
Еліміздің еңсесін тіктеп, болашағы жарқын мемлекет болып қалыптасуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Содан да Елбасымыздың қазақ тарихына алтын әріппен жазылып қалар өнегелі өмір жолын бүгінгі және кейінгі ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз. Осыған орай белгілі кинорежиссер, жерлесіміз Рүстем Әбдірашевтан Елбасымыздың балалық бал дәурені мен жастық шағынан сыр шертетін «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмі көрермендер көзайымына айналды.
Кеше режиссер Рүстем Әбдірашев пен Елбасының жастық шағын сомдаған белгілі актер Нұрлан Әлімжанов Сыр аймағына арнайы келіп, Н.Бекежанов атындағы драма театрында «Балалық шағымның аспаны» кинотуындысын көпшілік назарына ұсынды.
Салтанатты шара алдында сөз алған Рүстем Жарасқанұлы Сыр аймағы көрермендеріне жүрекжарды лебізін тебірене жеткізді.
– Киелі де қасиетті Сыр елі біздің атамекеніміз, сондықтан оған бас иеміз. Жерлестеріммен кездесіп, дидарласуға ұйтқы болған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына айтар алғысым шексіз.
Еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін тіктеді. Батыр мен билеріміз қайта тірілді. Егемендігіміздің еңсесін тіктеген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Содан да Елбасымыздың ересен еңбегін халқыма паш етуді парыз санадым. Осы мақсатта 2011 жылы «Балалық шағымның аспаны» кинотуындысын дүниеге әкелдік. Биылғы жылы «Отты өзен», «Теміртау» көркем фильмдерін жарыққа шығарып, таяуда халықпен қауышатын болады, – деген режиссер Астанадан соң еліміздің тұңғыш астанасы – Қызылорда қаласы жұртшылығына кинотуындысын тарту еткелі келгенін жеткізді.
Мұнан соң актер Нұрлан Әлімжанов сөз кезегін алып, Елбасының жастық шағын сомдау оңайға түспегенін, үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтып, Сыр еліндегі жүздесу үшін аймақ басшысына ризашылығын жеткізді.
Зал толы көрермендер сілтідей тынып, туындыны беріле тамашалады. Бұл фильмде Елбасымыздың Алатау баурайындағы Yшқоңырда дүние есігін ашқанынан бастау алып, азамат болған шағына дейінгі өмір жолы бедерлі баян етіледі.
Киноға белгілі кино, өнер шеберлері Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Арынбасарова, Бибігүл Төлегеновамен қатар жас актерлер Елжан Әлпиев, Ержан Жарылқасын, Алмагүл Әлішева қатысқан.
Фильмде өнегелі отбасындағы тірлік, балаға деген ата-ананың махаббаты, кеңестік дәуірдегі қазақ халқының соқпақты да тоқпақты өмір жолдары кеңінен көрсетіліп, боямасыз баян етілген. Керемет кинотуындыны үлкен ықыласпен тамашалаған көрермендер фильм соңынан орындарынан тік тұрып, дуылдата қол соғып, мәртебелі меймандарды гүл шоқтарына орады.
Кинотуындыны тамашалаған облыс әкімі Қ.Көшербаев режиссер Р.Әбдірашев пен актер Н.Әлімжановқа алғысын білдірді.
Еркін ӘБІЛ.