СЫР ЕЛІ ДЕЙТІН ЕЛДЕНБІЗ

СЫР ЕЛІ ДЕЙТІН ЕЛДЕНБІЗДинара Мәлікова 1988 жылы Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында дүниеге келген. Халықаралық "Шабыт” фестивалінің лауреаты. Республикалық әдеби конкурстың "Алтын қалам иегері”.
Ақын қыздың өлеңдері албырт, шынайы, таза қалпымен ұнамды. Оның «Он сегіздің көктемі», «Тәңір сыйы», «Қиялыма сыя алмаған екенмін», «Гүл қауызындағы хаттар» атты бірнеше жыр жинақтары жарық көріп, ақындардан да, оқырманнан да жақсы бағасын алған.
Жерлесіміз қазір Астанада тұрады. Жас талант алдымыздағы 1-ақпан күні облыс орталығында өзінің жеке шығармашылық кешін өткізбек.
 
Қасиетті Елденбіз, 
Қасіретті жерденбіз: 
Қызығымызды қымбат, паң – 
Зымыранын күнде атқан, 
Жан-тәнімізді улатқан, 
Ұлардайын шулатқан – 
«Байқоңырға» бергенбіз. 
Ажар-көркімізден айрылып, 
Қыр-омыртқамыздан майрылып, 
Құс-қиялымыздың қанаты 
Қатаймай жатып қайрылып, 
«Жетісудың» қойнына 
Жылап-еңіреп енгенбіз. 

Мұнда да біздей бар екен, 
Ұя-мекені тар екен. 
Зар-Нарық... киер киім мен 
Ішер асына зар екен. 
Ескексіз тесік қайықтай 
Қалт-құлт еткен ғаріп тірлігіне 
Бір Алла ғана жар екен. 
Жуатыны – жаңбыр-қар екен, 
Тапталатыны – ар екен... 

...Несіне айта берейін, 
Сыр елі дейтін Елденбіз, 
Киелі дейтін Жерденбіз. 
Ақ басты Алатау-Шалға 
Ауылды тастап келгенбіз. 
Ия... 
Ауылдан келген қыз...

***
Алла ғана безінбейді адамнан,
Алла ғана бөлінбейді ғаламнан.
Жердің беті, жүректердің жұпары,
Бір Алланың мейірінен жаралған.
Жалғыз саған құлшылығым белгілі,
Аян екен, мендік өмір ендігі...
Ақыл айтып, батыр болып бұл күнде,
Адамдардың өлшеніп жүр ерлігі.
Сен барлығын естіп тұрсың кешіріп,
Еркелейді пенде біткен есіріп.
Бірін-бірі Құдай тұтып құлдарың,
Шын Алласын тауып жатыр кешігіп.
Сезем, ол да, кешіреді пендесін,
Бұл жалғанға бірінші рет келгесін.
Бір Аллаға тең келер ме құдірет,
Айтар пенде «Алла ғана кең» десін.
Келген таңды сүйіп тұрдым «тәубе» деп,
Тәубеліктен тауып жүрмін бір медет...
Құран ғана қадіріңді арттырып,
Алла ғана азабыңды емдемек.

Мұң

Анамның көз жасында іркілемін,
Мұңсыздау сұқтанды екен көркіне кім?
Жырымды жайнамаз ғып жайдым, Алла,
Құлыңның қабыл етші бір тілегін!

Әкемнің қиялында үзілемін,
Ілесе алар оның ізіне кім?
Өмірдің саусағынан сүйіп тұрмын,
Тірі боп одан қалай безінемін?

Әжемді әнге қосты дала бүгін,
Ғасырлар жазып алып даналығын.
Ақылымен есейтіп жіберді ме,
Жаулығына байланып бала күнім.

Ауылды аңсағанмен бара алмадым,
Жат жер үшін рас екен жаралғаным.
Қара жолда қалды ма аласарып,
Әке, сенің аяулы ақ арманың?
Бүгінде неге сонша мұңданамын,
Табанында тозамын бір қаланың.
Жаныңның ауырғанын жаным сезді,
Осы екен ғой өмірде мұздағаным...

Өлең берді…

Алла өзі кешірген соң пендесін,
Өлең берді өлеріме сенгесін.
Бірін-бірі жерлеп жатқан тіршілік,
Бөліп бере қояр дейсің кім несін?

Алла өзі өмір берді күрделі,
Сәби-жүрек сыналарын білмеді.
Азабымнан арман жасап алғанмын,
Мазағына күйдіре алсын кім мені?

Жүрек өзі істей алды дегенін,
Жүрек дейтін жалғызыма сенемін.
Бір ғасырға қайта келер хақым бар,
Бұл ғасырға болмаса да керегім!

Сезім өзі жасырмады шындығын,
Ақиқатым аласарып жүр бүгін.
Мен сияқты ойлай алар көп адам,
Мен сияқты айта алады кім мұңын?

Жиырма төрт жыл соғып тұрған кеуденің,
Қашан…қай кез… жаңыларын білмедім.
Көңіл болып құбылады құрғырлар,
Өлең болып ойланғанын көрмедім!

***
Мен гүлмін ғой,
Су құйып жүрші сезіммен.
Мен Күнмін ғой,
Көрініп тұрам көзіңнен.
Мен желмін ғой,
Алдыңнан шығам ұмтылып.
«Сағындым» дедің келдім ғой,
Жүрекпен бірге ынтығып.
Мен жыр екем,
Жазылмай жүрген түндерде.
Сүйген бір шақта тірі екем,
Сезініп сен де көрдің бе ?
Мен жас екем,
Жан адам оны көрмейтін.
Өмір дегенің осы екен...
Жанарға симай сырғитын.

***
Қала мені шамдарымен арбайды,
Бұл қалаға болмайды екен ар-қайғы.
Жарықтардың жанарына мұң сіңген,
Жанымды бір шарықтата алмайды.

Бұл қалаға керек екен махаббат,
Сезімім жүр суық қарды аралап.
Бір досым кеп, сезімімді жылатты,
Бір досым жүр тағдырымды табалап.

Адамдарға тән болған соң жаңылу,
Жүректерде болады екен жабығу.
Бұл қалаға керек екен мен құсап,
Бір адамды, бір жүрекпен сағыну!

Керек екен бұл қалаға жылылық,
Дала туған, ана туған ұлылық.
Қызыл гүлдер бүршік ашса қыста да,
Аппақ қардың жалғыздығын ұғынып.

Ал, көктемдер серік болса күзге ше?
Жылы жаз кеп, желтоқсанды іздесе.
Бұл мезгілдер қосылмайды ешқашан,
Біздің тағдыр сондықтан да өзгеше.

Біздің қала содан болар суықтау,
Сіздің қала содан болар тұйықтау.
Құмарымды сезсең, жаным шегі жоқ,
Қиялымды керек шығар құлыптау...
***
Гүлден де нәзік жанымның,
Керегін таппай жаңылдым.
От болып жанған өмірдің,
Шоқ болар сәтін сағындым.

Базары басым көңілдің,
Жүзіне қарап жеріндім.
Көппенен бірге күліп ап,
Елеусіз қалып егілдім.

Достың да білмей ниетін,
Сенім бар бірге жүретін.
Құдай-ау, бір жан бар шығар,
Күнәсіз мені сүйетін!

Сезім жүр мені басқарып,
Ақыл тұр одан жасқанып.
Көзімде уақыт көктейді,
Барады өмір басталып.

Адалмын десем пендемін,
Жаман да емен сенбегін.
Күрсінгім келген...шүкірмін,
Жалғызбын десем Елдемін.

Тағдырдан нені таба алдым?
Табайын десем таландым.
Еркекпен құны өлшенген,
Әйел боп қана жаралдым!!!

Бір жалғыз

Бұрын мені сүймегендей жан адам,
Ой ішінен сезім таппай оралам...
Көңілімді қыс кетті ме суытып,
Кім болды екен, тонаған?

Бұрын мені құшпағандай бір адам,
Сезім қалды су бетінде жылаған...
Толқынменен тербелгенім есімде,
Ол кім еді ұнаған?

Үмітіңді нұр етеді үн деген,
Мен ешкімді тәріздімін сүймеген.
Бір құшаққа құлап барып қурайтын,
Бақытты ма гүл менен?

Махаббаттың маздаттым ба шырағын,
Қашан, қай кез, кімге арналды бұл әнім.
Гүлді адамдар бақытты деп ойлайды,
Бөліп алып сыңарын.

Көкіректің көзін ашып күн көрер,
Табиғат та тілін жұтып сенделер.
Жұп болуға міндетті екен тек қана, 
Жер бетінде пенделер!

Тау секілді кеудемізде орман-құз,
Бұл жалғанда, бір арманға қорғанбыз.
Сыздататын, мұздататын сыр бермей,
Әр жүректе жылап жытыр бір Жалғыз... 

***

Мен қазір тұйықпын,
Сабырға салмақсыз сиыппын.
Өмірден өзімді бөлуші ем,
Ал, қазір, алаңсыз қиыппын.

Мен қазір басқамын,
Бағымды байлап жүр бас қамым.
Жақындап жүруші ед армандар,
Алыстан қарайды аспаным.

Мен енді сүймеймін,
Сүйетін жан мені кім деймін?
Үзіп ап, күтуге ұмытқан,
Құмыра кемірген гүлдеймін.
Мен қазір елеспін,
Елес боп несіне егестім?
Мен де бір бақытпын баянсыз,
Сондықтан бақытсыз емеспін...

***
Туған жердің салқын тартқан құшағы,
Жат көре ме баласын.
Таныс аула, табанымды құшады,
Жасыра алмай наласын.

Ауыл сырқат... түксиеді түнеріп,
Шұрқ тесік шапанына оранып...
Жас жүрегім әлди-әуен тіленіп,
Қайтып барам тоналып.

Құрты қайнап,
Пісілетін күбісі,
Берекесі безген екен үйімнен.
Анамның да баяулапты жүрісі,
Демін әзер алады екі иінінен...

***
Мен де бір кез бақыт болып ерігем,
Уақыт мені жұтып алды демімен.
Көңіліме көлеңкелер көп түсіп,
Жылай алмай егілем...

Сосын бір кез еркеледім, еліктім,
Жетегіне ертіп алды желік-күн.
Мен далаға ұқсаймын деп бір сәтте,
Дархан болып кетіппін.

Ал, сырымды ақ бұлттарға төгіппін,
Ақ жауыннан көз-жасымды көріппін.
Өлең менен адалдықты аңсар деп,
Жырға айналып жүріппін!

Көкірегіме Көктің нұры енгесін,
Досқа сендім, досым маған сенгесін.
Тағдыр-ана аялар деп ойлаппын,
Қонағы боп келгесін!
Адамдарды сақтар ардың күші екен, 
Қалған ғұмыр бір ғажайып түс екен.
Ұшу үшін жаралмаған жердегі,
Қанаты бар құс екем...

***
Көзімде атса да таң құлап,
Көгімде тұрса Күн жарқырап.
Бұл бақыт пендеге көп шығар,
Кеудемде жүр неге жан жылап.

Кеудемде жүр әнім естілмей,
(Жақсы еді жүргенім ес білмей.)
Бақыттың ғұмыры қысқа ма,
Білінбей өтетін бес күндей.

Кеудемде сыр қалды тұншығып,
(Жайқалып өсер ме бір шыбық?)
Пендеден туылсақ о, баста,
Періште етпейді тіршілік.

Күнәнің күлкісін сағынып,
Алыстап аяулы ақ үміт.
Тамшыдан жаралған тағдырым,
Тар жолда қалар ма жаңылып.

Қауырсын қанатымнан қалам жасап

Ерекше көңілдімін,
Алтын түске бояды көгімді кім?
Күтпеген сый көрердей күмілжимін,
Келетін кезің бе еді сенің бүгін?

Ауамен тілдесемін,
Жыр жазуға асығам түнде несін?
Дала мені құшады әлсін-әлсін,
Кешір енді... жалғыздық күндемесін!

Сен бардай назданамын,
Саған жетер бірінші жазған әнім.
Мен сыйлаған бақыттың бәрін сезін,
Сен сыйлаған жетеді аз ғана мұң.

Ақ қардай алып-ұштым,
Сырын ұққым келді ме сағыныштың.
Қауырсын қанатымнан қалам жасап,
Жұп-жұмсақ жерге түсіп жаңылыстым.

Ал, бүгін қуанамын,
Жанын жайған шыршалар куә, жаным!
Адам болып жүргенім қандай бақыт,
Ақ қар болып қайтадан туа аламын!
РУХАНИЯТ 25 қаңтар 2014 г. 1 270 0