Ұстаздың шырағданы сөнбейді

Ұстаздың шырағданы сөнбейді«Сағыныш... Баланың анаға деген сағынышы әсте де суымайды екен» деді Еркін Ақшалов терең күрсіне. «Тоғыз жасымда бақилық болған Рысалды анамның аяулы бейнесі әлі күнге дейін көңілімде. Жылдар алыстаған сайын жүрек түкпіріндегі анаға деген сағынышым арта түскендей. Асқар таудай әкеміз бен ана орнына ана болған Рәзия Қауынбекқызы бізді қатарымыздан кем қылмай өсірді. Бірақ анаға деген сағыныш есейіп кетсең де өшпейді екен. Қайран анам тірі болғанда биыл жетпіс жасқа келер еді...» деді Еркін інім. Бұл перзенттің көңіл төріндегі аяулы анасына деген іңкәрлігі мен сағыныштың шынайы көрінісі еді.
Рысалды Нұржанова 1947 жылы Сырдария ауданының Жетікөл ауылдық кеңесіне қарасты Қызыл ту колхозында дүниеге келген. Аманкелді ауылындағы В.Ленин атындағы №42 орта мектептің табалдырығын аттады. Әкесінің қызмет ауыстыруымен отбасы Қызылордаға қоныс аударды. Орта мектепті осында бітірді. Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша түлегі. Еңбек жолын өзі табалдырығын аттаған ауыл мектебінен бастады. Жасқа тән алғырлығымен, жаңашылдығымен көзге түсті. 1971 жылы Кенжебай Ақшаловпен шаңырақ көтерді. Өнегелі отбасына айналып, төрт перзент сүйді. Бағдат, Жанат, Еркін, Ержан бүгінде жоғары білімді, үйлі-баранды.
Отағасы көршілес Жетікөл ауылына қызмет ауыстырып, Рысалды Нұржанова осындағы А.Макаренко атындағы №174 орта мектепке жұмысқа орналасты. 1976 жылы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары және қоғамдық негізде партия ұйымының хатшысы қызметін қоса атқарды. Өмір талабына қарай 1982 жылы Жетікөл ауылы өз алдына ауылдық округ болып құрылды. Аудан басшылығының таңдауымен жаңадан құрылған ауылдық кеңес төрайымы боп Рысалды Әләйдарқызы тағайындалды. Елдің жайын жақсы білетін ол ауыл мәдениетін көтеруге мән берді. Денсаулық, білім, байланыс салаларының өрістеуіне ден қойып, кітапхана, клуб жұмыстарын жандырды. Ауыл адамдарының әлеуметтік дамуына, өсуіне, жеке тұлғалар арасында егін мен мал басын арттыра түсу жақтарына барынша көңіл бөлді. Ауыл тұрғындарының қалаған аумаққа егін егуіне жағдай жасады. Ал жекелер үшін мал жайылымы мен шабындықтарының мәселелерін дер кезінде шешуге күш-жігерін салды. Мемлекетке жеке секторлардан ет, сүт, жүн жинап тапсыруды ұтымды ұйымдастыра білді. Салық пен қамсыздандыру жинауды да ыждағатты жүргізді. Көшелерге аяқсу жеткізіп, көптеп көшет отырғызуға ықпал етті. Сөйтіп, ауыл екі жылдың ішінде абат баққа айналып шыға келді.
Барынша адал қызмет еткен Рысалды Нұржанова 37 жасында ауыр науқастан дүние салды. Адал жар, қамқор ана, іскер әйелдің еңбегі бүгінде ауыл жұртының есінде.
 
 
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 ақпан 2017 г. 598 0