Екі жылда 7 ҚАЖ мекемесі жабылды

Екі жылда 7 ҚАЖ мекемесі жабылды23 ақпанда Бас прокуратурада «Түрме реформасының» ІV Форумы өтеді. Оның барысында соңғы үш жылдағы жұмыс қорытындыланады, деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.
Ол Түрме реформасының бірінші форумы 2013 жылдың ақпанында өткізілгенін, оның шеңберінде «Түрме халқын азайтудың 10 шарасы» жобасы бастау алғанын еске салды.
«Аталған форумда қалыптасқан ұсыныстар Іс-шаралар жоспарына енгізіліп, Парламент депутаттарының, Жоғары Соттың, ІІМ, халықаралық құқық қорғаушы ұйымдарының қолдауын тапты. Жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қосылды. Жобаны үш жыл ішінде жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанда түрмедегілердің саны 30% азайды, 2012 жылы жаза өтеушілер саны 52 мың болса, 2016 жылдың соңында 36 мың адамды құрады, – деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары. – Халықаралық рейтингте Қазақстан 35-ші орыннан 68-ге көтерілді. Екі жыл ішінде қылмыстық-атқару жүйесінің 7 мекемесі жабылып, бюджеттің 12 млрд теңгесі үнемделді».
Ол сондай-ақ форумның екінші бөлігінде Бас прокуратураның «Азаптаусыз қоғамға» жаңа жобасы, сондай-ақ оларды болдырмаудың нақты Іс-шаралар жоспары таныстырылатынын айтты.
«Жобаның мақсаты – қылмыстық процесте және пенитенциарлық салада азаптауды жою бойынша заңнамалық және тәжірибелік шараларды әзірлеу және жүзеге асыру. Азаптауды болдырмау институттарының тиімділігін арттыру бағытында заңнамаға өзгерістер енгізу, сондай-ақ заңдарды және тәжірибені халықаралық стандарттарға және ратификацияланған келісімдер мен конвенциялар аясындағы міндеттерге сәйкестендіру жобаның негізі болып табылады, – деп түсіндірді М.Ахметжанов. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 ақпан 2017 г. 731 0