Жаңақорғанда жаппай мал қырылды

Жаңақорған ауданында ауа райының қолайсыздығынан жаппай мал қырылды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев мәлімдеді, - деп хабарлады syrboyi.kz.
Оның айтуынша, 19 ақпан күні сағат 10 жарымдар шамасында 100 бас шамасындағы уақ малдың жаппай қырылып қалғаны жөнінде ақпарат түскен. Осыдан кейін аудандық төтенше жағдайлар, жұмылдыру дайындығы бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына қарай шыққанымен жете алмаған.
– Себебі тау беткейіне қалыңдығы 50-60 сантиметрге жететін қар түсіп, жаңбыр жауып, балшық болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 10 қызметкер мен жол талғамайтын 3 көлік алдыруға тура келді. Арнайы құрылған жұмысшы тобы тексеру жүргізді. Нәтижесінде 77 бас малдың сырғасы табылды, – деді Ғ.Жаңабаев.
Мамандар аталған жағдайды күннің күрт құбылуымен байланыстырып отыр. Жаңақорғандық шаруалар жылдағы әдетпен бұл жолы да жайлауға малды ақпан айының соңына таман айдаған екен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрған Базарбаев бәрі табиғаттың тосын мінезінен екенін, әйтпесе, әдетте мұндай уақытта күн жылы болатынын жеткізді.
– Алдымен жаңбыр жауды, оның арты қарға ұласты. Малды бір жерге жинауға шопандардың күші жетпеген. Дәл қазіргі уақытта қанша шығын болғанын айту мүмкін емес. Өйткені бәрі қардың астында қалған, – дейді ол.
Шопандар жайлауға апарған мал саны әзірге нақтыланбай отыр. Өйткені әрқайсысы әртүрлі цифрды алға тартады. Ал жағдайдың анық-қанығын арнайы жұмысшы тобы анықтайды. Мал иелеріне шығынның өтелетін-өтелмейтіні сол кезде белгілі болмақ.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 ақпан 2019 г. 1 537 0