
Ежелден мәдениеті дамыған, құдіретті өнердің киесі дарыған Сыр жерінің ақындық қасиеті ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып, сабақтасып келеді. Өмірдің мойыл ақиқатындай «Сыр елі –жыр елі» атауы осы қасиетті жердің өркен жайған өрісті өнері мен мерейлі мәдениетінің айшықты нышаны іспетті. Ықылым заманнан Сыр өңірі өнер мен мәдениеттің небір ғажайып туындыларын дүниеге әкелген тума таланттарға кенде болмаған, ұлы өнер иесі Қорқыт бабаның Сыр сүлейлері атанған шоқ жұлдыздардың жалғасы, дарынды ізбасарлары қазірде көптеп саналады.
Ақмешіт атырабының ақындары өлеңді өнердің пірі тұтып, табиғат сыйлаған талант қуатымен, өлеңдеріне қанат байлап, аламан бәйгеге қосқан тұлпарлардай бір-бірімен жарысып жыр додасына түскен. Сол додада ерен дарындылығымен есімдері ел аузында жатталған ақындарымыз Махмұтбай Әміреұлы мен Әскербек Рахымбекұлы биыл 75 жасқа толып отыр.
Айтулы датаға орай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және қалалық кітапханалар жүйесі қос ақынның өмірі мен шығармашылығына арнап Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде кеш ұйымдастырды.
«Сырдың сыршыл ақындары» атты кездесу кешін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалым Баймырзаев ашып, қос ақынды мерейтойларымен құттықтады.
- Әскербек Рахымбекұлы тұлпар тектес ақын болса, Махмұтбай Әміреұлының өлеңдері оқырманын сезім шуағына бөлеп, ой тереңдігі мен парасатқа баулитын сезімтал ақын ретінде таныс, - деген Ғалым Қонақбайұлы қос ақынға ілтипатын білдірді.
Шара барысында ақындардың жастық шағынан диалог қойылым көрсетіліп, пролог орындалды. Ақын Махмұтбай Әміреұлының сөзіне жазылған «Қимаймын», «Қызылорда вальсы» және Әскербек Рахымбекұлының сөзіне жазылған «Келінге өсиет» әндері орындалды. Ақындардың қағілез жас оқырмандары олардың өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқыды. Кездесу кешіне қатысқан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, журналист Қаршыға Есімсейітова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық жазушылар одағы мен Әлем халықтары жазушылар одағының Қызылорда облысындағы атқарушы директоры, жазушы, тарих зерттеушісі Бегімбай Ұзақбаев қатысып, ақындардың өмір жолы мен шығармашылығы жайлы кеңінен әңгіме қозғады.
Кеш барысында ақындардың өмірі мен шығармашылығы жайлы кең көлемде «Қарымды қаламгерлер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда Сыр ақындарының туындылары қойылды.
Кездесу кешіне Нұр Отан партиясы, қалалық мәслихат, қалалық ішкі саясат, жергілікті ақын-жазушылар, сондай-ақ кітапхана оқырмандары мен жоғарғы, орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.