
Өткен жұмада Астана қаласындағы Президенттік орталықта Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған Сыр елі жыршы-жырауларының «Жыр-керуен» өнер кеші өткізілді. Өзгеше өнер өрнегімен өрелі биікке өрлеген өңірдің бұл мәдени шарасына еліміздің бас ордасының жұртшылығы көптеп жиналды. Бұл шараны тамашалаған азаматтар қатарында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбаев, белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттары бар.
Өнер шарасы «Шаһнама – Оғыз мәдениеті, әлем әдебиетінің жауһары» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Бұл қойылым барысында Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы драма театрының әртістері Ұғым Баймаханов «Шаһнама» шығармасын жазып қалдырған парсы шайыры Фирдоусидің бейнесін сомдаса, дария бойында дүниеге келіп, дүйім елдің дүлдүлі атанған Тұрмағанбет Ізтілеуұлын Бақытбек Темірбеков, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновті Сырым Әбдіразақов сомдады. Аталмыш көріністе алдымен Фирдоусидің әлем әдебиетінің жауһарына айналған «Шаһнаманы» жазудағы сезім толқынысы жұртшылық назарына ұсынылса, одан кейінгі кезекте Т.Жүргеновтің Тұрмағанбетке сол дастанды тәржімалау жайындағы ұсынысы көрсетілді.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шаһнама» дастанының қазақша музыкалық шығуына орай жүрекжарды лебізін Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова оқып берді. Онда әр халықтың әлемдік мәдениеттің інжу-маржаны санатына енгізілетін ұлттық құндылықтары болатыны атап өтілген. Солардың қатарында тек Иранның ғана жазба ескерткіші емес, халықаралық әдебиеттің ортақ игілігіне айналған «Шаһнама» дастаны да бар. Парсы-түрік халықтарының терең тарихына үңілуге мүмкіндік беретін, оны дәйекті түрде және көркем баяндайтын шығарманы зерттеп, зерделеудің маңызы өте зор. Осындай шоқтығы биік шығарманың қазақ тіліндегі нұсқасын ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов тәржімалап, әдебиет әлеміне құнды дүниені қалдырды.
Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбаев әлем халқына әйгілі дастанның шығу тарихына тоқталып өтті. Бұл шығарма бір-екі жылдың беделінде дүниеге келе қойған жоқ. Парсы халқының атақты шайыры Фирдоуси оған өмірінің көп бөлігін сарп етті десек те, артық емес. Жер бетінде таңды таңға ұластырып, көз майыңды тауысып оқи қойсаң да, түгесіле қоймайтын үлкен-үлкен әдебиеттер бар. Солардың ішінде грек және парсы әдебиеттері ең ежелгілері саналады. Дастанның дүниеге келу тарихы да оқырманның өз қызығушылығын тудырады. Дастанды жазуға Фирдоуси отыз жылдан астам уақытын жұмсағанын айтқанмен, негізінде өмірінің соңына дейін сол шығарманы жазған деген де әңгіме бар.
Ал сол жауһар жыр дүниесін тәржімалауға Тұрмағанбет ақын жылға жуық уақытын бөлді. Бұл шығарма оқырман қауымның іздеп жүріп оқитын игілігі болды. Осы мақсатта Сыр өңірі басшылығының қолдауымен жасалған «Шаһнаманың» жаңа музыкалық антологиясын шығару ұзақ жылдан бері көптің көкейінде жүрген мақсаттың бірі еді. Сол ізгі іс елдің ойындағыдай деңгейде жүзеге асқаны қуантады.
«Шаһнама» антологиясын шығару идеясының авторы, жырау, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов өнер кешінің шымылдығын жыр бастаумен ашты. Одан кейін антологияның шығуы мен еліміздегі дәстүрлі өнердің дамуы жөнінде қысқаша баяндап берді. Әлемге әйгілі «Шаһнама» дастанының қазақша нұсқасы біздің халқымыздың баға жетпес байлығы деп нық сеніммен айта аламыз. Осы бір асыл дүниені түпнұсқасы секілді оқырманға ой саларлық деңгейде жеткізе білген Тұрмағанбет ақынның туындысы осылайша жырсүйер қауымға қаз-қалпында ұсынылып отыр. Антологияда жыраулар 40 мың жолдан асатын дастанды қаншама сағат бойы орындап береді.
Жалпы, қазақ өнерінде орны зор дәстүрлі ән өнерін дамытуда соңғы жылдарда ауқымды жұмыстар атқарылды. 1998 жылы еліміздің өнер саласына мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарында дәстүрлі ән кафедралары жұмыс істей бастады. Сол уақытта Қазақстанның Білім министрі қызметін бүгінгі таңда Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев атқаратын. Осылайша соңғы 15 жылда елімізде дәстүрлі ән өнері жоғары биікке қайта көтерілді.
Осыдан кейін Сыр елі жыршы-жырауларының «Жыр-керуен» атты мерекелік жыр шашуы басталды. Алдымен қызылордалық жырау Серік Жақсығұлов «Шаһнамаға кіріскенде» шығармасын орындаса, келесі кезекте Жиенбай жыраудың ұрпағы, жырау Бидас Рүстембеков және Шолпан Бейімбетова, Әзілхан Мақсатбаев, Майра Сәрсенбаева, Нұртілек Ақтаев сынды Нұртуған, Нартай, Жиенбай жыр мектептерінің өкілдері жырдан шашу шашты. Жыраулар Күнсұлу Түркпенова мен Руслан Ахметов Қазақстан Тәуелсіздігін арқау еткен дүниелерді жұртшылық назарына ұсынды.
Әділжан ҮМБЕТ.
Астана қаласы.