ЖАСЫН ЖЫРДЫҢ ЖАРҚЫЛЫ

ЖАСЫН ЖЫРДЫҢ ЖАРҚЫЛЫӨткен сенбі күні А.Тоқмағанбетов атындағы облыстық мәдениет орталығында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Алаш» әдеби сыйлығының, «Дарын» сыйлығының, Президент сыйлығының иегері, талантты ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылық кеші болып өтті.
Арынды жырларымен Алашқа танылған ақынның өлеңдерін өз аузынан тыңдауға құмартқан жырсүйер жерлестеріміз көрермен залында бос орын қалдырмады. Ән-саз араластырмай, саф өлең өрнегін ғана төккен кеште Маралтай ақынның өнердегі, өмірдегі болмысы жан-жақты жарқырай ашылды.
Жыр кешін жүргізген Ақтөбе облыстық газетінің бас редакторы, белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы өнер кешінің мазмұнын мейлінше байытып, поэзия пайымын тәлімді тіл кестесімен жеткізе білді.
Ақынды ұйып тыңдаған жұртшылықтың жүрегінде жасын жыр жарқылы ойнап, сахнаға өлең оқуға ұмтылғандар қатарының көбейе түсуі бұл кештің биік бәсін танытты.
Солардың бірі – шіркейлілік жас талант, ақындығымен алыс-жақынға танылып үлгерген Нұрмұхамед Әбілқасымовтың арнау жырын әкесі Қанатбек аға оқыды.
Ақынға ақ тілегін арнап, құрмет көрсетушілер көптеп шықты. Алматылық белгілі кәсіпкер, руханиятшыл азамат Саят Есімхановтың Маралтайға арнайы сәлем жолдап, темір тұлпар мінгізуі осы құрметтің басы болды.
Кешке облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова қатысып, облыс әкімінің атынан тарту-таралғы жасады. Қала әкімінің орынбасары Р.Рүстемов сөз сөйлеп, Сыр елін сара жырмен сусындатқан дара ақынға алғыс білдірді.
Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / РУХАНИЯТ 12 қараша 2013 г. 1 160 0