытта  қызметтес болған әріптестері – С.Қошқаровты, М.Досжановты, К.Синді, С.Әбдірахмановты, Т.Тұрғанованы, Б.Жанмолдаевты, Р.Кубеновті, С.Маханбетовті, Т.Кеншінбаевті, Е.Батырбаевты, Ә.Сағаевты, тағы басқаларды ешқашан естен шығарған емес. Ал өмірден озған аға-інілері мен әріптестерін қимастықпен еске алып тұрады.
Қызылордадан Шымкентке ауысқаннан кейінгі Тұрланның қызметтік өмірбаяны да  ауыз толтырып айтарлықтай. Қысқартып айтсақ, "Кристалл" ғылыми лабораторияның меңгерушісі, Шымкент облыстық өндіріс, энергетика, сауда департаментінің  директоры, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры қызметтерін аброймен атқарды.
Академик Тұрлан Өтешұлының ұстаздық ғылыми еңбектері жоғары бағаланып, "Ерен еңбегі үшін", «Ы.Алтынсарин» медальдарымен, "ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері" атағымен, көптеген төсбелгімен марапатталды. Бірнеше ғылым кандидаттары мен ғылым докторларына жетекшілік жасаған Тұрекең ғылыми ізденістерін бір сәт те тоқтатқан емес.
Жеті ондықты желкелеп отырған ғалымның жетістіктерін елге жеткізгенде жұбайы Күләш Тұлжанқызының еңбегін елемеуге еш қақым жоқ. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күләш қарындасым студенттерге жалпы этнопедагогика бағытында мазмұнды дәрістер оқуын жалғастыруда. Қазір бұл өнегелі отбасы ұл-қызынан өрбіген немерелерінің қызығына бөленіп отыр.
Академик У.Бишімбаевтың шәкірті, профессор Қ.Бисенов басқарып отырған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне биыл 80 жыл толады. Университ ұжымы бүгінгі таңда осы тойға қызу дайындық үстінде. Біздің университеттің көпсалалы болып қалыптасып, дамуына филиалдан басталып, аграрлық кейін Ы.Жақаев атындағы политехникалық институты болған оқу орнының біріктірілуі зор ықпал етті. Ал Тұрлыбек Искаков Қызылорда облысында жоғары білімді инженерлік гидротехникалық, механикалық, құрылысшы мамандар даярлаудың қиын кезеңінде еңбек еткендердің бірі болды.

Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда 
мемлекеттік университетінің профессоры.
РУХАНИЯТ 19 тамыз 2017 г. 719 0