
Бүгін «Ынтымақтастық іскерлік жөніндегі Қазақстан-Кәріс орталығы» АҚ директоры Ву Джонг Хи Сыр еліндегі бірлік пен татулықтың мекеніне айналған Достық үйінде болды. Ол іссапар барысында Сыр еліндегі кәріс диаспорасымен жүздесті. Кездесуге облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Уәлихан Ибраев, «Қызылорда кәрістер қауымдастығы» облыстық филиалының ардагерлері мен белсенді мүшелері қатысты.
Ең бірінші олар Достық үйінің музейін аралап, ондағы этнос өкілдерінің бірнеше ғасырлық тарихы, мәдениетімен танысты. Облыста этносаралық келісімді нығайту саласында этномәдени бірлестіктер мен азаматтық институттардың өзара қарым-қатынасына ерекше көңіл бөлінгендігі белгілі. Осы орайда, акционерлік қоғамның директоры Ву Джонг Хи іссапарының мақсатымен бөлісіп, алдағы уақытта кәріс этнос өкілдерімен жиі кездесіп тұратындығын ескере кетті.
Жылы жүзді кездесу барысында облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Л.Төрешова кәрістердің бір шоғыры Сыр өңірінің Қармақшыдағы III Интернационал мен Шиелі ауданындағы Авангард ауылында тұрып жатқандығын, бұрыннан кәсіппен айналысып, диқаншылықтың көзін тауып, бақшаны жайнатып, күрішті тербелтіп отырған еңбекқорлығын айтып өтті.
Кездесуде кәріс диаспорасының ардагерлері қазақ және кәріс халқының салт-дәстүрі бірдей екендігін, дос көңілмен араласып, құда-жегжат болып біте қайнасып, ынтымақты өмір сүріп жатқандығын айтып өтті. Сондай-ақ, акционерлік қоғамның директоры Ву Джонг Хидің ілтипаттылығына ризашылығын білдірді.