ДЫРАУ ҚАМШЫЛЫ ДОДАГЕР

... Сол күнгі көкпар серкесі әдеттегіден ауырлау басты ма, әлдебір басқа қолайсыздығы бар ма, әйтеуір ырқына бірден көне қоймады, сусып, бірде былай, бірде олай аунап, жерде  қалып жатты. Енді бірде танауынан буы бұрқырап, ауыздығымен алысқан көп аттың бірінің тұяғына басылып, көтеріп алып кетуге тіптен мұрша берер емес. Жердегі серкеге қолы қаншама іліккенімен, бұрынғыдай бірден жерден көтеріп алып кете алмағаны несі?!  Оған қоса, шұбар аттағы шойын қара жігіт те кимелеп, бұған саңылау қалдырмай жүр. Осындай алыс-жұлыс арасында басына еміс-еміс бұрынғы кей сәттер келетін секілді... Бірер жыл бұрын Өскемен жақтағы аламан көкпарда дәл осы қараны бірнеше рет қапы қалдырып кеткен жері бар еді, сонысы ананың қанын қарайтты ма, кім білсін, әлгің астындағы шұбарды аямай сабалап, өкшесімен тепкілеп бұған қара үздірер емес. Аспанға көтерілген ақ шаңның арасынан бір сәт әкесінің сұсты жүзін көріп қалғандай болғаны Исатайдың.., жетіп келіп қамшысымен, салып кетер ме екен? «Жастайыңнан үйреткендерімді ұмыттың ба, намыс қайда?!» дегендей ме, сол-ақ, екен шабандоздың жон арқасынан ыстық от жүріп өтті. Иесінің ниетін қимылынан сезетін астындағы торы ат та айналадағыларды екі жағымен кезек-кезек қағыстырып, дода ішіне тереңдей кіре берді. «Я, аруақ!» деген Исатай екі қолын бірдей соза олай бір, бұлай бір сүйретіліп, барар жер таппай жатқан жердегі серкеге құлай ұмтылды. Сол аяғының өкшесін ердің артқы қасына шірей тіреп, оң аяғын аттың бауырына алды да, сәл тебініп қалды. Түйсігі алдамапты, сұқ саусағы көкпарға тиді, әрі қарай саумалап, сирақтан ұстады. Серкені сығымдай қысқан соң да, денесін көтерместен салбыраған күйі жан-жағынан саңылау іздеп, алға қарай ығыса берді. Бұл да өз тәсілі, мына топырда көкпарды көтердің екен, сол мезгілде айналадан болмағанда он қол жабысады, ал күшті болсаң олардан алып көр. Торысы да осқырына сырғып, айналаны босаңсытты, сол-сол-ақ, екен, шабандоз әбжіл қимылмен көкпарды тап еткізіп аш белінен тақымға қыса салды да, қалың топтан сытылып шыға берді. Ал кеп қу, ұлы айқай.., торысының үй орнындай аумақтан айналатын бас қайтымы бар еді, сол тәсілге тағы бір салып, бір орағытты да, қуғыншыларды тарыдай шашты. Жол ашылған соң  жүйткіген бойы «мәре қайдасың?» деп тартты да кетті. Сол шабысымен қазандыққа жақындады. Көкпарды мәреге тастаудың да өзіндік тәсілі бар, кейбір білмейтіндер тіке салып, қазандыққа соғылып, көкпармен бірге өздері де түсіп қалып жатады. Сондықтан жанамалай өте бере, сипай лақтырған жөн көкпарды, сонда екі әуре болмайсың, дәл түседі. Исатай бұл жолы да сөйтті. Ақалақшы қамшысымен ортаны көрсетті, салымның есептелгені. «Қызылорда-Ақтөбе» 1:0! Алғашқы салым, алғашқы жеңіске деген талпыныс! Аз айтып, көп айтып не керек, республика біріншілігінің аламанында осылай «Қызылорда» шабандоздар құрамасының шабуылшысы Исатай Ысқақов алғашқы болып есеп ашса, мұнан соң да жеделдете тағы 3 салым салды. Сыр өңірінің көкпаршылары осылай қарсыластарын 9:2 есебімен айқын жеңді! Бүгінгі мақаламызда біз әңгіме етіп отырған азаматымыз – республикаға белгілі шабандоз, облыс құрамасының белді  мүшесі болған Исатай Ағайдарұлы!
– Ата-анамыз шаруашылықта мал бақты да, бес жасымыздан тайға мініп, қозы-лақ қайырып жүрдік,  ал көкпар өнеріне 7-сыныптан бастап ден қойдым. Біртіндеп, үлкен көкпарға араласып, тәжірибелі шабандоздардан көп нәрсе үйрендік. Біз жақта ерте көктемде және күзде екі ай бойы көкпар шабылады, солардан қалмауға тырысып, араласып жүреміз. Қазір спорт деп танылған ұлттық өнерімізге осылай қалыптастық деп ойлаймын, – дейді қапсағай келген қарулы жігіт маңдай терін сүрте тұрып.
Өзінің өскен ауылы Жаңақорған ауданының Қыркеңсе ауылында тұратын ол бұл күндері «Тұзбай» шаруақожалығының төрағасы. Мал өсіріп, егін де егеді. Отбасылық шаруашылықтарына інісі Абзал және ержетіп келе жатқан ұлдары Дәулет пен Дархан көмектеседі. Қарауында бірер үйір жылқы, ірі қара малы да бар. Бір жақсысы 15 гектар күріш егумен қатар, қысқы мал азығын өздеріндегі 20 гектар жоңышқалықтан жиып алады. Биылғы күріші де, жоңышқалығы да бітік. Екпе шөбін екі рет орып алып еді, елу тоннадай құнарлы мал азығы дайын болды. Әрине, біршамасын сұраушыларға сатып, техниканы, май шығынын жабатын өз есебі де бар. Қырық жастың қырқасына көтерілген жігіт ағасы шаруашылықтың жайын әңгімелей отырып, кешеге дейін талай аламанға түскен көкпарын да ұмытпады. «Ислам» клубының құрамында облыс намысын қорғап жүрдім ғой. Сондағы бір мініс атым «Сұңқар» аталатын-ды. Өзі белді, мықты жылқының тұқымы болса керек, әрі ерен жүйріктігін айтам, сонымен талай көкпарды салдым».
Команда сапында жүрген он жылдан астам уақытта шабандоз Исатай Ысқақов республиканың бірнеше дүркін жеңімпазы, жүлдегері атанды. Қанша¬ма атан жілік алпауыт шабандоздардың мысын басып, Сыр өңірінің мерейін үстем етіп жүрді. Өзімен қатар, көкпар ойынына қатысқан Қанат Абылбеков пен Құрманбек Әбсеметовтермен басы қосыла қалса, баяғы қызықтарды әңгімелейді.
Кейіпкеріміз негізі ауыл жігіті ғой, малшының баласы, шаруаға бейім, еркін жүріп, еркін тұрғанды қалайтын дала мінезі де жастайынан бойына сіңген. Дегенде, қайбір жылы құқық қорғау саласының басшылары ортасына сыйлы, қатарластарына сөзі үстем Исатайды қайта-қайта шақырып, полиция формасын кигізгені бар, солай 5-6 жыл учаскелік полиция инспекторы болып істеген сол кездері. Онда да абыройдан кенде болған жоқ.
Қазір өзі қалаған шаруаның құлағын ұстаған ол ауыл келбетінің жаңаруына барынша еңбек етіп жүр. – Елбасының рухани жаңғырту барысындағы үндеуі көп көңілінен шықты, бұл арада ұлттық дәстүр мен ұлттық ойындар да қамтылған, шамамыз келгенше жаңару тұрғысында жұмыс жүргіземіз,– дейді байырғы шабандоз ініміз: – Айтпақшы, малға шөп керек болса, хабарласып тұрарсыз, –деп ауыл адамының ақкөңіл кейпімен әзіл де айтты кейіпкеріміз.
Иә, заман ағымымен өз қабілетін көрсете білген Исатай Ағыбайұлының дырау қамшысы бар, көкпарда онысын көп пайдалана қоймайды, дегенде жақсылыққа ырым етіп, басқаларға сес болсын деп қонышына тыға салатыны бар, әрине, батыр тұлғалы шабандозға онысы жарасымды.  

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы, Қыркеңсе ауылы.
РУХАНИЯТ 10 тамыз 2017 г. 686 0