САЛАМАТОВ МҰНАРАЛАРЫ

Азаматтық, тұлғалық қасиетімен қызылордалықтардың есінде қалған Мұрат Ғазизұлы Саламатов туралы көп жазылды. Сол мақалалардың бірінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Жаданов былай депті:
«Адам өмірі оның қанша жыл жасағанымен емес, оның өмірдегі игі істерімен, артындағы ұрпаққа қалдырған өлшеусіз өнегесімен өлшенсе керек. Мен білетін Мұрат Ғазизұлы Саламатов небәрі елу жеті жыл өмір сүрді. Алайда оның көзі тірісіндегі келелі істері жайында көзін көргендер жыр ғып айтады. Маңғыстау мен Сыр даласында ол жаққан алаулар әлі күнге дейін лапылдап жанып, ол тұрғызған мұнай мұнаралары биіктік өлшеміндей әлі күнге дейін көкпен таласып тұр. Жұрт оларды «Саламатовтың мұнаралары» деп атайды. Кейде сол мұнаралар маған Мұрат Ғазизұлының өзіне орнатып кеткен ескерткіші секілді көрінеді.
...Бәрі мұнайдан басталды. Ол 1949-1959 жылдары Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Темір орта мектеп-интернатын бітіргеннен кейін «Ақтөбемұнайбарлау» тресіне қарасты мұнайбарлау экспедициясында бұрғылау жұмысшысы – бұрғышы болып жұмысқа орналасады. Бұл кез Ақтөбе аймағында үлкен мұнай өндірісінің басталған шағы еді. Өзінің болашағын мұнаймен байланыстырған жас жігіт екі жылдан кейін Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түсіп, тау-кен инженері болуға бел байлайды. Бес жылдан кейін институтты үздік бітіріп, мұнайлы мекен Маңғыстауға тартады. Мұнда мұнай астанасы атанған Жаңаөзен мұнай басқармасында қатардағы оператор болып қызмет ете бастайды. Мұнай мамандығын жетік игеру үшін осылай кіші қызметтен бастағанды жөн көрді. Кейін арада көп өтпей, Мұрат мұнай өндіру мастері болып тағайындалды. Мұның операторлықтан салмағы ауыр, жауапкершілік жүгі зіл болатынын жас маман жақсы білді. Мұрат бұл сынақтан да сүрінбей өтеді. Келесі саты – Мұрат Ғазизұлы 2-ші инженерлік-технологиялық өндірістің бастығы болып тағайындалады. Осы өндірісте еңбек еткен алты жылдың ішінде Мұрат Саламатов мұнайшы мамандығын толық игеріп, оның барлық сатысынан өтіп нағыз мұнайшы атанды. Екі жылдай Қазақстан КП Маңғыстау облыстық комитеті өнеркәсіп бөлімінің нұсқаушысы, сосын I хатшының көмекшісі болып қызмет атқарды. Бұл жас маманның ұйымдастыру, халықпен жұмыс істеу қабілетін арттыруға көп әсер етті.
Біраз биіктерді бағындырған Мұрат осыдан кейін қандай болмасын жауапты, лауазымды жұмыстарға дайын еді. Осыны ескерген Қазақстан КП Маңғышлақ облыстық комитетінің бірінші хатшысы, өзінің ұстазы және тікелей бастығы Т.Әшімбаев оны облыстағы 5 кәсіпорынның бірі Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасына бастық етіп тағайындайды. Бұл өндіріс орны мұнайға бай әрі сонысына қарай жұмысы ауыр еді. 1961 жылдың 5 шілдесінде Жетібай дөңінде мас¬тер Н.Петровтың №6-шы ұңғысынан 2400 метр тереңдіктен алғашқы мұнай атқылады. Ал 1972 жылдан бастап тәулігіне 10 мың тонна мұнай шыға бастады. 1979 жылы Мұрат Ғазизұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімінің нұсқаушылығына шақырылды.
Өзіне жүктелген осындай жауапкершілікті мінсіз атқарды. 1981 жылы «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлестігінің бас директорының орынбасарлығына тағайындалды. Кейін Мұрат Ғазизұлы «Құмкөлмұнай» өндірістік бірлестігін өз қолымен ашып, тарихқа өшпес із қалдырды. Даңқы Мәскеуге дейін мәлім болған Құмкөл даласына алғашқы қазықты ең алғаш өзі қақты. Қызылорда обкомының бірінші хатшысы Е.Әуелбековпен Маңғыстаудағы басқармалармен, Алматы, Мәскеудегі министрліктермен байланысып, қажетті құрал-жабдықтар алдырумен және Жезқазғаннан 229 шақырым электр желісін, Қызылордадан 200 шақырым тас жолын (кейін оның 130 шақырымы асфальтталды), 214 шақырым Құмкөл-Қарақайың мұнай айдау құбырын салу машақатымен өзі айналысты. Мұнайшы мамандар мен жұмысшыларды 15 күндік вахталық әдіспен жұмыс жасату үшін екі ЯК-40 ұшағын жалдап, екі бағытпен қатынап тұрды. Бұл ерлікке пара-пар еңбек еді.
Кейін Қызылорда облысының әкімі болған Сейілбек Шаухаманов: «Иә, Мұрат Саламатовтың жемісті, жеңісті, жанқиярлық ерлік еңбегі, іскерлігі мен ыждағаттылығы, кәсіби біліктілігі мен білгірлігі, жоғары адамгершілігі мен азаматтығы, ұлтжандылығы қызылордалықтардың мәңгі есінде.
Біздің өңір Қазақстанда өнеркәсібі дамымаған, табиғи экологиялық жағдайы ауыр, экономикасы әлжуаз аймақтардың бірі болатын. Мұнай, газ дегенді естігендері болмаса, ешкім де көрмеген, бұл салада бірде-бір арнаулы орта, жоғары білімі бар маман, кәсіби жұмысшы кадры жоқ, техника, база, жол, су, электр қуаты… ештеңе де жоқ, құлазыған қу дала. Міне, осыншама жоқтардан, нөлден бастап, бар жасау, бұл өңірге Алла берген байлықтың көзін ашу ақтөбелік Мұрат Ғазизұлының пешенесіне жазылған екен.
Мұрат Саламатовтың іскерлігінің арқасында өндірістік, тұрмыстық база жасалынып, әлеуметтік құрылыстар да көптеп салынды, жеңіл автокөліктер алынып, жұмысшыларға арзан бағамен сатылды, ұжым мүшелерін, облыс халқын өндірістік-тұрмыстық тауарлармен, құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Көптеген қызылордалықтар үйлі болды, көлікті болды, мүлікті болды…» – деп жазды.
Осындай ең¬бек¬тің арқасында «Құмкөл» игерілді. 1996 жылдың тамызында Қызылорда-Құмкөл кеніші игерілуінің 10 жылдығы мен 10 миллион тонна мұнай өндірілуі салтанатты түрде атап өтілді. Сол мәжілісте Мұрат Ғазизұлы Саламатовтың сөйлеген сөзі есімде қалыпты. «Мен Құмкөлдің негізін қалағандардың ұжымын қалыптастыру құрметі маған бұйырғаны үшін, оның құт-қазынасын адамдарға ашып беру еншісі тигені үшін өзімді бақытты сезініп, тағдырыма ризашылығымды білдіремін. Мұндай сәттер ұмытылмайды. Қызылордада өткізген жылдарым мен үшін кәсіби және адамгершілік сынағы мен өзімді-өзім тани білу уақыты болды» деген еді. Құмкөлден кейін «Оңтүстікқазмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бірінші бас директоры, «Мұнайгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары, «ҚазақОйл» ұлттық мұнай компаниясының бірінші вице-президенті болды. Ел алдында еселі еңбек ете жүріп, осындай лауазымды қызметтерде де көрінген Мұрат Ғазизұлына марапат та бұйырмапты. Алғашқы да, ең соңғы алған марапаты да «Құрмет грамотасы» екен. Бірақ оның марапаттан кенде қалдым дегенін де ешкімнің көзі шалған емес. Еңбегін бағалаған халқының құрметіне бөленді. Қызылорда қаласында көшенің аты берілді. Құмкөлде мүсіні бой көтерді. Ұлағатты ұйымдастырушы, іскер басшы, білікті маман Мұрат Ғазизұлы мағыналы ғұмыр кешті.
Біраз уақыт өткесін «Құмкөлмұнай» кенішін пайдалануға бердік, оның ашылуына Одақтан мұнай өнеркәсібінің министрі қатысты».
Әріптестері Мұрат Ғазизұлының кімнің өтініші болса да, оған жауапкершілікпен қарайтынын, әсіресе өндіріс орнындағы жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына ерекше мән беретінін бағалайды. «Ол кісі жас мамандарға, әсіресе ұлт кадр¬ларына көңіл бөлетін. Жұмыс атқарып жүргендердің істерін жетік, жақсы білуге баулумен бірге адамдық пен азаматтықтың арналы жолына салып отыруды өзінің қасиетті парызы санайтын. Тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын да көзден таса етпейтін» дейді Қазақстанға белгілі азамат Борис Шырдабаев.
«Мәкеңнің мінезіне біткен болашақты болжай білетін қа¬сиеті оны үнемі алға сүйреді. Өмірінің соқпақты жолдарындағы талай сындарлы кезеңдерден сүрінбей өтіп, қолына алған қай істі де абыроймен атқарды», – дейді белгілі мұнай саласының менеджерлері.
Мұрат Ғазизұлының өмірі әріптестерінің пікірінше кімге болса да өнеге. «Құмкөлмұнайын алуда алғашқылардың бірі болып оның ауыртпалығын бірге көтеріскенімді есіме алсам, көңілімді бір мақтаныш сезімі билейді. Жадымызда жұлдызды жылдардың жаңғырығы қалды. Оңтүстік даласындағы Құмкөл кенішін қысқа мерзімде өз күшімізбен игеру Қазақстанда мұнай саласында шетелдіктермен иық тірестіре алатын тәжірибелі мамандар өсіп келе жатқандығын көрсетті. Өкінішке орай, кейін шетелдіктерге мұнай кеніштерінің сатылуына орай сырттан келгендер дайын асқа ие болды. Осы жағдайларды көріп, қолдан келгенше қарсыласып баққан Мәкеңнің жан дүниесіне сызат түсіріп, жүрегі ауырмасына қоймады», – деп еске алады білікті мұнайшы Төлеген Хасанов.
2002 жылы Қызылордада Мұрат Ғазизұлының 60 жылдығы атап өтілді. Қызылорданың үлкен даңғылына оның есімі берілді. Құмкөлде ескерткішт бюсті қойылды. Бұл шараларды ұйымдастыруға әріптестері Есқожа Бергенбаев, Сүлеймен Атаниязов, Мұрат Үдербаев және басқалары үлкен қолдау көрсетті.
Бүгінде Сыр өңірі халқы, мұнайшы қауымы Мұрат Ғазизұлының туғанына 75 жыл толуын атап өтіп, осынау жаны жайсаң, ізгілік шуағына мол азаматтың аруағына құран бағыштайды. Жақсының ісі мәңгілік жасайды деген осы шығар, оның жүрегі Құмкөлдің бүгінгі еңбек тынысымен бірге соғып жатқандай әсер қалдырады.      
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.
РУХАНИЯТ 30 шілде 2017 г. 1 049 0