
Ауылдың ақ шаңын аспанға көтеріп ойнайтын ол кездің балалары жұмысқа салғанда да арбаға жеккен аттай кете береді. Олар жалқаулықты білмейді. Балақты түріп бақша отап, жеңді түріп қап арқалайды. Өрісте де, егісте де бала жүреді. Еңбеккеш Ештай әкесінің қасиетін бойға тоқып өскен Айдарбек Сейітмұратов та – ауыл баласы. Бала кезінен-ақ ауырдың астымен жүріп үйренген ол оқуда да озат болды. СССР-дің 50 жылдығы атындағы кеңшар мектебін алтын медальмен бітірді. Қара жұмыспен құрыштай боп шынығып ержеткен жас 1982-ші жылы Шымкент денешынықтыру және спорт техникумына оқуға түсті. Туған аулына келіп, мектепте сабақ берді. Мұнан кейін Қызылорда пединститутын қызыл дипломмен бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шықты.
1990-шы жылдардан кейін қоғам құлдырап, өмір салтына өзгеріс ене бастады. Тіршілік тіні арқандай тарқатылып, тұрмысқа тауқымет келді. «Өкімет өлтірмейді» деген сеніммен тірлік кешкен жұрт нарық қос бүйірден қысқанда қай жаққа қарай жүрерін білмей адасты. Айдарбек те айлық бере алмайтын мектепте тұрақтап қала алмады.
1993-ші жылы Ештай ақсақал дүниеден озды. Ол кісілер талай тайғақ кешіп, таршылық көрсе де белі беріш боп қатып еңбектен ажырамап еді. Айдарбек марқұм әкесінің өмір жолына бір қарап алды да ертеңге еңкейтпей алып баратын тек еңбек жолы екенін ұқты.
Ол алдымен ауыл ортасынан дүкен ашып, Түркістаннан азық-түлік, киім-кешек әкеліп сатты. Бірақ алыстан ойлай алатын зерек жігіт ұсақ сауданың айналасында қалып қойғысы келмеді. Сөйтіп, «КамАЗ» жалдап, солтүстік облыстарға күріш апарып, жаңа жұмыс бастады. Ол жақта жоқты бұл жақтан, бұл жақта жоқты ол жақтан тасыды. Осы күндері қиындықтың не екенін түсінді. Ырғыздың жолында ығыры шығып жүгімен келе жатқан көліктің доңғалағы жарылып, неше күн жамбасы сыздап далада жатқандары бар. Апарған тауарларын арзанға өткізіп, ол жақтан ауылға керек деген азын-аулақ нәрселерді тиеп, оны сатып алатын адам таппай шығынға батқан оқиғалары бүгінгі өлшеммен өтіп кеткен бәлду-бәлду сияқты. Сол кезде осындай іспен айналысқан біраз жігіттер қиындыққа төзбей, жары жолдан қолдарын бір сілтеп кетіп те қалды.
Айдарбекке ондай осалдық тән емес-ті. Осылай біраз жайдың бетін ашқан соң сенімді жігіттермен бірігіп, «Южконтракт» мекемесін құрды. Біртіндеп нарықтық экономиканың талаптарына икемделді. Әйтеуір нарық заңынан түсінгендері сол, мекеме болмаса жұмыс та жолға қойылмайтынын білді. Ол шаруашылықтардың ыдырап, өз керегіне өзінің қолы жетпей жатқан бір кезең еді. Бұлар сол кезде облыстағы қаншама шаруашылықтың не керегінің бәрін жеткізіп тұрды. Біреуге ұн мен май, біреуге техника бөлшегі, енді біреуге тыңайтқыш керек. Осы заттардың өз көліктеріне тиеп кету үшін тапсырыс бергендер қалаға ағылып келеді. Сонда қала орталығындағы Айдарбектің үйі әр жерден келген шаруашылық басшыларының қонақ үйіне айналды.Тумысынан кеңпейіл зайыбы Ақманат солардың бәрін өз қонағындай күтетін. Алған тауарларының ақысын күзде, қара күрішпен төлейтін шаруашылықтардың сол қарыздарымен есептесе алмай кеткендері де бар. Қайтар дегенмен қолында беретіні жоқ. Әне, сондай бір еңбек еш болған күндер де артта қалды.
Кейіндеу Айдарбек пен достары қосымша шаруа қожалығын құрып, өздері де мың гектар күріш екті. Алға қарай адымдай берді.
2003 жылдан бастап Айдарбек Сейітмұратов «Механикаландырылған жұмыстар басқармасында» бас директор болып қызмет етті де, дербес мекеме жұмысын жүргізудің тәжрибелік жолынан өтті.
2006 жылы «Қазқұрылыссервис» серіктестігін құрды.
Бұл мекеме де де күн санап ер жететін ертектегі батыр бола қалған жоқ. Қаншама қиындықты жеңе білді. Алғашқы кезде өзінің кеңсесі де болмады, керек нәрсенің бәрін жалдап алатын. Айлап жұмыс тоқтап қалған кездерде қолда бар техникаларды қайта сатып, негізгі мамандарға айлық беріп тұруға тура келді. Жақсы маманнан айрылмау керек, олардың өзі қызмет істеп жатқан мекеменің болашағына деген сенімін жоғалпау керек.
Бүгінде мекемеде 200-ге жуық адам жұмыс істейді, 50-60 арнайы техника бар. Бас директор негізінен қызметкерлері мен жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына баса назар аударады. Тапсырылған нысанды мерзімінде әрі сапалы аяқтаған уческе басшыларын марапаттап отыруды жолға қойған. Айдарбек мекеме табысын мекеменің өз қызметкерлерінен аямайды. Жұмысты үлгілі ұйымдастырғандар астына шетелдік көлік мініп жатыр.
Мекемеге қарапайым жұмысшы болып кірген жастарды әуелгі күннен бақылауға алатын басшы болашақ кәсіби маман болатындарды іріктеп отырады. Оларды мекеме қаражатымен жоғары оқу орындарына түсіреді. Сондықтан болар, бұл жерге мекеме ашылғанда орналасқан мамандар мен ауыр жүк көлігін жүргізушілер сол орындарынан қозғалған жоқ. Әдетте, жеке мекеме қызметкерлерінің тұрақтамайтыны да жасырын емес қой.
Қазір Айдарбек Ешмұратов басқаратын 1-ші санатты бұл құрылыс мекемесі алыс-жақын әріптестері арасында мойындалған серіктестік. Бұрынғыдай біреуден бірдеңе алмайды, жалдамайды. Есік те өзінен, терезе де өзінен. Бетонды да өздері құяды. Құрылыс заттарынының өндірісін қоса алып жүрген мекеменің жұмысы қашан да озықтар қатарынан төмен түскен емес.
Мемлекет басшысы 5 институцианалды реформаны жүзеге асырудың қадамдарын қарастырғанда құрылыс саласына еурокодтар жүйесін енгізуді айтқан болатын. Бұл жүйе енгізілгенде кеңестік кезеңдегі құрылыс жүргізу нормаларын пайдаланып келе жатқан құрылыс компанияларының жұмыс сапасы арта түсері сөзсіз. «Қазқұрылыссервис» мұндай елеулі өзгеріске дайын мекеме. Оның соңғы жылдары атқарған жұмыстарын атасақ та осы сөзімізге бек дәлел болады.
Барлық аудандардың орталығында салынған біртипті модульды ветеринарлық зертханалар, Қазалы ауданындағы 300 орындық мектеп, Жосалы кентіндегі 250 адам қабылдайтын емхана, Амангелді, Аққұм, Жаңаталап елді мекендеріндегі ауыз су жүйесін қайта жаңғырту, Қызылорда қаласындағы 50 пәтерлік екі көпқаабатты үй құрылысы – сапалы аяқталып, ел игілігіне берілген нысандар.
Ал, Әйтеке би кентіндегі 150 төсектік аудандық аурухана мен Жаңақорған ауданы Қожамберді аулындағы 200 орындық мектеп, Қызылордадағы ОМО ғимаратының күрделі жөндеуі А.Сейітмұратов басқаратын құрылысшылардың алдағы кезеңде орындап тапсыратын жұмыстары. Қазір бұл құрылыс алаңдарына бара қалсаңыз қызу еңбек ырғағын көресіз. Жаңа біз кеңес кезеңі дегенді айттық, байқап қарасақ осынша жұмыстар кеңестік кезеңдегі бірнеше ПМК-лардың атқаратын жұмысы екен. Жаңашылдық пен жанашырлық алдыңғы орынға шыққанда орындалмайтын іс қалмайтыны осыдан көрінеді.
***
Баяғыда-а, бала Айдарбек ауылдан шыққан айдау жолдың бойымен келе жатып «осы жол қай жерге дейін барады екен» деп ойлайтын. Әрі кетсе қалаға баратын шығар, өзі үшін онан әрі қарай жол жоқтай көрінетін.
Өмірдің бұралаң жолындағы сапары әлі жалғасып келе жатыр. Сол жол есімін елге танытты. Елбасы айтқан 100 жаңа есімнің қатарында тұруға толағай табыстарға ақылы мен еңбегін серік қылып жеткен осындай азаматтар әбден лайық.
Білікті басшы үлгілі отбасының да иесі. Зайыбы, осы мекеменің қаржы директоры Ақманат Манарбаева екеуі екі ұл, бір қыз өсіріп отыр. Кеше өздері ата-аналарынан алған адамдық құндылықтарды енді балаларының бойына сіңіріп келеді. «Екі қолың еңбекте болса, екі көзің болашақты кезеді.» Айдарбектің басты ұстанымы – осы.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.