
Күз болса да, қыркүйек ұра қоймаған жаймашуақ мезгіл еді. Жаңадария өзенінен бастау алатын жайлаулы дарияны жағалай қонған 50-60 шаңырақты ауылдың күнделікті күйбең тіршілігі қыза бастаған шақ. Есет қорадағы малды ауыл шетінде иіріліп тұрған кезекке апарып қосты да, үйге асықты. Келіншегі таңғы ас даярлап қойған екен. Дастархан басында екі ұлы мен кішкентай қызы, шешесі отыр. Таңғы асын шала-пұла ішіп, төргі бөлмеге өтті де, мылтығын майлап, оқ-дəрілерін қамдай бастады. Ондағы ойы – таңғы жайылымға шыққан үйрек-қазды уақытысында басып қалу.
– Е, батырым, жорыққа аттандың ба? – деген əйеліне:
– Бүгін оң көзімнің тартып тұрғаны, – деп көзін қысқан ол ыңылдап жүріп, киіне бастады.
Күн найза бойы көтерілген шақта 16-калибрлі мылтығын асынған Есет дария жиегіне ілінді. Жақындаған сайын көңіліндегі бар уайымын ұмытып, аңшыға тəн сақтықпен шеңгел арасына енді. Мысықтабандап жылжып, көл беті анық көрінетін бір шоқ шеңгелдің түбіне жетіп, демін бір-ақ алды.
Аңшы шеңгел арасынан дарияға қарағанда, көз алдындағы тамаша көрініске куə болды. Көл ортасында қалың қопалы қоға, оның берісінде құрғақ арал. Арал мен жиек арасы тұнық көк су. Ал жиек пен бұл отырған аралыққа дейінгі жер майса ажырық. Қысқасы, тамаша табиғат. Осы табиғаттың көркін одан сайын кіргізіп тұрған – құс базары. Күн жаумай су болатын өгіз шағалалар, аралда таранып отырған қаздар, суда сүңгіп жем іздеп жүрген барылдауық, қызылтұмсық үйректер, қоғаға бір кіріп, бір шығып тыным таппайтын қасқалдақтар.
Есет осылай бақылап біраз отырды да:
– Е, Құдайым, қанды басың бері тарт! – деп, оқшантайынан гильзаны суырып, оқжатарға салды. Құлағы қайырылған мылтық ұңғысы шеңгел арасынан көлге қарай бағыттала берді. Берірек отырған барылдауықтың ата қоразын көздеп, шүріппені енді басайын дей бергені сол еді, өзінен бес-алты қадам жердегі ажырық үстінен бір мақұлықтың жыбыр еткенін байқап қалды.
Аңшыға тəн жіті назар дереу жаңағы жəндікті іздей бастады. Тағы жыбыр еткенде байқады, жаңағысы – жемтігін аңдыған даланың жабайы мысығы екен. Ала сызықпен көмкерілген сұп-сұр терісі, жарты қарыстан сəл ұзын тұрқы бар неменің түсі салқын көрінді. Есеттің денесі дір еткендей болды. Өзіне-өзі ашуланып, жанары бұлдыраған аңшы:
– Өй, əкеңнің! – деді де, нысананы жобалап, шүріппені басып қалды.
Дəрі исі мүңкіп, айналаны шошыған құстардың қиқуы басып кетті. Жандəрмен жағаға атып шыққан аңшы атқан оғы мəліннің екі артқы аяғын сындырғанын көрді. Жүрегін шайлықтырған зəлім неме екі көзін бұған қадап, екі аяғын сүйреткен қалпы тура салды. Мысықтан мұндай айбат күтпеген аңшы абдырап қалды. Жалма-жан оқжатарды ашып, екінші қайтара оқтайын деп еді, қырсықты көрмейсің бе, алғаш оқтағанда қара басып, ісінген оқ салған екен. Ісінген гильзаны суырмақ болған əрекетінен түк шықпады.
Қан сорып, жүрегі қатып кеткен тағы неме қаймығар емес, бұл шегінген сайын арақашықтықты қысқартып келеді.
Қасқыр екеш қасқырдан мұндай қарсылық көрмеген аңшы тұла бойы түршігіп, қара терге түсті. Арты қалыңға тақап қалғанда шұғыл шешім қабылдап, оқжатарды тарс еткізіп жапты да, мылтықтың дүмімен жаралы шұбар мысықты шекесінен қойып кеп қалды. Жаралы байғұс сылқ түсті.
– Уф! – деп демін алған Есет өзінің мысықтан қорқып, қара терге түскенін ойлап, күліп жіберді.
Кейіннен осы оқиға аңшының аузынан тастамас əңгімесіне айналды. Даланың қызығы, аңшының көрген қызығы таусылған ба, сірə!
Әділет МӘДЕНИЕТ,
№101 мектеп-лицейінің
11-сынып оқушысы.