
Қазақ баспасөзі тағы бір басылыммен толықты. Жаңа жылмен бірге өмірге келген «Нұр Жан» журналы ақпарат айдынында бұқараның «жоғын жоқтап, мұңын мұңдауды» өзіне биік мақсат етіп қойыпты.
Журналдың бас редакторы – жоғары санатты дәрігер, Қазақстан «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін» белгісінің иегері, «Нұржан Ишан Ата» қайырымдылық қоры» Қоғамдық қорының президенті Амангелді Суханберлиев. Айына бір рет шығатын журнал денсаулық, әл-ауқат, тарих, имани ілім, мәдениет және әдебиет тақырыптарын қамтиды. Басылымның талапшыл оқырманды «танымдық дүниелерімен тәнті етіп, ой-өрісін жаңғыртып, жарқын өмірдің жанашырына айналсам» деген таудай талабы бар.
Қолымызға тиіп отырған алғашқы санынан оқырман қауым бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырған «Зардабы зор зымырандар», «Ақшаға айырбасталған қайран денсаулық» мақалаларын оқи алады. Сонымен бірге, «Данышпан дәрігердің даңғайыр жолы» танымдық мақаласы да оқыған жанның көңілінен шығары сөзсіз.
Ендеше ақпарат айдынына қадам басып, алдына биік мақсат қойған «Нұр Жанға» біз де сәттілік тіледік!