
Жас шебер Дәулет Тойшыбаевты өз ісінің маманы ретінде қызылордалықтардың басым бөлігі таниды. Сегіз қырлы бір сырлы жігіт қиялынан туған бейнені заматында әйнекке түсіреді, құммен сурет салады. Шәкірт тәрбиелеп, шеберлік сыныптарын ұйымдастырады, көрсем-білсем дегендерге үйретуден жалықпайды. Қоғамдық шараларда белсенді. Түрлі қайырымдылық жәрмеңкелерінің басы-қасынан табылып, салған дүниесін сатылымға шығарады. "Мейірімділік әлемді құтқарады” деп есептейтін кейіпкерімізді әңгімеге тартқанда ол қазір қала орталығынан жеке шеберхана ашқанын, ондағы үйірмеге келушілердің көбі осы өрнектеудің өзгеше түріне қызығатынын айтты.
– Кескіндеме өнеріне жасымнан құмарттым. М.Мәметова атындағы педагогикалық колледждің өнер бөлімін, кейін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да білімімді жетілдірдім. Бастапқыда майлы бояумен жұмыс істейтінмін. Бір күні ғаламтор желісінен шыны бетінде кескіндеушілерді байқап қалып, ерекше әсерге бөлендім. Маған шабыт сыйлаған осы нәрсе. Оны бүге-шүгесіне дейін үйренуге, әр сәтті қалт жібермеуге тырыстым. Осылайша, жаңа дүниеге қанық болдым, сурет салуға ыңғайлы құм іздеп, Қамбаш көлінен алдырдым. Қазір осы әдіспен сурет салып жүргеніме 5 жылдай болды. Той-думан мен мерекелік кешке шақырушы көп. Жарнама саласының мамандары қызығып жатады. Түрлі тақырыптағы роликтерді көрсетуде де осы өнер пайдаланылады. Жастар жаңаға ұмтылады деген рас. Үйірмеге келетін осы буынның өкілдері, – дейді Дәулет.
Қылқалам шебері құмсурет үп еткен желден, бір тамшы судан да бұзылып сала беретініне тоқталды. Ол осынысымен де құнды. Сондықтан салынатын сурет мезетінде фотоаппаратқа түсіріліп, я болмаса, бастан-аяқ бейнекамераға жазылатын көрінеді. Өкініштісі, оны тек осылай сақтауға болады. Үстіне пленка қойып, мейлінше ұзақ мерзімге сақтайтындар бар. Алайда бұл тәсіл көп қолданылмайды. Құм қасиетінің көндігуі екіталай. Балалардың дұрыс жетілуіне де септігін тигізеді. Психолог мамандар құммен сурет салудың әсері мол екенін әлдеқашан дәлелдеген.
– Суретті шыны бетінде бейнелеу арқылы ішкі сырды ақтаруға болады. Себебі құм түйіршіктері бойдағы жасушаны оятып, жүйке жүйесін тыныштандырады. Өзіңе деген сенімділікті арттырып, қиындықпен күресуге көмектеседі. Бұл дәлелденген. Сондықтан үйірмеге бала¬сын әкелетіндер көп. Жұмыс барысында біз құмнан өзге жарма, кофе, тұз секілді ұнтақ заттарды қолданамыз. Саусақпен өріліп, әйнек бетіне құмның көмегімен бейнеленген туындылар тылсым өнердің құдіреттілігін танытпай қоймайды. Жұртшылықтың бейнелеуді киелі өнерге балайтыны содан, – дейді кейіпкеріміз.
Батыс елдерінде кең қанат жайған, Қазақстанда, оның ішінде Сыр елінде енді ғана дами бастаған құммен сурет салу өнерінің осындай қыр-сыры бар. Бір сөзбен айтқанда, ол – әрі кәсіп, әрі өнер, әрі дерттің шипасы. Құм терапиясының негізін қалаушы швейцариялық психолог Дора Кальф та "Құмға салынған сурет – адам жан-дүниесінің бір көрінісі” деп бекер айтпаса керек.