ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ БИІК

Болашақтың басты бағытының бірі – жас ұрпаққа сапалы білім беру десек, бүгінде елімізде баланы балабақша қабырғасынан негізгі білімге баулуға ден қойылып отыр. Айталық, облыс бойынша 791 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Онда жалпы саны 52 899 бала  тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі оқытумен  қамтылуы 100 пайызды құрап отыр. Нақты кезеңде облыстағы 542 балабақшада 42 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Ал оның ішінде жетпіс пайыздан астамы мемлекетпен әріптестік аясында қызмет көрсетіп отырған жекеменшік балабақшалардың есебінен үйлестіріліп отыр. Баланы мектепке дейінгі оқытумен қамту барысында жаңа технологияны кеңінен пайдаланып, жан-жақты тәрбиелеуге барынша лайықты жағдай жасалған.
Білуімізше, білімнің іргетасы мектеп қабырғасында, бастауыш сыныптарда оқу барысында қаланады. Сондықтан ұстаздар қауымына жас ұрпаққа  заман талабына сай сапалы білім беру бағытында жоғары жауапкершіліктер жүктелген. Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша жалпы орта білім беретін мектептер саны – 293 болса, осы аталған білім беру ұйымдарында 20 409 педагогикалық кадр жұмыс жасайды.
Өткен 2016-2017 оқу жылында мемлекеттік ҰБТ сынағының қорытындысымен орташа білім көрсеткіші 82,4 пайызды құрады. Емтихан барысында талапкерлердің екеуі ең жоғары – 136 балл, ал 800-і 100-ден жоғары балл жинады.
Айта кетуіміз керек, аймағымызда білім саласына жоғары деңгейде көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде, 2013 жылдан бастап облыста 3 ауысымда оқитын мектептер қатары жойылды. Ал биылғы жылы 11 апаттық мектептің құрылысын салу үшін облыстық бюджеттен 4 млрд тенгеден астам қаржы бөлініп, жаңа үлгідегі мектептер бой көтерді. Аймақ басшысының  ықпалымен соңғы жылдары Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде білім беретін алты мектеп пен бір балабақша қазақстандық білім беру стандартына көшірілді.
Облыстың білім беру жүйесінде 2016 жылы жоғары сыныптарда ағылшын тілінде білім беруге кезең кезеңімен өту бойынша іс-шаралар жоспары жемісті жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда білім беру мазмұнын жаңартып, Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату, соған сәйкес жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыру бағытында облыстағы 46 инновациялық мектепте қажетті шаралар қолға алынды. Мемлекет басшысы өзінің дәстүрлі Жолдауында бүгінгі қоғам талабына сай білікті кәсіби маман даярлау мәселесіне ерекше назар аударып, білім саласына біршама міндет жүктеген болатын. Аймақта бұл бағыттағы жұмыстар да өз мақсатына сай жүзеге асырылып келеді.Атап айтар болсақ, 2016-2017 оқу жылында 31 колледжде аймақтың еңбек нарығына қажетті 97 мамандық  бойынша 22 428 студент білім алды. Нәтижесінде, бітіруші 6505 студенттің 4359-ы, яғни 67,9 пайызы, оның ішінде мемлекеттік тапсырыспен бітірген 4417 студенттің 3212-сі жұмысқа орналасты. Жыл басынан бері «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасы жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа кәсіптік білімі бар кадрлар даярлауға 1515 орын және қысқа мерзімді курстар арқылы даярлауға 1335 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр.
Қорыта келе, өткен оқу жылдарының өзіндік ерекшелігі болғанын атап өткеніміз жөн болар. Айталық, соңғы үш жылда республика көлемінде орташа білім көрсеткіші бойынша облыс түлектері алдыңғы бестіктің қатарында келеді. Сонымен бірге, осы кезеңде облыс әкімінің қолдауымен, 400-ге жуық түлектеріміз Ресей Федерациясының таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алуда. Ал «Серпін» бағдарламасымен 1254 түлек түрлі мамандықтарға даярланып жатса, ауылдық жерде тұратын, әлеуметтік қолдауды қажет ететін 500 бала облыс әкімінің арнайы грантымен білім алып жатыр. Айта кетейік, биыл да бұл жұмыстар өз деңгейінде жалғасын табатын болады. Соның бір көрінісі – таяуда ғана өңірге қажетті мамандықтар бойынша әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарынан шыққан студенттерге білім беру қызметіне ақы төлеу үшін облыс әкімінің 182 гранты бөлінді.
2016 жылы денсаулық саласына бөлінген қаржы көлемі 32,9 млрд теңгені құрады. Соның аясында республикалық бюджет есебінен 14 емдеу мекемесінің құрылысы жүргізіліп, нәтижесінде Қызылорда қаласында 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы, Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы іске қосылды. Жалпы, денсаулық сақтау саласында соңғы үш жыл ішінде республикалық және облыстық бюджет есебінен 36 нысан пайдалануға берілген.
Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласында жалпы өлім көрсеткіші төмендеген, оның ішінде өткен жылмен салыстырғанда сәбилер өлімі 47 пайызға төмендегені саладағы нәтижелі еңбектің көрінісі деуге толық негіз бар.
Мамандандырылған медициналық көмекті дамыту шеңберінде №3 қалалық емхананың базасында амбулаторлық хирургияның қалалық орталығы ашылса, облыстық медицина орталығы базасында «Диабет орталығы» аймақ тұрғындарына қызмет көрсете бастады.
Жалпы алғанда, аталған салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде құны 20 млрд теңгеден асатын 21 жоба жүзеге асырылуда. Облыстағы денсаулық сақтау объектілерін жаңғыртудың 2017 – 2019 жылдарға арналған жоспарының аясында 79 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Оның ішінде 76 нысан жеке инвестициялар мен жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынатын болады.
Жалпы, облыс деңгейінде көрсетілетін жоғары мамандандырылған медициналық көмек көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Айталық, өткен жылы республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, нәтижесінде жүрекке ашық ота жасау 20 пайызға, нейрохирургиялық оталар саны 27 пайызға, эндопротездеу 2 есеге дейін өскен. Ал денсаулық сақтау мекемелерін заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 45,2 пайыздан 73,4 пайызға өскен.
Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында салауатты өмір салтын қалыптастыру міндетін алға тартып, бұл орайда бұқаралық спортты дамытуға барынша мән беруді талап еткен болатын. Сондықтан соңғы жылдары Сыр өңірінде спорт саласы бойынша да жеңісті жүлделер жетерлік. Айталық, өткен жылы ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері – Александр Зайчиков, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қатысушысы – Ғалымжан Өсербаев, мәнерлеп сырғанаудан қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындарының қола жүлдегері – Элизабет Тұрсынбаева, байдарка мен каноэде есуден Әлем кубогының күміс жүлдегері Мерей Медетов «Жылдың үздік спортшылары» атанған болатын.
Таяуда Астана қаласында ҚР Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен VІІ «Қазақстан барысы» турнирінде 34 палуанның ортасынан жеңіп шыққан жерлесіміз Еламан Ерғалиев турнирдің  алтын белбеуін және бағалы сыйлықтарын иеленді. Сол секілді ҚР Президентінің жүлдесіне арналған ерлер мен әйелдер арасында спорттық және әскери самбо күресі бойынша өткен әлем кубогында бағын сынаған Сыр спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді.
Ал ағымдағы жылдың шілде айында Кипр елінде жасөспірімдер арасында таэквондо спортынан өткен Еуропа чемпионатында 18 мемлекеттен қатысқан 1000-ға жуық спортшылар арасынан жерлесіміз Батырбек Зейнолла топ жарып,  Еуропа чемпионы атанды.

Ғазиза ӘБІЛДА.
РУХАНИЯТ 08 тамыз 2017 г. 587 0