Колледжде 10 мамандық игерілуде

Мемлекет басшысы Жолдауында болашақ болжамының нақтысын  айтты: «Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет». Міне, осы сөз саптаудан-ақ,  шет жердегі орта арнаулы оқу орындарына қойылар талаптың салмақтана түскендігін аңғарар едік. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Шиелі ауданындағы Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің жұмысымен бірқатар БАҚ өкілдері келіп танысты.
Колледж директоры Мейрамхан Дүйсенов Президент Жолдауына сай қысқа мерзімде оқытып, аталған оқу орнында жергілікті өндіріс орындарымен кәсіпорындарға қажетті маман дайындап жығарудың кәзіргі жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, мұнда 10 мамандық бойынша 450-ге жуық студент білім алып келеді. Оның 256-ы аудандағы елді мекендерден қатынаса, қалғаны аудан орталығының жеткіншектері. – Біздегі бір ерекшелік – маман дайындау ісінде теория мен тәжірибені ұштастыруымыз, –дейді оқу орнының басшысы. – Осы орайда аудан көлеміндегі уран және тау-кен ісіне қатысты басқа да кәсіпорындармен жанды байланыс орнатқанбыз. Мұның өзі студенттеріміздің өндіріс орнының басында, мамандығына сай тәжірибе жинақтауына игі әсерін тигізіп келеді. Көптеген түлек мамандыққа сай жұмысқа орналасып, мақтаулылар қатарына ілікті. Тіпті бір шәкіртіміз жуырда инженер лауазымына көтерілді. Бұл ұстаздар қауымының мерейін өсіреді.
Айтса айтқандай-ақ, әрбір жеткіншектің, кәсібі қазіргі өмір талабына сай келмейтін ересектердің де жаңа мамандықты игеруіне бұл жерде жағдай жасалған. Кеңестік кезде салынған 4 қабатты ғимараттар сол күйі сақталып, білім ошағының жұмысын одан әрі жандандыруға қызмет жасап тұр. Әрине, ұжым басшылығы өз іс-әрекетімен ғимараттардың жақсы сақталуына көңіл бөліп келеді. Дегенде, мұны әрі қарай өрістетуге қомақты қаржы керектігі де белгілі болды. Бір сүйсінерлігі, оқу орнының аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, кәсіпорындарға қажетті мамандықтарды дайындауы қолға алынғандығы. Яғни, сұранысқа сай маман даярлау ісі көп қажеттіліктерді өтейді деген сөз.
Колледжде білікті мамандар еңбек етеді. Мәселен, Қанат Тәжимов 12 жыл мұнай саласында қызмет жасаған тәжірибелі маман. Ол жастарды мұнай және газ мамандығына даярлау барысында жаңашыл еңбек етіп келеді. Қалдыбай Ақшалов компрессор, құрылыс, жол және жер асты қазба байлықтарын қалай игеруді үйретеді. Физика пәнінен өз саласының білгірі Әсия Жолдасова сабақ берсе, химиядан Үміткүл Аңламасова дәріс беріп жүр. Олардың жанкешті еңбегі шәкірттердің үлкен өмірге жолдама алған соң кәдеге асуда. Бұл туралы олардың өздері оқу орнының қабырғасына арнайы келіп, алғыстарын жаудырып жататындығы дәлел.
– Қалай айтқанда да, жастарымыздың орыс тілі мен ағылшын тілін жете меңгеруі олардың болашақта еркін білім алуы мен өмірдегі орнын табуына көмектеседі. Бұл туралы Елбасы өзінің биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында айрықша атап көрсеткен. Осы тапсырмаға сай колледжде ағылшын тілін Кенжегүл Тұрғанбаева мен Бақытгүл Құлақметова оқытады. Сол секілді қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Лиза Рақымберді де мақтауға лайық, –дейді директор Мейрамхан Дүйсенов.
Шиелі индустриалды-агро колледжінің бір күнгі білім беру жағдайымен таныса жүріп, мұнда талапқа сай оқу процесі мен тәрбиелік жұмыстардың қатар жүргізіліп келе жатқандығын аңғардық. Сонымен қатар арнаулы оқу орнының ұжымы жергілікті атқарушы орынмен бірлесе жұмыс ұйымдастыруда да тапқырлық танытып отыр. Өз кезегінде жергілікті әкімдік де өз тарапынан қамқорлығын аямайды. Бұл екі жаққа да тиімділігін көрсетіп келеді.  
Иә, бір кәсіпті жете меңгермей, бәсекелестікке қабілетті болу мүмкін емес.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 ақпан 2017 г. 867 0