Бүгінгі күндері Қызылорданың «Қайсары» Түркияның Анталия қаласында екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл жайында футбол клубының баспасөз қызметі хабарлайды.
Жылдық үзілістен кейін үздіктер қатарына қайта оралған команда жаңа маусымда жоғары жетістіктерге қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Осы мақсатта бапкерлер құрамы жұмыс жасауға мән берген. Олар сынақтан өтуге келген футболшылардың шеберлік деңгейін таразыға тартып, команда құрамын жасақтауға көңіл бөлді.
Қазір оқу-жаттығу жиынына 32 футболшы қатысуда. Олардың арасында 9-ы былтырғы жылы «Қайсардың» намысын қорғаған ойыншылар саналады. Атап айтқанда, мұндай ойыншылар қатарында қақпашылар – Кирилл Прядкин, Ахмет Алайдаров, Ерәділ Тілеуов, қорғаушылар – Серік Сағындықов, Сүйіндік Көшеков, Думан Нәрзілдаев, Магамед Узденов, шабуылшылар – Жасұлан Молдақараев пен Елжас Алтынбеков бар.
Аталмыш оқу-жаттығу жиын барысында «Қайсар» төрт жолдастық кездесу өткізу жоспарлап отыр. Ертең, 8 қаңтарда Түркияның «Карагумрук» командасымен кездессе, 11 қаңтарда Ресейдің Саранск қаласының «Мордовия» клубымен жасыл алаң төрінде шеберлік байқасады. Ал жерлестеріміз 14 қаңтарда Бразилияның «Моги Мирим», 18 қаңтарда Ресейдің Нижний Ноогород қаласының «Волгасымен» ойнайды. Естеріңізге сала кетелік, екінші оқу-жаттығу жиыны 19 қаңтарға дейін созылады.