
Саппорода өтіп жатқан қысқы Азия ойындарының екінші жарыс күнінен кейін Қазақстан 4-орынға тұрақтады. Біздің еншімізде әзірше жалғыз күміс медаль бар. Шаңғышы Елена Коломина спринтте мәре сызығын екінші болып кескен еді.
Чемпион – Қытай спортшысы Данадан Ман. Конькиші Роман Креч бес жүз метрлікте төртінші орынға тұрақтады. Мұнда да аспан асты елінің өкілі Тинь Ю Гао озды. 5 мың метрге жүгірген Дмитрий Бабенко бесінші нәтиже көрсетті. Шорт-тректе Еркебұлан Шамуханов та бесінші тұр. Мың жарым метрлікте бақ сынаған Еркебұлан жүлдеге ілінбеді. Хоккейші қыздарымыз Қытайдан 3:8 есебімен ұтылды. Керлингті меңгерген жігіттер Катарды жеңді. Есеп – 12:4. Бейресми командалық есепте жиыны он төрт медальмен, оның алтауы алтын, Оңтүстік Корея топ бастады. Он екі медаль жеңіп алған жапондар екінші тұр. Қытай – үшінші.