СЫР ЕЛІ СУРЕТШІ КӨЗІМЕН

СЫР ЕЛІ СУРЕТШІ КӨЗІМЕНКеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-техникалық әмбебап кітапханасында Қызылорда облысының құрылғанына 75 жыл және Қызылорда қаласының құрылғанына 195 жыл толуына орай «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Сыр елі суретші көзімен: кеше, бүгін» тақырыбында сурет және фото көрмелері өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты. 
Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен ұйымдастырылған көрменің мақсаты – студент және оқушы жастарға, қала тұрғындарына туған өлкеміздің қалыптасу тарихын, бүгіні мен келешегін суреттер арқылы, суретші көзімен жеткізу. 
Көрмеге жалпы саны 500-дей еңбек ұсынылған, соның 100-ге жуығы іріктеліп алынған. Көрмеге қойылған туындылар ішінде аймаққа белгілі кәсіби суретшілердің суреттері, фотосуреттерімен қатар, колледж және мектеп оқушыларының еңбектері де бар. Олардың барлығы Қызылорданың тарихы мен бүгінгі келбетін, қаладағы еңселі ескерткіштер мен көркем жерлерін бейнелеген.  
Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова барша қатысушыларды келе жатқан «Қала күні» мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді, балғын суретшілерге сәттілік тіледі және облысымызға белгілі бірқатар суретшілерге арнайы құттықтау дипломдары мен естелік сыйлықтарын тапсырды.  
Көрме соңы жас суретшілердің сырлы сурет өнерінің майталмандары және Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері кездесуімен жалғасты.
А.СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / РУХАНИЯТ 05 қазан 2013 г. 1 956 0