Үстіміздегі жылғы қаңтар айында Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын бүгінгі таңда барша қазақстандықтар болашаққа жасалған бағдаршам деп біледі. Ұлт Көшбасшысы осынау стратегиялық маңызға ие құжатта егемен ел атанғаннан бергі табыстарымыз бен жетістіктерімізді бағамдап, «Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылық назарына ұсынды.
Иә, Жолдаудың тағы бір ерекшелігі, білім саласына басымдық берілуі еді. Нақтырақ тоқталсақ, ел Президенті: «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет. Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін.
Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз»-деген сөзі барша қазақстандықтардың кемел келешекке деген сенімін маздатты.
Дамет ӨТЕБАЕВА,
№87 орта мектептің мұғалімі.
Арал ауданы, Сексеуіл кенті.