АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫ

АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫСейсенбінің кешінде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновті еске алуға арналған «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» атты кеш өтті.
Облыс әкімінің қолдауымен мәдениет басқармасы ұйымдастырған бұл шара Темірбек Жүргеновтің туғанына 115 жыл толуына арналды.
Ұлтымыздың білімі мен мәдениеті және өнерінің дамуына өз үлесін қосқан Темірбек Қараұлы 1898 жылы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Тұрмағамбет Ізтілеуов дәріс берген ауыл мектебінен сауат ашқан ол кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, одан әрі Перовскідегі Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне түсіп, студент кезінен-ақ қоғам өміріне белсене араласады. 1920 жылы БКП (б) қатарына өтіп, Ырғыз уездік революциялық комитетінің, жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағалығына сайланған. 1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқыса, 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Осында оқи жүріп Қазақ АКСР-нің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, 1926 жылы Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтына директор болып тағайындалады. 1929-1930 жылдары Тәжікстан Yкіметінің қаржы, 1930-1933 жылдары Өзбекстан Yкіметінің халық ағарту, 1933-1937 жылдары Қазақстан Yкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарған.
Есімі исі түркі жұртына мәлім, Қазақстан мен Орта Азияға ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтің биыл туғанына 115 жыл, репрессия құрбаны болғанына 75 жыл толып отыр.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәдени шараға байланысты театр фойесіне қойылған Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы қылқалам шеберлерінің сурет көрмесін көріп, тамашалады. Мұнда академия профессорлары А.Дүзелханов, К.Каметов, Б.Байділда, Ә.Бапанов секілді елімізге және шетелдерге танымал қылқалам иелерінің суреттері қойылған екен.
Бұдан соң салтанат академия өнер шеберлерінің концертіне ұласты. Сахна төріне көтерілген Қырымбек Елеуұлы Алматы қаласынан арнайы келген мәртебелі меймандарға шығармашылық табыс тілеп, Сыр еліндегі сапарына сәттілік білдірді. Аталмыш академия ректоры, өнертану докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арыстанбек Мұхамедиұлы мен КСРО және ҚР халық әртісі, КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор Асанәлі Әшімов аймақ басшысына көрсеткен қолдауы үшін ризашылық сезімдерін жеткізді.
Алдымен режиссер Қалила Омаровтың Темірбек Жүргенов жайлы деректі фильмінен үзінділер көрсетіліп, сахна шымылдығы театр өнері факультеті студенттерінің орындауындағы «Арыстар аманаты» драмалық прологы және «Астана-Бәйтерек» поэтикалық композициясымен ашылды.
Қызылордалық көрермендер көтеріңкі көңіл сыйлаған өнер жұлдыздары Нұрғали Нүсіпжанов, Толқын Забирова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Ұлжан Байбосынова, басқа да өнер шеберлерінің мерекелік концертіне дән риза болысты.
Мәдени шара «Жүргенов академиясының жастары шақырады» атты Орталық алаңдағы шоу-концертке жалғасып, отшашумен аяқталды.
Салтанатты шараға жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры, профессор Есмұхан Обаев, ҚР халық әртісі, профессор Рамазан Бапов, басқа да өнер майталмандары қатысты.
***
Кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Қазақстандағы білім, мәдениет, өнерді қалыптастыру мен дамытудағы Темірбек Жүргеновтің рөлі» тақырыбында шығармашылық кеш өткізілді. Жиынды университет ректоры Қылышбай Бисенов ашып, жүргізіп отырды. 
Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлтымыз үшін өшпес өнеге көрсеткен қайраткер жайында қысқаша пікірін білдірді. Оның айтуынша, біздің халқымыздың болашағы жарқын болуы үшін ерен еңбек сіңірген азаматтың өнер саласында атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Сол бір қиын-қыстау, қарбаласқа толы қалыптасу жылдарында Т.Жүргенов қазақтың өнері мен мәдениетінің өркендеуі жолында қаншама тер төкті. Сырдың бойында өмір есігін ашқан қайраткер уақыт өте келе ұлттың ұлық тұтатын ардақты ұлына айналды. 
Келесі кезекте Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов өткен ғасырдың 20-30 жылдарында елдің өзгемен терезесі тең болуы үшін аянбай еңбек еткен қайраткер қандай да құрметке лайық екеніне тоқталды. «Қайсыбір кезеңде ұлт зиялылары арман еткен азаттық таңының атқанын біз бүгін көріп отырмыз. Сондықтан да оларды құрметтеу біздің басты міндетіміз болса керек-ті. Темірбек Жүргенов қазаққа мәдениет, өнер, ғылымға жол ашқан, көп адамның бағын ашқан, оларға бағыт берген, жас та болса, бас болған ардақты азамат. 1936 жылы Қазақстанның Мәскеу қаласында мәдениет декадасы болды. Сол күндерді өткізуге қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандары аттанды. Аталмыш шара барысында жоғарыдан міндетті түрде халық ақындарын қатыстыру қажеттігі туралы тапсырма берілді. Осыдан кейін Т.Жүргеновтің жарғақ құлағы жастыққа тимей, елдің арасынан сондай өнер иелерін іздеді. Соның нәтижесінде кейіннен қазақ халқының ардақ тұтар ақсақал ақынына айналған Жамбыл Жабаевты іздеп тапты. Мәскеу жұртшылығы қазыналы қарттың өнеріне қошеметпен қол соқты. Қайраткердің қаншама өнер иелеріне қамқорлық көрсеткенін тарих беттерінен бәріміз жақсы білеміз» деді А. Әшімов. 
Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков ұлт үшін түн ұйқысын төрт бөліп, орасан зор еңбек сіңірген Т.Жүргеновті әрдайым жас ұрпаққа насихаттау басты міндет екенін атап өтті. Болашақтың кілті білімде екенін түсінген ардақты азамат осы жолда қаншама жұмыс жасады. Халықтың сауаттылығын ашуға мән берді. Мәдениет саласын түлетті. Тұңғыш оқу-ағарту комиссары болды. Тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде қазақтан шыққан білікті мамандарды дайындауға көңіл бөлді. Ол кезде бұлай әрекет ету қасыңнан өтіп бара жатқан ажалды айқайлап шақырып алғанмен бірдей болатын. Сондықтан Темірбек Жүргеновті жоғары деңгейде насихаттасақ, артық емес. 
Әділжан ҮМБЕТ.  
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / РУХАНИЯТ 03 қазан 2013 г. 2 088 0